Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Сарапшылар да, сәуегейлік танытар болжаушылар да күні бұрын Франция құрамасының басым түсетінін болжаған-ды. Тіпті 2022 жылы Қатарда өткен әлем чемпионатының финалдық тартысы қайталанып, Аргентина мен Франция құрамасы тәжге таласады дегендер де табылды. Бірақ дүние дидарын өзіне қаратқан алаңдағы жиырма екі адамның аяғында кезек аунаған ала доп матч тағдырын басқаша шешті.
Көпшіліктің тағатын тауысқан жартылай финалдық ойын АҚШ-тың Техас штатындағы Арлингтон қаласында өтті. «Эй-Ти-энд-Ти» стадионындағы тартысқа сальвадорлық төреші Иван Бартон қазылық етті. Франция құрамасы қақпасының айып алаңында француз қорғаушысы Люка Динь әуелеп жеткен допты алысқа тебемін деп ту сыртынан тап келген Ламин Ямалды аңдаусызда сүріндірді. Төреші бірден пенальти белгіледі. Испания құрамасының шабуылшысы Микель Оярсабаль мүлт кетпей есеп ашты. Сөйтіп, осы әлем чемпионатындағы өзінің бесінші голын еншісіне жазды. Есеп айырмасымен ұзап алған испандық жас перілер мұнымен де тоқтаған жоқ. 58-минутта Дани Ольмоның тамаша пасын Педро Порро голға ұластырып, басымдықты бекемдей түсті. Франция құрамасы қақпаға тура соққы бағыттауда да, бұрыштамадан стандартты шабуылды өрістетуде де алда тұрғанымен, еш қайран көрсете алмады. Маңызды матчта 0:2 есебімен жеңіске жетіп, әлем чемпионатының финалына шыққан Испания құрамасы енді Англия немесе Аргентина құрамасының бірімен кубок үшін тартысқа түседі.
Испания спорт министрі Милагрос Толон ұлттық құрама мүшелерін финалдық сынға шығуымен құттықтап, «Тамаша жеңіс! Біз мундиаль басталмай-ақ финалға ентікпей жететінімізге сенімді болдық. Енді кубокты олжалаймыз», деді ұлттық құрамасын жігерлендіріп. 2010 жылы әлем чемпионы атағын иеленген Испания футболшылары одан кейін бұл биігіне шыға алмады. Ұлттық құраманың бас бапкері Луис де ла Фуэнте мықтылығын әйгілей түскендей. Алғаш рет үш елде ұйымдастырылып, 48 құрама қатысқан әлем чемпионатының финалына шыққан Испания құрамасының қақпасына бар болғаны 1 ғана гол енді. Топтық кезеңдегі үш матчта, плей-офф тартыстарында да Испания құрамасының қақпашысы Унай Симон қақпасын голдан аман сақтап келген еді. Тек ширек финалда Бельгия футболшыларына қарсы матчта ғана 1 гол өткізіп алды.
Әлем чемпионатының финалында тағы бір қызық дерек жаңғыруы мүмкін. 2008 жылы өткен Еуропа чемпионатында топ жарған Испания құрамасы екі жылдан кейін, яғни 2010 жылы әлемдік мундиальдің кубогіне қол жеткізді. Екі жыл бұрын Германияда өткен Еуропа чемпионатында испандықтар құрлық үздігі атанды. Енді, міне, әлем чемпионатының финалына шығып отыр. Білікті маман Луис де ла Фуэнтенің жетекшілігімен «қызыл фуриялар» Еуропа аламанында ат ойнатты. Сақа бапкердің жетекшілігімен испандықтар жеңісті жүлгені жалғау үшін ештеңеден аянар емес.