Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жиналғандарды аймақ үшін маңызды жоба саналатын зауыттың ашылуымен құттықтады. Түйе сүтінен құрғақ ұнтақ дайындау зауыты өңір экономикасының дамуына тың серпін беріп, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыратын өндіріс орны болатынын атап өтті.
«Елімізде түйе сүтін өңдейтін кәсіпорындар бар болғанымен, өнеркәсіптік деңгейде құрғақ ұнтақ өндіретін зауыттар өте аз. Сондықтан «Қазақ Кэмел» компаниясының өндіріс орны бірегей әрі маңызды бастама болып отыр», деді аймақ басшысы.
Мамандар жылына шамамен 400 тонна өнім өндірілетін бұл зауытта 23 адам тұрақты жұмыспен қамтылатынын айтады. Түйе сүтін құрғақ ұнтаққа айналдыру үшін күніне 20 мың литр сүт қажет болады. Бұл жергілікті тұрғындар үшін күнделікті сүт өткізіп, тұрақты табыс табуға мүмкіндік береді. Жергілікті өнімге сұранысты арттыру мақсатында жасалған келісімшарт аясында 10 жыл Қытай нарығына экспортталады. Мемлекеттік қолдау аясында индустриялық аймақтан 1 гектар жер телімі беріліп отыр. Сондай-ақ «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы Қытайдан қажетті технологиялық жабдықтарды сатып алуға 1,8 млрд теңге қаржы қарастырылған.
Рәсімге қатысқан ел ағалары бастаманың жалғасуына тілектестік білдірсе, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесі тиген, зауыттың іске қосылуына атсалысқан азаматтар облыс әкімінің Алғысхатымен марапатталды.
Теңізді ауданның орталығы саналатын көне шаһарда ел игіліне берілген тағы бір өндіріс орны – сұрыпты ас тұзын өндіру зауыты. Инвестор «Тоғыс – Аралотын» серіктестігі зауытқа 1,8 млрд теңге жұмсаған. Жылдық қуаты 40 мың тонна болатын өндіріс орнында 20 адам жұмыспен қамтылады. Мемлекеттік қолдау аясында 4 гектар жер телімі беріліп, қажетті инфрақұрылым тартылыпты. Зауыт өнімдері ішкі нарықты қамтамасыз етумен қатар көршілес мемлекеттерге де экспортталатын болады.
«Тоғыс – Аралотын» өңір экономикасын әртараптандыратын басқа да жобаларды қолға алды. Аудандағы мотоцикл құрастыратын жобаға 1 млрд теңге жұмсап, тың жобаны қолға алған компания зауытта өндірілген өнімнің 50 пайызын ішкі нарыққа шығарып, қалғанын шетелге экспорттауды жоспарлап отыр.
Бұл – теңізді аудан тіршілігін түлету үшін ұзақ жыл бойы жүргізілген жұмыстың жемісі. Бұрын балық пен тұз өндірісімен ерекшеленетін өңірде кейінгі жылдары экономиканы әртараптандыратын бастамалар көбейген. Аралдықтар алда құрғақ ұнтаққа айналған түйе сүтін бренд ретінде қалыптастыруды қолға алады.
Ауданда дәстүрлі өндіріс – балық шаруашылығын дамыту бағытында да жүйелі жұмыс жалғасуда. Жарты ғасырдан астам бағалы балық қорын сақтап, табиғи популяциясын көбейтіп келе жатқан «Қамыстыбас» балық питомнигінде тұқы, ақ амур, дөңмаңдай секілді теңіз маржандары өсіріледі. Мемлекеттік тапсырыс аясында жыл сайын 12 млн бір жаздық, 420 мың екі жаздық шабақ өсіріліп, Арал теңізі мен Сырдария өзеніне жіберіліп келеді. Аудан аумағындағы Кіші Арал теңізінде балық шаруашылығын дамытуға қолайлы 18 учаске мен 17 көл бар. Теңізде балықтың 19 түрі мекендейді. Өндірістік қуаты шамамен 30 мың тонна болатын 10 балық өңдеу зауыты аймақтың экспорттық әлеуетін дамытуға үлес қосып келеді.
Мемлекет басшысы V Ұлттық құрылтай отырысында құрылысын жеделдетуді тапсырған «Бейнеу-Сексеуіл» автомобиль жолы ауданның транзиттік әлеуетін арттырып, теміржол бойындағы елді мекендердің дамуына оң әсерін тигізеді. Аудан орталығынан шалғайда жатқан Құланды, Ақбасты, Ақеспе, Қосаман және Беларан елді мекендеріне қатынайтын автомобиль жолының мәселесі түбегейлі шешіледі.
Жалпы өңірде экономиканы әртараптандыру мақсатында алдағы үш жылда 1 трлн 900 млрд теңгеге 48 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 100 млрд теңгелік 21 жоба іске қосылады деген жоспар бар.
Қызылорда облысы,
Арал ауданы