Өлкедегі өміршең жоба

13.10.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Электр қуаты жеткілікті әрі тұрақты бол­­­­­маса, өндірісті өркендету де, жаңа кә­сіпорын ашу да, инвестиция тарту да қиын. Сондықтан бүгінде өңірлер үшін энергетикалық инфрақұрылымды дамыту – жай ғана техникалық міндет емес, стратегиялық мәселе. Бұл тұрғыдан алғанда, Абай облысында жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған жаңа бастамалардың мәні ерекше.

Жуырда облыс әкімі Берік Уәли China Energy Engineering Group Xinjiang Electric Power Design Institute Co., Ltd компаниясының бас директоры Ма Юн бастаған қытайлық ин­весторлармен кездесті. Басқосуда өңірдің энер­гетикалық әлеуетін арттыру, электр энергия­сы тапшылығын азайту, инфрақұрылымды жетілдіру және жаңа инвестициялық жобаларды жү­зеге асыру мәселелері сөз болды. Қытайлық ком­пания Абай облысында бір емес, екі ірі жо­баны іске асыруды ұсынып отыр. Біріншісі – Жарма ауданындағы Жаңғызтөбе кенті маңында қуаты 100-200 МВт жел электр станциясын салу. Екіншісі – Аягөз ауданының Ақтоғай ауы­лы аумағында күн электр станциясын тұрғызу. Бұл жобалардың екеуіне ортақ бір ерекшелік бар. Ол – өңірдің табиғи мүмкіндігін экономи­ка­лық ресурсқа айналдыру.

Энергия – экономиканың күретамыры

Абай облысының географиялық ерекшеліктері жаңартылатын энергетика үшін айтарлық­тай мүмкіндік береді. Бір аумақта желдің әлеуеті ба­сым болса, енді бір жерде күн сәулесін тиімді пай­далануға болады. Инвесторлардың дәл осы екі бағытқа назар аударуы да кездейсоқ емес. Жар­ма ауданындағы жел электр станция­сы іс­ке қосылса, өңірдің электр өндіру мүмкіндігі кеңейе­ді. Ал Ақтоғай аумағында күн электр с­­танциясының салынуы энергия көздерін әртараптандыруға жол ашады. Әңгіме тек жаңа электр станциялары туралы емес. Мұндай жобалар энергетикалық жүйенің тұрақтылығын арттыруға, электр қуатын өндірудің жаңа моделін қалыптастыруға және болашақта энергия тапшылығы мәселесін жүйелі түрде шешуге ықпал етуі мүмкін.

Әсіресе өнеркәсіптік әлеуеті артып келе жат­қан өңір үшін бұл маңызды. Өйткені жаңа өндіріс орындары пайда болған сайын электр энергиясына деген сұраныс та өседі. Демек, бүгін салынған энергетикалық нысан – ертеңгі экономикалық жобалардың инфрақұрылымдық негізі.

Бұл жерде бір қарапайым заңдылық бар: энер­гия бар жерде – өндіріс бар, өндіріс бар жер­де – жұмыс бар, жұмыс бар жерде өңірдің әл-ауқаты артады.

Жаңартылатын энергетика жобаларының тағы бір маңызды қыры – олардың инвестиция­лық және технологиялық сипаты. China Energy Engineering Group Xinjiang Electric Power Design Institute Co., Ltd компаниясы энергетикалық жүйелерді жоспарлау, инженерлік консалтинг, жо­балау, EPC моделі бойынша жобаларды іске асырумен айналысады. Компанияның құзыре­тіне жел және күн энергетикасы, энергия жинақ­тау жүйелері, электр желілері мен қо­салқы станциялар саласындағы жобалар да кіреді.

Яғни инвесторлардың ұсынысы электр станциясын тұрғызумен ғана шектелмейді. Мұнда энергетикалық инфрақұрылымды кешенді дамыту мүмкіндігі қарастырылып отыр. Қазіргі заманғы энергетикада бұл аса маңыз­ды. Өйткені жаңартылатын энергия көздерінің үлесі артқан сайын электр энергиясын жинақтау, тасымалдау және жүйеге тұрақты қосу мәселелері де қатар шешілуі керек. Сондықтан Абай облысы үшін мұндай жобалар жаңа технологияларды тартудың, инженерлік тәжірибені дамытудың және энергетика сала­сындағы жергілікті кадрлардың біліктілігін арт­тырудың мүмкіндігі болмақ.

Тапшылықтың түйінін тарқату керек

Энергетикалық қуатты алдын ала қалыптастыру – көреген саясаттың белгісі. Абай облысының алдында да дәл осындай мін­дет тұр. Бір жағынан, экономикалық белсенділікті арттыру керек. Екінші жағынан, сол экономикалық өсімді қамтамасыз ететін энергетикалық базаны күшейту қажет. Жел мен күн электр станциялары осы міндеттің бір бөлігін шешуге мүмкіндік береді. Әрине, кез келген ин­вестициялық жобаның нақты тиімділігі тех­никалық-экономикалық есептеулерден, қажетті инфрақұрылымның дайын болуынан, экологиялық талаптардың сақталуынан және электр желісіне қосылу мүмкіндігінен кейін ай­қындалады. Бірақ бүгінгі ұсыныстың өзі өңір­дің энергетикалық әлеуетіне деген инвестор қы­зығушылығының бар екенін аңғартады. Ал инвестиция – сенімнің бір көрсеткіші.

Энергетика саласындағы ірі жобалардың әсері электр энергиясын өндірумен ға­на шек­тел­мейді. Құрылыс кезеңінде жұ­мыс орындары ашылады. Жергілікті мер­дігерлер мен қызмет көрсетуші кәсіп­орын­дарға сұраныс артады. Инженерлер, энергетиктер, техникалық мамандар қажет болады. Нысандар іске қосылғаннан кейін де тұрақты қызмет көрсететін мамандар ке­рек.

Демек, жаңартылатын энергетика – жаңа кә­сіптер мен жаңа құзыреттердің қалыптасуы­на ықпал ететін сала. Бұл әсіресе ауылдық елді мекендер үшін маңызды. Жаңғызтөбе мен Ақто­ғай секілді аумақтарда ірі жобалардың жүзеге асуы жергілікті экономикалық белсенділікті арт­тырып, инфрақұрылымның дамуына серпін беруі мүмкін. Сондықтан инвестициялық жо­баның тиімділігін тек миллиардтаған қаржы кө­лемімен емес, оның өңірге әкелетін технологиясымен, жұмыс орнымен және ұзақмерзімді экономикалық әсерімен өлшеген жөн.

Әлемдік энергетика бүгінде жаңа кезеңге аяқ басты. Климаттың өзгеруі, энергия ре­сурстарына сұраныстың өсуі және техно­ло­гия­лық жаңғыру елдерді жаңартылатын энер­гия көздерін дамытуға итермелеп отыр. Қа­зақстан да бұл үдеріс­тен тыс қалмайды. Абай облысының жел мен күн энергетикасына басымдық беруі – осы жаһандық үрдістің өңірлік деңгейдегі көрінісі. Ең бастысы, жасыл энергетиканы дамыту экономикалық өсімге кедергі емес, керісінше оның жаңа драйверіне ай­налуға тиіс. Бұл бағыттағы жобалар сәтті жү­зеге асса, облыстың энергия өндіру әлеуеті ар­тып, энергетикалық жүйенің тұрақтылығы кү­шейеді. Сонымен бірге өңірдің инвестиция­лық тартымдылығы да жоғарылай түспек. 

Ал энергиясы тұрақты, өндірісі өркендеген, ин­вес­тициясы артқан өңірдің қуатты Қазақстанның берік тірегіне айналары сөзсіз.

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,

Абай облысы

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью