Омбудсмен: Конституцияда адамның өмір сүру құқығы барынша абсолютті сипатқа ие болды

01.07.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Фото: Мәжіліс

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың айтуынша, адам құқықтарының басымдығы Конституцияның барлық мазмұнына арқау болған.

«Адамды басты құндылық ретінде тану және адам құқықтарының басымдығы идеялары бүкіл Конституцияның мазмұны арқылы көрініс табады. Олар негізгі қоғамдық институттардың барлығына енгізіліп, мемлекет пен азаматтар үшін басты бағдарларды айқындайды. Негізгі заң терең конституциялық жаңғырудың негіздерін бейнелейді және мемлекеттің одан әрі дамуының берік іргетасы болып саналады», деді Артур Ластаев.

Жаңа Конституцияда тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет Кіріспеде адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұлжытпай сақтау қағидаты бекітілді. Сонымен қатар II бөлімнің атауы «Негізгі құқықтар, бостандықтар және міндеттер» болып өзгертіліп, адам құқықтарының басымдығы нақты айқындалды.

Негізгі заңда адамның өмір сүру құқығы ажырамас әрі айырылмайтын құқық ретінде бекітілген. Сондай-ақ өлім жазасына толық тыйым салу туралы қағидат конституциялық деңгейде нақтыланды.

Сөз бостандығы, бейбіт жиналыстар: Тағы 18 заңға өзгеріс енгізіледі

Артур Ластаевтың айтуынша, Конституцияда бекітілген құқықтар мен бостандықтарды тиімді пайдалану әр азаматтан жоғары жауапкершілікті талап етеді.

«Еркіндік пен жауапкершілік арасындағы тепе-теңдік сақталған жағдайда ғана әділетті, құқықтық әрі өркендеген мемлекет құру мүмкін болады. Сондықтан әрбір азамат өз құқықтарын біліп қана қоймай, заңдылықты нығайту мен елдің дамуына үлес қосуы маңызды», деді ол.

Еске сала кетейік, Конституцияда кінәсіздік презумпциясы, бір құқық бұзушылық үшін қайта жауапкершілікке тартуға тыйым салу, өзіне және жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығы, сондай-ақ адамның өз кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті еместігі нақты көрсетілген.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью