Өмірді сақтайтын технологиялар: №1 аурухана тәжірибесі

13.06.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..

Дәрігерлер жүргізген жан-жақты тексеру­дің нәтижесінде нау­қаста долихосигма диагнозы анықталған. Мамандардың айтуынша, бұл – тоқ ішектің ұзаруымен, оның қызметінің бұзылуымен сипатталатын, асқы­нуға бейім күрделі дерттердің бірі. Хирургтер жағдайды талқы­лай келе, науқасқа операция жасау туралы шешім қабылдайды.

Операция ашық тәсілмен емес, лапароскопиялық әдіспен жүргізілді. Яғни іш қуысы бірнеше нүктеден шағын тіліктер арқылы ашылады.

Хирург Сәбит Байтеміров­тің айтуынша, мұндай әдістің артықшылығы көп. Ең алдымен, операциядан кейінгі қалпына келу кезеңі жеңіл өтеді, асқыну қаупі де азаяды. Операция барысында дәрігерлер тоқ ішек пен тік ішектің сигма тәрізді, яғни S әрпіне ұқсас иілген бөлігіндегі зақымданған сегментті алып тастап, арнайы аппараттың көмегімен қайта тігіп шықты.

Бұрын мұндай операция ашық түрде, іш қуысын толық ашу арқылы жасалып, ішек бөліктері қолмен тігіліп жалғанатын. Ал қазіргі таңда бұл үдерістің басым бөлігін жоғары технологиялық аппараттар атқарады. Дәрігерлердің айтуынша, операцияның күрде­лілігі де, тиімділігі де осы заманауи мүмкіндіктермен тіке­лей байланысты. Осындай аз инвазивті тәсілдерден кейін науқастардың оңалу мерзімі де едәуір қысқарады.

Жоғары технологияға негіз­дел­ген бұл емдеу тәсілдері аурухананың өңірлік клиника­ларға үлгі боларлық деңгейге жеткенін көрсетеді. Мұнда бүгінде операциялардың басым бөлігі заманауи әдістермен орындалады.

Аурухананың осындай дең­гейге көтерілуінің тағы бір се­бебі – тәжірибе алмасу жұ­мы­сының жүйелі жолға қойы­луы. Меморандум аясында «Пре­зи­денттің іс басқармасы меди­циналық орталығының» мамандары Шымкент қаласындағы емдеу мекемелеріне, соның ішінде осы №1 клиникалық ауруханаға жыл сайын келіп, тәжірибе алмасады.

Осы сапарлар барысында бір­лескен күрделі операциялар жасалып, алдын ала жоспарланған науқастарға тегін медициналық көмек көрсетіледі.

«Президенттің іс басқармасы медициналық орталығының» маманы, жоғары санатты гинеколог дәрігер Әділ Әдрешев жұмыс сапары кезінде аурухана ұжымының кәсіби деңгейіне жоғары баға берді. Оның айтуынша, дәрігер өз ісінің шебері ғана емес, сонымен бірге науқасқа жылулық сыйлай алатын, қарапайым әрі мейірімді жан болуға тиіс. Себебі кейде бір жылы сөздің өзі науқас үшін үлкен демеу болады.

Алматыдағы Ұлттық госпи­тальдің нейрохирургия сала­сының аға дәрігері Мақсат Мұсабеков бірнеше науқасқа күрделі эндоваскулярлық операциялар жасап, тамырішілік әдіс арқылы ми қан тамырларын кеңейтуге мүмкіндік берді. Бұл өз кезегінде инсульттің алдын алуға бағытталған маңызды емдік шара болып табылады.

Маманның айтуынша, мұндай операциялар дер кезінде жасалмаса, науқаста инсульт қаупі жоғары болар еді.

Мақсат Мұсабеков №1 ауруха­наның материалдық-тех­­никалық базасын да ерекше атап өтті. Әсіресе «Филипс» компаниясының ангиограф ап­па­­раты ми мен жүрек-қан тамыр жү­йесіне жасалатын опе­рация­лардың сапасын арттыруға зор мү­м­кіндік беріп отырғанын жеткізді.

Дәрігердің айтуынша, кейінгі жылдары инсульт ауруы жасарып келеді. Бұрын бұл дерт көбіне 60 жастан асқан адамдарда кездессе, қазір 18–20 жастағы жастар арасында да анықталып отыр.

Оның пікірінше, мұндай өзгерістің екі негізгі себебі бар: біріншісі – ерте диагностиканың кеңінен енгізілуі, екіншісі – өмір салты мен экология факторлары.

Маман жастардың да, ересек­тердің де дұрыс тамақтан­бауын атап өтті. Майлы, тәтті тағамдар, фаст-фуд өнімдері мен газдалған сусындардың шамадан тыс қол­да­нылуы қан тамырларының біте­луіне әсер етіп, инфаркт пен инсульт қаупін арттыратынын айтты.

№1 клиникалық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Позиловтің мәлімдеуінше, мұндай тәжірибе алмасу іс-шаралары келісім аясында жылына бір-екі рет тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Оның айтуынша, тек орталық мамандар ғана өңірге келмейді, сонымен қатар жергілікті дәрігерлер де республикалық орталықтарға барып, тәжірибе алмасып отырады.

Бақытжан Позилов медицина саласына жасанды интеллект технологияларының да қарқынды енгізіліп жатқанын атап өтті. Мәселен, КТ зерттеулерін талдауда қолданылатын жүйелер инсульттің ошағын, оның көлемін және ықтимал асқыну қаупін алдын ала дәл анықтауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ультрадыбыстық зерттеулер нәтижелерін автоматты өңдеу, медициналық құжат айналымын оңтайландыру, есеп-қисап жұмыстарын жеңілдету бағытында да жасанды интеллект кеңінен қолданылуда.Нәти­жесінде, дәрігерлердің жұмыс жүктемесі жеңілдеп, негізгі назар науқасты емдеуге көбірек бағытталуда.

Жоғарыда айтылғандай, №1 клиникалық аурухана – мега­полистегі ең ірі әрі маңызды меди­циналық орталықтардың бірі. Мұнда күрделілігі жоғары кез келген операция түрі жасалады. Сонымен қатар трансплантология бағыты да қарқынды дамыған.

Бүгінге дейін дәрігерлер екі жүзден астам бүйрек трансплантациясын сәтті жүзеге асырған. Бауыр трансплантациясы да тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Күрделі операцияға бейім­делген ауруханаға кей жағ­дай­ларда көрші өңірлерден, соның ішінде Түркістан облысынан жол-көлік оқиғасына түскен ауыр науқастар да жеткізіледі. Сондық­тан дәрігерлер шұғыл жағ­дайға тәулік бойы дайын тұрады.

Сонымен қатар аурухананың қабылдау бөлімінде әлеуметтік жағдайы қиын, баспанасыз адам­дарға алғашқы медициналық көмек көрсетіп, тиісті ем-дом жасай­тын арнайы қызмет те жұмыс істейді.

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью