Aikyn.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Танымал актер әрі кинопродюсер Рамазан Амантай журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында жеке өмірі мен соңғы кездері бетпе-бет келген қиындықтары туралы ашық айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Әртістің айтуынша, ол ұзақ уақыт бойы өзі туралы жазылған негатив пікірлерді оқып келеді.
— Өзіме қиын болып кеткенін көптен бері сезіп жүрмін. Барлығы салмағым 100 келіден асқан кезде басталды. Ол кезде аса қатты сын болмады, тіпті өзімізше «балақай» деп жүрдік. Кейін келе ауыр сөздер жиілей бастады. Оған да бірте-бірте иммунитет қалыптасты. Бірақ отбасым қатты уайымдайды. Сондықтан көрермендерден, ең алдымен, отбасым үшін артық сөз жазбауды сұраймын, — деді Рамазан Амантай.
Оның сөзінше, артық салмақ күн өткен сайын күнделікті өмірге айтарлықтай кедергі келтіре бастаған.
— Мен үлкен додаға ерте кіріп кеткен шығармын. Продюсерлік жолдың машақаты көп. Күн сайын жүз түрлі мәселемен оянғанда, салмаққа мән бермейсің. Кейде алаяқтарға да тап боласың. Бір апта бұрын жаттығу залына 161,5 келі салмақпен кірдім, қазір 156 килограммын. Яғни, бес келі тастадым. Бастапқыда 70 келі едім, жыл сайын шамамен он келіден қосып отырғанмын. Қазір аяқ киім киюдің өзі қиын, сүйікті киімдерімді кие алмаймын, ұйқым да бұзылған, — деді ол.
Сондай-ақ актер халық арасында тараған түрлі кеңестер мен ұсыныстарға да тоқталды.
— Кейін елдің айтуымен түрлі көріпкелдер мен емшілер хабарласа бастады. Мен шариғатқа сай адамға бардым. Ол кісі «дуаланғансың, сыртқы әсер бар» деді, — деп өз ойын бөлісті актер.