“Олардың арасында ұлымыз бар жоғын білмедік“ Каспий трагедиясынан аман қалған сарбаздың әкесі алғашқы сағаттар туралы айтты

25.09.2026

Tengrinews.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Каспийдегі қайғылы оқиға кезінде аман қалған әскери қызметшілердің бірінің әкесі ұлының жағдайы және отбасы оқиға туралы қалай білгені жайлы айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

19 жастағы Ақжол Темірәлиев қазір ауруханада жатыр. Әкесі Тимур Қыдырниязовтың айтуынша, оқиғадан кейін жігіт жансақтау бөліміне жеткізілген, алайда қазір оның жағдайы жақсарған.

"Қазір жағдайы жақсы, Құдайға шүкір. Палатаға ауыстырды. Анасы жанында. Сондай-ақ басшылықпен де сөйлестік. Бізге: "Жанында бола аласыздар, ешқандай кедергі жоқ. Ата-анасы ретінде қасында тәулік бойы бола аласыздар", - деді. Бұл жағынан ешқандай мәселе жоқ", - деді Тимур Қыдырниязов.

Оның сөзінше, 24 қыркүйек күні кешке ұлына кірген кезде, ол есін жиған және сөйлеп жатқан. Ақжолдың нақты қай уақытта ес жиғанын әкесі білмейді: оған дейін сарбазға басқа туыстары келіп кеткен.

"Жансақтау бөлімі" дегенді естігенде, әрине, қорқасың. Қандай күйде екен деп уайымдайсың. Бірақ оны көргенімде, есін біліп жатыр екен. Жағдайың қалай дегенімде, ол: "Құдайға шүкір, бәрі жақсы", - деп жауап берді", - деп еске алады әкесі.

Аман қалған сарбаздың әкесі - Тимур Қыдырниязов. Фото Tengrinews.kz

"Әлеуметтік желіден білдік"

Тимур Қыдырниязовтың айтуынша, бастапқыда отбасына құтқарылғандар арасында Ақжолдың бар екені және оның жансақтау бөліміне түскені туралы хабарланбаған.

"Маған ешкім хабарласқан жоқ. Әлеуметтік желіден білдім. Алдымен оның менің ұлым екенін нақты білмедім. Үш сарбаздың аман қалғаны, біреуі жансақтау бөлімінде жатқаны туралы ақпарат шықты. Жасына қарап, бұл біздің балалар - 19-20 жастағы жас сарбаздар екенін түсіндім. Бірақ арасында біздің ұлымыз бар-жоғын білмедім", - деді ол.

Сол сәтте ол жұмыста болған. Жаңаөзеннен шығып, жолда келе жатқанда әскери қызметшілердің тізімі жарияланғанын көрген.

Тимур Қыдырниязовтың сөзінше, отбасы телефон арқылы нақты ақпарат ала алмаған.

"Жолда келе жатқанда ешқандай нақты мәлімет болмады. Бәрін тек әлеуметтік желіден біліп отырдық. Тіпті кімге хабарласарымызды білмедік. Әскери бөлімге хабарлассаң - тұтқаны алмайды. Екінші жағынан, мұндай жағдай болғанда олардың өздерінде де нақты ақпарат болмауы мүмкін. Бірдеңе білгің келсе, өзің баруың керек екенін түсіндім", - дейді әскери қызметшінің әкесі.

"Оқу-жаттығу өткізбеу керек еді"

Ақжолдың әкесі оқу-жаттығу өткен жағдайларға қатысты да пікір білдірді. Оның айтуынша, отбасы сарбаздардың бұл шараға қатысатынын алдын ала білмеген.

"Ауа райын көріп тұрып, әскери қызметшілерді оқу-жаттығуға шығаруға болмайтын еді. Қандай жаттығу болса да, оны мұндай жағдайда өткізбеу керек еді. Бәрін алдын ала ескеру қажет еді. Біз қасында болмағандықтан, бәрінің қалай болғанын нақты білмейміз. Бірақ жеке өз басым оқу-жаттығуды өткізбеу керек еді деп есептеймін", - деді Қыдырниязов.

Сонымен қатар, әкесі ұлынан оқиғаның мән-жайын әлі сұрамаған. Оның айтуынша, ол Ақжолды трагедия туралы сұрақтың астына алғысы келмейді.

"Қазір ұлыма артық сұрақ қоймаймын. Бір жыл бірге болған жақын достары қаза тапты, мұның бәрін ол өзі де естіп жатыр. Сондықтан болған жайт туралы тергегім келмейді. Ол бәрін өзі де біліп, түсініп отыр ғой", - деп түсіндірді ол.

Ақжол Темірәлиев 19 жаста. Әкесінің айтуынша, қазанда ол қызметін аяқтап, үйіне оралуы керек болған.

Бұған дейін Ақжолдың судан жүзіп шығып, жарты сағат бойы досын іздегені хабарланған болатын. Сарбаз аман қалған үшеудің ішінде ауруханаға жатқызылған жалғыз адам болды.

“Психологиялық көмек көрсетіліп жатыр“ - дәрігер Ақтаудағы оқиғадан аман қалған адамның жағдайы туралы

Айта кетейік, Ақжол Темірәлиев оқиғадан кейін ауруханаға жеткізілген жалғыз сарбаз болды. Бүгін, 25 қыркүйекте ол жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Қазір онымен психологтар жұмыс істеп жатыр.

Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

TengriNews | Қазақстан жаңалықтары (@tengrinewskz) жарияланымы

Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға

24 қыркүйекте Маңғыстау облысында әскери-теңіз жаттығулары кезінде әскери қызметшілер Каспий теңізінде суға ағып кеткен. Олар оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырмаларды орындап жатқанда, ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген.

Бастапқыда 19 әскери қызметші суға кеткені хабарланған болатын. Кейін Маңғыстау облысының әкімдігі 17 адам екенін нақтылады.

Сонымен қатар бүгін, 25 қыркүйекте екі әскери қызметші - сержант Мансұр Ғұмаров пен матрос Мирас Тұрдыбекұлының денесі табылды. Қайғылы оқиғадан 14 адам қаза тапты.

Қайғылы оқиғаны тергеу үшін үкіметтік комиссия құрылды. Оны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады. Комиссия қайғылы оқиғаның себептерін анықтап, қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсетуі тиіс.

Әскери қызметшілердің қаза болу дерегі бойынша соталды тергеп-тексеру басталды. Бұл туралы Бас прокуратура хабарлады. Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына көңіл айтты. Мемлекет басшысы 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Қорғаныс министрлігі Каспийдегі іздеу операциясының кадрларын көрсетті

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью