Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Фото: primeminister.kz
Форумда Үкімет басшылары, ірі компаниялар мен сарапшылар қоғамдастығының өкілдері бас қосты. Күн тәртібі технологиялық трансформация, инвестициялық ынтымақтастық, цифрландыру, ЖИ және экономикалық өсудің жаңа драйверлерін іздеу мәселелерін қамтиды.
Моңғолия Премьер-министрі Ням-Осорын Учралмен келіссөздер барысында сауда-экономикалық өзара іс-қимылды дамыту, өнеркәсіп кооперациясы, тау-кен металлургиясы және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру және жасанды интеллект, сондай-ақ ғарыштық технологиялар саласындағы әріптестік мәселелері талқыланды.
Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың биыл сәуір айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ екі ел басшылары қойған өзара сауда көлемін 500 млн АҚШ долларына дейін жеткізу жөніндегі шаралар қаралды. Келіссөздер қорытындысы бойынша Олжас Бектенов пен Ням-Осорын Учрал өзара қызығушылық тудыратын экономиканың барлық бағыты бойынша ынтымақтастықты нығайтуға дайын екендерін жеткізді.
Бангладеш Халық Республикасының Премьер-министрі Тарик Рахманмен кездесу барысында сауда және инвестиция, көлік-логистика, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастық мәселесіне назар аударылды. Премьер-министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан және мемлекеттілікті нығайтуға, «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз етуге, Әділетті Қазақстан құруға бағытталған реформалар еліміздің орнықты экономикалық өсуіне, инвестициялық тартымдылығын арттыруға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге қажетті жағдай жасап отырғанын атап өтті.
World Economic Forum президенті және бас директоры Алоис Цвингимен келіссөздер барысында цифрлық трансформация, жасанды интеллект, инвестициялар тарту, адами капиталды дамыту салаларындағы өзара іс-қимыл перспективалары талқыланды. Кездесу барысында Олжас Бектенов Қазақстанның Дүниежүзілік экономикалық форуммен жүйелі сараптамалық әріптестікке көшуге мүдделі екендігін айтты. Сондай-ақ «Бәйтерек» инвестициялық холдингі арқылы ынтымақтастық жасауға дайын екендігін жеткізді.
Еске сала кетейік, форум аясында Олжас Бектенов Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен де кездескен еді.