Өндіріс мамандарына сұраныс көп

28.01.2026

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Түркістан облысында еңбек нарығына жүргізілген мони­торинг нәтижесінде техникалық, өндірістік, ауыл шаруашылығы бағытындағы мамандықтар бойынша жұмыспен қамту деңгейі 90-100 пайыз аралығын құрайтыны айқындалды. Бұл өңірдегі нақты секторға қажетті кадрларға сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

Сараптама қорытын­ды­сына сүйенсек, қыз­мет көрсету, шы­ғар­машылық, әлеуметтік ба­ғыттағы мамандықтар жө­нін­дегі көрсеткіш орташа дең­­гейде сақталған. Ал ме­ди­­ци­на, қауіпсіздік, әкім­ші­лік сала­ларындағы кейбір ма­ман­дық­тарға еңбек нарығында сұраныс бәсеңдеген. Осыған орай, 2026 жылға арналған мемлекет­тік білім беру тапсырысын бөлу кезінде сұранысы төмен мамандықтар қысқартылып, гранттарды инвестициялық жобалар мен өңірдің нақты кадрлық қажеттілігіне тікелей бағыттау көзделіп отыр.

Жалпы, өңірде былтырғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясын­да техникалық, кәсіптік білім беру жүйесін жетілдіру бағы­тында жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр. Облыстық білім басқармасы басшысының мін­детін атқа­рушы Ғалымжан Оры­нов­тың мәліметінше, бүгінде аймақ­та 50 колледж (28-і – мемлекет­тік, 22-сі – жеке­меншік) қызмет көрсетеді. Бұл оқу орындарында 84 мамандық бойынша білім алып жатқан 46 747 студент­­тің 79%-ы мемле­кет­тік тапсырыс негізінде оқиды.

– 2024–2025 оқу жылында ­облыс колледждерін тәмам­да­ған 12 619 түлектің 81%-ы жұмысқа орналасты. Бұл – алдыңғы жылмен са­лыс­тырғанда 5%-ға жоғары көр­сеткіш. Биылғы оқу жылына бөлінген 15 500 мем­лекеттік гранттың 57%-ы нақ осы жұ­мыс­шы мамандықтарына ба­ғыт­талып отыр, – дейді Ғ.Орынов.

Сондай-ақ өңірде дуалды оқыту жүйесі қарқынды дамып келеді. Облыс аумағындағы 692 кәсіпорынмен жасалған келісімдер шеңберінде 36 колледжде 11 223 студент өндіріспен қатар білім алып шығады. Халықаралық әріптестік те жолға қойылған: 12 колледж шетелдік оқу орындарымен 20 меморандумға отырып, қос диплом беру, академиялық ұт­қырлық және педагогтердің бі­ліктілігін арттыру жобала­рын жү­зеге асырып жатыр. Был­тыр үш колледж халықаралық ак­кре­­диттеуден өткен. Биылғы жос­­парда студенттердің сабаққа қа­тысуын цифрлық форматта ба­қылау, мемлекеттік тапсырыс­ты инвестициялық жобалармен ұштастыру, дуалды оқытуды ірі инвесторлармен бірлесе кеңей­ту басымдыққа ие болады.

Жұмыспен қамту саласын­дағы көрсеткіштерге тоқ­тал­сақ, былтыр бекітілген «Өңір­­лік жұмыспен қамту картасы» аясында ауқымды шаралар атқарылды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарлама­лар басқармасының басшысы Ме­кенхан Қозыханұлының ­ай­­туынша, жоспарланған 130 769 жұмыс орнының ор­ны­на, жыл қорытындысында ­147 719 азамат жұмыспен ­қам­­тылып, меже артығымен орын­­далған. Оның ішінде ­100 046-сы – тұрақты, 47 673-і – уақыт­ша жұмыс орындары. Нәтиже­сін­де, жұмыссыздық деңгейі ­4,6%-ға дейін төмендеді.

Еңбекпен қамту шаралары бес негізгі бағыт бойынша жү­зеге асырылды. Ұлттық, жеке ин­вестициялық жобалар аясында 4 074 жұмыс орны құ­рыл­са, «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» бастамасымен 22 595 адам жұмысқа кіріскен. Субсидияланатын жұмыс орындары, бос жұмыс орында­ры­­на орналастыру, грант беру ­бо­йынша да тиісті индикаторлар толық орындалды.

2026 жылға арналған «Өңір­лік жұмыспен қамту картасы» шеңберінде 74 516 адамды (54 481 – тұрақты, 20 035 – уақытша) жұмыспен қамту жос­парланып отыр. Оның ішінде 40 588 азаматты бос жұмыс орындарына жолдау, ұлттық жобалар есебінен 2 472 адамды жұмысқа тарту көзделген. Сондай-ақ «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны» жобасы шеңберінде 11 476 тұрғынды, субсидияланатын жұмыс орындары арқылы 18 530 адамды еңбекке баулу, 1 450 адамға грант беру межеленген.

Түркістан облысы 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью