Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Осылайша, кейінгі үш жылда салыстырмалы түрде жүгері өндірісі шамамен 16 пайыз деңгейінде іркілді. Дей тұрғанмен, биыл Жамбыл облысындағы жүгері зауыты 500 мыңнан 1 млн тоннаға дейін жүгері өңдемек. Ал Алматы облысындағы жүгері зауыты 300 мың тонна өнім айналдырып, 20 түрлі өнім өндіруге әзір тұр. Түркістан облысындағы жаңа жүгері зауыты 150 мың тонна шикізатты қайта өңдеп, 27 түрлі өнім шығаруға қауқарлы.
Жаңа өндірістердің қажеттілігін тек оңтүстік өңірлер есебінен қамтамасыз ету мүмкін емес. Осыған байланысты солтүстіктегі астық егетін өңірлерде де жүгері егіс алқаптарын ұлғайту міндеті қойылды. Демек, жүгері өндірісі бүкіл ел бойынша қолға алынады деген сөз.
«Казкрахмал» ЖШС басқарушы директоры Руслан Кәрімұлы «Шардара жүгері» зауытының жай-күйі, өңдеуші өнеркәсіпке қосылып жатқан үлес, жаңадан ашылғалы жатқан Қызылорда өңіріндегі жүгеріні терең өңдеу зауыты жөнінде ой бөлісті.
– Мемлекет басшысының бастамасымен терең өңдеуге бет бұрдық. Біздің елде «Жаркент жүгері зауыты» 16 жылдан бері жұмыс істейді. Енді «Шардара жүгері зауытының» құрылысын біттік. Жобалық құны – 35 млрд теңге. Зауытта 27 түрлі өнім өңдеп шығарылады. Біздің жүгеріден өндірілген крахмалды тамақ өнімдеріне, қағаз өндірісіне, гипсокартон, құрылыс саласында қолданады. Шырындарымыз «Коко-кола», «Макси чай» сияқты әртүрлі сусын шығаратын компанияларға шикізат ретінде қамтамасыз етіледі. Мәселен, құс фабрикаларына, мал азығына қажетті жемнің өзінен ішінара 11 түрлі өнім шығады. Сондай-ақ Қызылордада тағы бір жүгері өңдеу зауытының құрылысы басталды. Қызылордалық күріш егетін шаруалар, бұдан былай жүгері егетін болады. Сөйтіп, 16 мың гектарға жүгері егіліп, терең өңдеуге жіберіледі. Өңделген өнімнің 60 пайызы Орталық Азиядағы Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан және Әзербайжан сияқты елдерге экспортталады. Осылайша, жүгеріні 98 пайыз терең өңдеп, елдің өңдеуші өнеркәсіп саласына өз үлесімізді қоспақпыз, – деді зауыт басшысы.
Ауыл шаруашылығындағы қайта өңдеу үлесін биыл 70%-ға дейін жеткізу жоспарланған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша негізгі өнім түрлері (ет, сүт, майлы дақылдар, жүгері, күріш, қарақұмық) бойынша қайта өңдеу үлесі 64%-ға жетті. 2027 жылға дейін еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 3,3 трлн теңге инвестиция тартылмақ. Ауыл шауашылығы министрлігіне қарасты Егіншілік департаментінің директоры Назгүл Хатепованың сөзінше, жүгері алқаптарын 265 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 90 мың гектарға артық.
Нақтылап өтейік, жүгері өндірісі негізгі үш бағытты қамтиды. Мал шаруашылығында, соның ішінде ветеринарияға қажетті жоғары сапалы сүрлем шығарылады. Тамақ өнеркәсібінде, дән сұрыпталып, ұн, май, крахмал өндіріледі. Ал техникалық бағыт бойынша, биоэтанол өндірісінде жүгері құрамынан бөлініп алынған әртүрлі қышқыл қолданылады.
Әлемде АҚШ жыл сайынғы өндіріс көлемі 400 млн тонна жеткізіп көш бастаса, ізін басып Қытай 270-280 млн тонна жеткізіп тұр. Ал Бразилия 120-130 млн тонна жүгері өндіріп, үштікті түйіндейді. Яғни, жүгеріні терең өңдеуден түсетін пайда көп.
О.МҰРАТБЕКҰЛЫ