Олжас Бектенов Самұрық Қазынаға Президент тапсырмаларын жедел орындауды тапсырды

30.06.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Олжас Бектенов Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттерді жедел орындаудың маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы елдің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша күш-жігерді арттыруды тапсырды. Президент экономикалық өсу, көлік-логистикалық, энергетикалық және цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша міндеттер қойды. Еліміздің инфрақұрылымдық қаңқасын нығайту жолында "Самұрық-Қазына" қоры да маңызды рөлге ие. Барлық жауапты мемлекеттік органдар, оның ішінде Қор басшылығы мен топтың компаниялары өздерінің күш-жігері мен  ресурстарын барынша жұмылдырып, аталған ауқымды жұмысқа дереу кірісуі қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Директорлар кеңесі отырысының күн тәртібінде Қор қызметінің негізгі өндірістік және қаржылық көрсеткіштері, негізгі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысы қаралды.

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Мемлекет басшысының экономиканы дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Қор соңғы үш жылда жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 35-тен астам инвестициялық жобаны аяқтағанын баяндады. Жаңа энергетикалық қуаттар мен электр желісі инфрақұрылымының нысандары пайдалануға берілді, мұнай-газ саласының нысандары жаңғыртылды, теміржол желілері мен контейнерлік хабтарды қоса алғанда, көлік инфрақұрылымы кеңейтілді. Сондай-ақ халықты ауыз сумен қамтамасыз ету және өңірлерді газбен қамту жобалары жүзеге асырылды.

Қордың мәліметі бойынша биыл жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 16 инвестициялық жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Көлік саласында «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желілерінің құрылысы, «Алтынкөл – Жетіген» және «Бейнеу – Маңғыстау» учаскелерін жаңғырту, Достық – Алашанькоу учаскесінде екінші жолдарды салу, сондай-ақ теміржол учаскелерінде автобұғаттау жүйесін енгізу  көзделген. Мұнай-газ және энергетика салаларында жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін Қашаған кен орнында газ өңдеу зауытын, Air Liquide Munay Tech Gases компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан Павлодар мұнай-химия зауытындағы сутегі өндіру қондырғысының, Алматы ЖЭО-2-нің, Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысының, сондай-ақ ENI компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан гибридті электр стансасының құрылысын аяқтау көзделген. Цифрлық трансформация саласында Қор Қосшы қаласында деректерді өңдеу орталығының құрылысын және Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды аяқтауды жоспарлап отыр. Қазан айында Қосшыда Қордың есептеу қуатын төрт есе арттыруға мүмкіндік беретін жаңа суперкомпьютерлік кластер енгізіледі деп күтілуде. Сонымен қатар Қордың компаниялар тобында бизнес-процестерді автоматтандыру және еңбек өнімділігін арттыру үшін ЖИ негізінде шешімдер енгізілуде.

2026 жылдың басынан бастап он ірі инвестициялық жобаның құрылысы басталды. Олар:

Атырау облысындағы бутадиен өндіру зауыты;

Атырау облысындағы «Полиэтилен» және «Бутадиен» жобаларына арналған инфрақұрылым нысандары;

Екібастұз қаласындағы Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы (ДӨО);

Жамбыл облысындағы Masdar компаниясының қуаты 1 ГВт болатын жел электр стансасы (ЖЭС);

Павлодар облысындағы China Power International Holding компаниясының қуаты 1 ГВт болатын ЖЭС;

Қарағанды облысындағы Energy China компаниясының қуаты 500 МВт болатын ЖЭС;

теміржол инфрақұрылымы нысандарындағы LTE-R стандартты сымсыз байланыс желілері;

Семей және Өскемен қалаларындағы жылу электр орталықтары (ЖЭО);

Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі электр энергиясын есепке алу үшін SMART аспаптарын пилоттық жоба ретінде енгізу.

Отырыста Қордың ұзақмерзімді инвестициялық бағдарламасын іске асыру жоспарлары да қаралды. 2027–2029 жылдары жалпы құны 21 трлн теңге болатын 36 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Олар жаңа энергетикалық нысандардың, оның ішінде жылу электр орталықтары мен жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобалардың құрылысын, электр желісі инфрақұрылымын дамытуды, мұнай-газ және мұнай-газ химиясы салаларындағы ірі жобаларды жүзеге асыруды, сондай-ақ теміржол инфрақұрылымын салуды қамтиды. Басымдықтардың қатарында 5G желісін, цифрлық инфрақұрылымды дамытуды және Деректерді өңдеу орталықтары алқабын құру бар.

Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр «Самұрық-Қазына» басшылығына инвестициялық жобалардың уақтылы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді, олардың мерзімдерінің сақталуына бақылауды күшейтуді, сондай-ақ жобаларды жүзеге асыру кезінде тауарлардағы, жұмыстар мен қызметтердегі жергілікті қамту үлесін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью