Олжас Бектенов қысқа дайындықтың бұзылуы үшін жазаланатынын ескертті

25.08.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Премьер-министр Олжас Бектенов жылыту маусымына дайындық кезінде нысандарды жөндеуді кешіктірген немесе сапасыз атқарған басшылардың жауапкершілігін қарауды тапсырды. Бұл туралы ол бүгін үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Премьердің сөзінше, жылыту маусымының басталуына бір айға жуық уақыт қалды, алайда бірқатар өңірде жөндеу жұмыстарын мерзімінде аяқтамау қаупі бар.

Атап айтқанда, мұндай тәуекелдер Көкшетау, Теміртау және Жезқазған қалаларында байқалады. Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында жылу желілерін жөндеу қарқыны төмен.

"Энергия көздерін жөндеу мерзімін ұзарту жағдайлары әлі де жалғасып келеді. Бұл - орындаушылық тәртіптің төмендігі мен іс-шаралардың уақытылы қабылданбағанын көрсетеді", - деді Бектенов.

Ол Энергетика министрлігіне әрбір осындай факт бойынша әкімшілік шаралар қолдануды, сондай-ақ жөндеу науқанын кешіктірген немесе үзген басшылардың жауапкершілігін қарауды тапсырды.

Олжас Бектенов энергетика нысандарын қысқа дайындау бойынша өңірлік штабтардың жұмысын да сынға алды. Оның айтуынша, кейбір аймақтарда бұл жұмыс тек есептерді тыңдаумен ғана шектеледі.

"Жылыту маусымына дайындық барысына бұлай салғырт қарауға болмайды. Атқарылып жатқан жұмыстарды тұрақты бақылауға алып, нақты шешімдер қабылдау қажет", - деді премьер-министр.

Сонымен қатар, министрлер кабинетінің басшысы энергия кәсіпорындарының жылыту маусымына дайындық паспорттарын алу жұмыстары басталғанын еске салды. Осыған байланысты ол әкімдерге энергетика нысандарының дайындығын бағалау жөніндегі комиссиялардың жұмысына жеке қатысуды, энергия көздерінің, жылу және электр желілерінің жай-күйін ұдайы тексеріп, жөндеу барысын бақылауды тапсырды.

"Әзірлік паспортын алмай тұрып, жылыту маусымын бастап кететін болса, тиісті басшылар жауапкершілікке тартылады", - деп ескертті ол.

Тағы оқыңыз: Бес ЖЭО “қызыл“ аймақта: Қазақстан қысқа қалай дайындалып жатыр?

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью