Өмірзақ Озғанбай: Озат ұлт болу үшін кітап оқу маңызды

25.06.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Ұлтқа керек тарих

– Өмірзақ аға, көне өрк­е­ниет­тердің ізі қалған қасиет­ті Маңғыстау топырағы сіздің та­рихшы ретінде қалыптасуы­ңызға қаншалықты ықпал етті?

– Байтақ қазақ жерінің бір қиыры, қарт Каспийден Үстірт қыраттарына дейін созылып жатқан қасиетті мекен өз тарихында талай қиын кезеңдер мен нәубеттерді басынан кешірді. Халқы жан-жаққа босып көшкен жылдары да болды. Өмір сүруге қо­лай­лы, нулы-сулы жердің бәрін отар­шылдар басып алып, жергілікті жұртшылық аңызақ желі таңдай кеп­тіретін шөлді шалғайларға ығыс­тырылды. Патша билігінің озбыр­лығына көнбеген халықтың шы­дам-шегі тау­сылып, 1870 жылы Иса-Досан көтері­лісі, ХХ ғасырдың 30-жыл­дары Адай көтерілісі бұрқ етті. Баба­ларымыз қанша қиындық көр­­се де, қо­лына қару алып, соғыса жүріп, осы жерді жаттың табанында кетуден сақтап қалды. Міне, сол қай­сар жігер мен қажырлы ең­бек­тің арқасында бүгінде мұнайы мен газы тасқындаған, жерасты, жер­үсті қа­зыналарына бай байтақ өлке қа­зақ еліне қызмет жасап жатыр.

Біріншіден, жастайымнан тарих ғылымына қызығушылық таны­тып, халқымыздың жоғын іздеп, жо­ғалтқанын табуға деген құш­тарлығым туған өлкемнің өт­кеніне деген ынтызарлықтан бас­тау алса, екінші себеп – әкемнен ерте айырылуым. Мен Маңғыстау өңірін­дегі Құрық деген елді мекенде 1941 жылдың 9 маусымында, яғни соғыс басталардан 13 күн бұрын дүниеге келгенмін. Біздің өңірдің тепсе темір үзетін азаматтарымен бірге әкем де алғашқы лек­пен майданға аттанған. Олар­ды «Дағыстан» деген кемеге отыр­ғызып, алдымен Бакуға апарып, сол жерде азды-көпті соғыс қи­мылдарына дайындаған. Арада бір­неше күн өткенде үш-төрт адам­ға бір мылтықтан ұстатып май­данға аттандырады. «Қалғанымыз не істейміз, қолымызда қару жоқ қой?» деп сұрағандарға: «Мыл­тықты майданнан тауып аласыңдар», деп жауап беріпті.

Әкем алғашқыда қалмақ дала­сын­да, кейін Сталинград, Харьков май­дандарында жауға қарсы шай­қас­тарға қатысады. Осы жер­де ол кісі туралы ең соңғы хабар­ды маң­ғыстаулық Зердебай Бекарыстанов деген азамат елге жеткізген екен. Түн­гі шайқас кезінде ауыр жа­раланған Зердебайды әкем шана­мен санбатқа сүйреп апарған. Содан ол аман қалады да, соғыс біт­кен­де елге оралған. Осы кездесуден кейін әкем туралы ешқандай хабар болмай, із-түзсіз жоғалғандар қа­тарында кетті. Осылайша, әкем жайында көбірек білсем, соғыстың ай­тылмай қалған ақтаңдақтарын ашсам деген ынтызарлығым да ме­нің тарих саласына бет бұруыма түрткі болды.

– Біз отаршылдық қамыты мойны­мыздан шешілмей тұрған уақыт­та тарихынан көз жазып қала жаздаған ұлтпыз ғой. Тәуелсіздік алған соң ғана жеті қат жер астынан, шаң басқан архивтерден жоғалтқанымызды қайта тауып жатырмыз. Сіздің ойыңызша, тарихымыздың қай тұстары әлі де толығырақ зерттеуді қажет етеді?

– Ахмет Байтұрсынұлы «Сөздің ең ұлысы – тарих» деген екен. Өтке­нін ұмытқан халықтың болашағы да бұлың­ғыр. Тарихымызда бүгінгі өскелең ұрпақ үлгі алатын өнегенің бәрі бар. Батырлық та, қаһармандық та, адамгершілік те, қайырымдылық секілді адами қасиет те қазақтың тұмса тарихында тұнып тұр. Өкінішке қарай, соның көбі әлі күнге толықтай қағаз бетіне түскен жоқ. Ал қағазға түспеген нәрсені сан-саққа жүгіртіп, түрлі бағытта айта беруге болады. Салдарынан тарихымыздың да шындықтан алыстап, бұрмаланып кетіп жатқан тұстары аз емес. Осы кемшілікті жою мақсатында тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қолға алынған ең маңызды істің бірі деп «Мәдени мұра» бағдарламасының жариялануын айтар едім. Оның аясында ғалымдарымыз ертеден жазба мәдениеті сақталған көрші мемлекеттерге арнайы барып, архив құжаттарын елге әкеліп, оны өз тілімізге аударып, бұрын-соңды айтылмаған, жазылмаған құнды деректерді айналымға енгізді. Бұл бағдарламаның отандық тарих саласына қосқан үлесі – ұшан-теңіз.

Ал бүгінде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бас­тамашы болып, қазақтың ежел­ден бастап бүгінге дейінгі тарихына жаңаша баға беру, жаңаша көзқараспен қарау ісі белсен­ді қолға алынып жатыр. Күні кеше елордамызда Алтын Ордаға қатысты өткен халықаралық жиын соның нақты бір дәлелі. Бұған қоса Мемлекет басшысының тіке­лей бастамасымен қазақ мемле­кеттілігінің жеті томдық акаде­миялық тарихын әзірлеу жұмысы да аяқталып қалды. Құдай қаласа, ол жақын арада көпшіліктің қолына тиеді деп күтіп отырмыз. 

Алаштың басты ұстанымы – білім

– Алаш қайраткерлерінің ғұмыры мен мұрасын зерделеуге сіздің де көп еңбек сіңіргеніңізді білеміз. Ұлтымыз­дың сүт бетін­дегі қаймағындай болған ұлы тұлғаларымызды біз толық­­тай тани алдық па?

– Алаш арыстарының өмір жолына зер салсақ, басым көпшілігі өз дәуіріндегі іргелі білім ордаларында, Мәскеу, Петербор, Қазан қалаларындағы жоғары оқу орындарында білім алған сауатты тұлға болғанын көреміз. Тіпті қолы жеткендері шетелге де шығып, білім нәрінен сусындаған. Олар жайында сөз қозғалса, мен ең бірінші алаштықтардың білімге құштарлығын айтамын. Білім олардың дүниетанымын ке­ңейтті. Туған халқына қызмет жасауға ынтызарлығын оятты. Сол алған білімімен, қолындағы нәпақасымен өз отбасының ғана жағ­дайын жасап, күйін күйттеп жайлы өмір сүруіне болар еді. Алай­да алаштықтар елдің жайын бірін­ші кезекте ойлады, халқының тағ­дырын бәрінен жоғары қойды. Туған жерін сол уақыттағы әлем­нің алды болған мемлекеттермен терезесі тең дәрежеге қалай жет­­кіземіз деп басын бәйгеге тігіп, ақыры көпшілігі сол жолда жа­нын­ пида етті. Міне, бұл – Алаш арыс­тарының бізге үлгі болар ең басты өнегесі.

– Ал бүгінгі жастарымыз осы­дан қаншалықты тағылым алып жүр? Олардың білімге құштар­лығы қалай деп ойлайсыз?

– Шыны керек, тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдары халықтың әлеумет­тік хал-ахуалы алдыңғы қатар­ға шық­ты да, әсіресе жастар­дың бі­лімге деген құштарлығы төмен­­деп кетті. Оның ең бас­ты кө­рінісінің бірі кітап оқу мәдениетінің көзден бұлбұл ұшуы дер едім. Сол уақыт­та жүргізілген зерттеулерге қарасақ, қазақ қоғамындағы халық­тың жартысынан астамы кі­тап оқы­май­тыны белгілі бол­ған. Ал Абай шығармаларымен жас­тар­дың 10–15 пайызы ғана таныс­ еке­нін айтқан. Бүгінде бұл көр­сет­­кіштен қаншалықты жоғары көтеріл­дік, оны дөп басып айту қиын.

Озат ұлт боламыз десек, кітап оқу­ға құштарлықты арттыруымыз керек. У.Шекспирдің «Кітап маған тақтан да қымбат» деген сөзі бар. Француз жазушысы Д.Дидро «Оқымаған жерде ой тоқырайды» дейді. Ал Абай ата­мыз «Артық білім – кітапта» деп оқу мәдениетінің орны жоғары екенін айтып кеткен. Осы орайда елімізде Президенттің тікелей ұйытқы болуымен қолға алынған тағы бір жақсы бастама – кітаптың культін көтеру, кітап оқу мәдениетін арттыру. Биыл біз екінші жыл «Ұлттық кітап күнін» атап өттік. Қазір «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы кеңінен насихатталып, кітап оқушыларды қолдау бастамалары қарқынды жүріп жатыр. Мен мұның бәрін дер шағында қолға алынған, жас­­та­рымыздың білім-ғылымға деген ын­тасын арттыратын ең өзекті іс деп есептеймін. 

Құрылтай – уақыт талабы

– 1995 жылы елі­міз­де жаңа Конституция қа­был­­­данғаннан кейін бұрынғы Жоғар­­ғы ке­ңес Сенат пен Мәжі­ліс ат­­ты екі па­латадан тұра­тын Пар­­ламентке айналды. Сол жылы­­ сіз ел та­рихындағы тұң­ғыш се­на­торлар­дың бірі болып сай­ландыңыз. Ал биыл елімізде жаңа Ата заң қабылданып, Парла­мент бір палаталы Құрыл­­тай­ болып өзгеріп жатыр. Бұл ре­фор­маларға қандай баға берер едіңіз?

– Адамзат қоғамы бір орында тұрмайтыны белгілі. Ол үнемі ізденістің, өзгерістің жолында жүреді. Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақ жоқ іздеген халық», деген сөзі бар. Біз қазіргі күні де қолдағы барымызды базарлы етіп, жоғымызды бар елдерден алып, заман көшіне ілесіп, уақыт талабына сай дами беруіміз керек. Қазіргі саяси салада жүріп жат­қан өзгерістер де – біздің алға басқ­ан қадамымызды, өркениетті ел бо­лудың жолымен ілгерілеп жатқа­нымызды көрсететін бастамалар.

Мен алғашқыда Жоғарғы кеңес­тің депутаты болдым. 1995 жылы Парламент құрылған соң Се­нат депутаты ретінде қызметімді жал­ғастырдым. Сол кезде «сенатор», «мәжілісмен» деген секілді лексиконымызда болмаған жаңа сөздер тілдік қолданысқа енді. Бұл да сол кезгі уақыт талабынан туындаған шешім еді. Елге қос палаталы Парламент керек болды және ол өткен отыз жылдың ішінде өзінің миссиясын толығымен атқарды.

Ал қазір бабалар қасиет тұтқан «Құрылтай» деген атпен жаңа парламент дүниеге келіп жатыр. Ел тізгінін ұстаған басшыларымыз, ғалымдарымыз бен сарапшыларымыз жан-жақты зерттеп-зерделеп, осындай шешімге келіп отыр. Біз жаңа бастаманы қолдаймыз. Бір палаталы Құрылтай алдағы уақытта еліміздің одан әрі дамып, өркениет көшіне ілесуіне өз септігін тигізеді деп сенемін.

– Сіз ұзақ жыл «Ардагерлер ұйымы» республикалық кеңесі­нің төрағасы болғаныңызды білеміз. Бұл ұйым бүгінде қандай іспен айналысып жатыр?

–  Иә, мен «Ардагерлер ұйы­мын­да» 19 жыл жұмыс істеппін. Алды­мен Маңғыстау облыстық ардагерлер ұйымын басқардым. Кейін мені республикалық Ардагерлер ұйымына шақырып, алдымен үш жыл төрағасы, кейін төрағаның бірінші орынбасары болып еңбек еттім. Бұл жерде тер төккен жылдар маған көп нәрсені үйретті, халықпен етене араласып жұмыс істеуіме, көп тәжірибе жинауыма себепші болды.

Жалпы, ардагерлер деген кім­дер? Олар – елдің асыл адамдары, ақыл­ды даналары. Біз өмір сү­ріп отырған мына елдің іргета­сы­нан бастап, әрбір кірпішін қалау­ға ат­салысқан кісілер – солар. Қазақ елдің үлкендері туралы айту­дай-ақ айтқан. «Қарты бар үй­дің қа­зынасы бар», «Ауылыңда қария болса, жазып қойған хатпен тең» дейді. Мұқағали ақын «Араз­дасып ағайын кетер еді, бір қария болмаса бір ауылда» деп жырлайды. Еліміздегі Ардагерлер ұйымы да ата-бабадан мұра болған қариялар институтының эстафетасын іліп әкетіп, осы қасиетті жолды жалғастырып жатыр.

Қазір елімізде 2 миллионнан­ аса ардагер бар екен. Олар өзде­рінің бай өмірлік тәжірибесін елді, қоғамды дамытуға, халықты дұрыс бағытқа бастауға, жастарды тәрбиелеуге жұмсап, ынтымақ пен бірліктің артуына зор үлестерін қосып келеді. Түрлі іс-шаралар ұйымдастырып жатыр. Еліміздің барлық облысында ұйымның филиалдары жұмыс істейді. Оларды сайдың тасындай іріктелген азаматтар басқарып, игі істерге мұрындық болып отыр.

Биыл мамыр айында «Ар­да­герлер ұйымы» республикалық кеңесінің кезекті съезі өтіп, сонда мен өзімнің өтінішіммен ұйымдағы жұмысымды тоқтату туралы шешім қабылдадым. Қазір ұйым басшылығы жаңарып жатыр. Тізгінді қолға алған азаматтар бұрыннан жинақталған бай тәжірибемізді әрі қарай жалғап, қоғам игілігі үшін үлкен істерді атқара береріне сенім мол.

Тәуелсіздікті тұғырлы ету міндеті

– Елдің ақсақалы ретінде сіз­ді қазіргі қазақ қоғамындағы қан­дай мәселелер қатты тол­ған­­дырады?

– Біз дүниенің дамыған техни­калық прогресіне ілесуіміз керек. Жаңа Конституциямызда да білім мен ғылымның, инновацияның маңызы айрықша аталып өтті. Жастарымыз білімге, ғылымға құш­тар болуы қажет. Қазір оқи­мын деген адамға барлық жағдай бар. Мемлекет тарапынан шетелде білім алуға да мүмкіндік беріліп отыр. Сондықтан ең алдымен білім мен ғылымды алға оздыруға мән беруіміз керек.

Екінші айтайын дегенім – біз ұлттық мәдениетімізді, тәлім-тәрбиемізді әлі де толыққанды дамытып, қоғам игілігіне айналдыра алмай отырмыз. Бір мысал келтірейін. Қазір елімізде 45-тен аса қарттар үйі бар. Онда 6 мыңның үстінде қариямыз сол жерде өмір сүріп жатыр. Оның ішінде қазақтардың үлесі жылдан-жылға көбейіп келеді. Төрт қабырғаға телміріп, немересін сағынған әке-шешесіне бауыр еті балалары айы­на бір рет қана келеді. Ол – ата-анасының зейнетақы алатын күні. Мемлекет берген ақшаны қалтасына басады да, қымбат көлігіне отырып, тағы да бір айға қарасын батырады. Кең сарайдай пәтерде, бірнеше қабатты коттеджде тұрып жатқан сол балаларының баспанасынан кәрі-құртаң әке-шешесіне бір бөлме бұйырмауы неліктен? Орын жетпей ме, әлде тамақ жетпей ме? Жоқ, ең біріншіден, туған әке-шешеге деген сүйіспеншілік, махаббат, тәлім-тәрбие мен пер­зенттік парыз жетіспей тұр.

Қазір қазақтың ішінде осын­дай­ без­бүйрек балалардың кө­беюі­ біз­ді ой­лан­дыруы керек. Қай жер­ден мүлт кет­тік? Бұл – ұлт­­тық мәдениетіміздің, ділі­міз­­дің, дүниетанымымыздың тө­мен­шіктеп кетуінен туған қасі­рет. Біз оның алдын алып, кем­шіліктің орнын толтырып, жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған баяғы бекзат болмысымызды қал­пына келтіру жағын алдыңғы қа­тар­дағы міндет етіп қоюға тиіспіз.

Үшінші айтқым келген мәселе – біз әлі күнге Тәуелсіздігіміздің қадірін жете түсіне бермейтін секілдіміз. Азаттық – Алланың қазақ­қа берген ең ұлы бақ-байлы­ғы. Дүниеде қаншама халық отан­сыз, жерсіз, тілсіз босып жүр. Олар­дың кейбірінің материалдық жағ­дайы, тұрмыс-тіршілігі бізден де жақсы шығар. Бірақ қанша жерден үлде мен бүлдеге оранып отырса да, көкіректерінде бір зар тұрады. Ол – «Неге менің Отаным жоқ?» деген жауапсыз сұрақ. Ал біз аңсаған азаттығымызды алып, дүниеге аты танылған мемлекетімізді гүлдендіріп жатырмыз. Елімізді, жерімізді, ондағы қалыптасқан татулық пен бірлікті сақтау, Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету әр қазақтың басты парызы болуға тиіс.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен –

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью