Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Ақтөбе тұрғындары шіркей қаптағанына шағымданып жатыр: жәндіктер көшеде, аула мен саябақта үймелеп, көзге, мұрын мен ауызға кіріп, киімге жабысады. Әкімдік мәселе барын растап, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатқанымен, шіркейдің жаппай пайда болуының нақты себебін әзірге түсіндіре алмай отыр, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ақтөбеде тұрғындар шіркейден көз аша алмай отыр. Жәндіктер көшеде, аулада, саябақ пен гүлзарда қаптап кетті. Әсіресе ағаш маңында өте көп. Үйден шыға қалсаң, үймелеген шіркей қоршап алады. Жәндіктер көзге, мұрын мен ауызға кіріп, бет пен киімге қонады.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Ақтөбеліктер үнемі қол сермеп жүруге мәжбүр. Шіркей айналып ғана ұшпайды, киімге жабысып қалады. Жәндіктер әсіресе ақ түсті киімде қатты байқалады. Тұрғындардың айтуынша, дүкенге барып келгеннің өзінде немесе серуендеп келген соң оларды киімнен сілкуге тура келеді.
"Бұл мүмкін емес! Аулаға шықсаң болды, олар бірден бас салады. Қызым бүгін мектепке ақ блузкамен барған еді, сабақтан кейін бүкіл киімі дақ болып қайтты. Жабысып алады. Өлтірсең - дақ қалады", - деп шағымданады қала тұрғындары.
Тұрғындардың сөзінше, бұл Ақтөбе үшін жаңа мәселе емес. Шіркейдің жаппай қаптауын олар бірнеше жылдан бері, негізінен қыркүйек пен қазанда байқап жүр. Бұл ретте әр маусым сайын баяғы сұрақ туындайды: жәндіктер неге көп және қаланы залалсыздандыру қаншалықты тиімді?
Әкімдік күз басталғалы шіркей көбейгенін растап отыр. Ондағылар аумақтар кезең-кезеңімен өңделетінін айтады. Дегенмен мамандар бұл жаппай қаптаудың нақты себебін әзірге атай алмай отыр. Жәндіктер санына температураның күрт өзгеруі әсер етуі мүмкін деген болжам бар.
"Иә, расында да, күз басталғалы Ақтөбеде шіркей көбейді. Біз учаскелерді өңдеп жатырмыз. Кеше қаланың екі бөлігінде жұмыс жүргізілді, бүгін жалғастырамыз. Залалсыздандыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бірақ олардың пайда болу себебін нақты айта алмаймыз. Бәлкім, күн суытып, артынша температура күрт көтерілген соң шыққан болуы керек", - деп хабарлады Ақтөбенің Алматы ауданы әкімі аппараты ТҮКШ бөлімінің бас маманы Жәдігер Балтабай.
Биыл жәндіктермен күреске бюджеттен 15 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Бұл сомаға аумақтарды шіркейден тазарту жұмыстары да кіреді. Алайда тұрғындарда заңды сұрақ туындайды: егер бұл жағдай жыл сайын қайталанса, мәселе неге әлі күнге дейін шешілмей келеді?
"Қыркүйек пен қазанда жыл сайын осындай "әскер" пайда болады. Олар бәрібір ұшып, бізді мазалап жүрсе, қалай күресіп жатыр? Әсіресе ағаштардың астымен өту мүмкін емес", - дейді Ақтөбе тұрғындары.
Фото Tengrinews.kz
Ақтөбеліктер залалсыздандыру жеткіліксіз деп есептейді. Олардың пікірінше, алдымен осы кезеңде қаланы не себепті жәндіктер басатынын анықтау қажет.
"Салдармен емес, себеппен күресу керек. Қыркүйек жаңбырлы болған жоқ, биыл су тасқыны да болмады, сондықтан ылғал жоғары деп айта алмаймыз. Демек, мәселе басқада. Әкімдік бұл мәселенің тамырына балта шабу үшін неге себебін анықтамайды?" - дейді жергілікті тұрғын Людмила Гуценко.
Мамандар залалсыздандырып жатқанда, ақтөбеліктерге маусымдық қолайсыздыққа төзуге тура келеді. Әкімдік тұрғындардан жағдайға түсіністікпен қарауды сұрап, дезинсекциялық жұмыстарды жалғастыруға уәде берді.
“Алматыда шіркей қаптады“: әкімдік жәндіктер қайдан шыққанын анықтап жатыр
Бұған дейін алматылықтар қаланың түрлі ауданында шіркей қаптағанына жаппай шағымданғанын жазған болатынбыз. Әлеуметтік желілерде қала тұрғындары үймелеген жәндіктер түсірілген видеоларды жариялап, биліктен бұл мәселеге назар аударуды сұрады. Адамдар шіркейдің кесірінен көшеде, әсіресе кешкі уақытта серуендеу қиындап кеткенін жазды. Көбі жәндіктер ақ түсті киімге үймелейтінін, ағаштар мен арықтардың маңына жиналатынын айтты. Сарапшылар Алматыда шіркейлердің маусымдық көбеюі жыл сайын болатынын түсіндірді. Олардың айтуынша, қыстың жылы болуы мен көктемнің ылғалды өтуі жәндіктердің дамуына қолайлы жағдай жасайды.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу