Sputnik.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
АСТАНА, 13 ақпан – Sputnik. Қазақстан құрамасы Олимпиададағы алтын медальден кейін жалпы командалық есепте 15-ші орынға шықты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін түнде Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан тарихи жүлде жеңіп алды. Қазақстандық спортшы еркін бағдарламада төрт флипті орындап қана қоймай, үштік аксель мен үш мәрте секіруді шебер жасап шықты.
Соның нәтижесінде ең жоғары ұпайға ие болды. Ал екі бағдарламаның қосындысы бойынша 291,58 ұпаймен алтыннан алқа тақты.
Осы жүлдеден кейін Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірден 15-ші орынға көтерілді. Ұлыбритания да бір алтынмен 15-ші болып тұр. Ал Канада мен Қытай құрамалары бұған дейін күміс пен қола алса да, 17-18-ші орында келеді.
Айта кетері, Қазақстан құрамасы қысқы Олимпиаданың алтынын соңғы рет 32 жыл бұрын жеңіп алған. Сол кезде шаңғышы Владимир Смирнов 50 шақырым қашықтықта оқ бойы озық шыққан.