Өнегелі өмірдің жарқын белесі

07.04.2026

Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..

Мария Мұхтарқызы Ақтөбе облысы Темір ауданының Шұбарқұдық кентінде дүниеге келген. Қарапайым отбасында өссе де, тәлім-тәрбиесі терең, құндылығы берік ортада қалыптасты. Анасы ұстаздық жолды таңдаса, әкесі мемлекеттік қызметте басшылық қызметтер атқарған. Осындай орта бала бойына ерте жастан тәртіп, жау­ап­кершілік, еңбекке адалдық секілді қасиеттерді сіңіретіні белгілі. Бұл қасиеттер кейін оның бүкіл өмір жолының өзегіне айналды.

Бес баланың ортасында өскен Мария Мұхтарқызы жастайынан белсенді, алғыр болып қалыптасты. Мектеп қа­бырғасында жүргенде-ақ қоғамдық жұмыстарға ара­ла­сып, пионер, кейін комсомол ұйымда­рының белсенді мүшесі болды. Бұл кезең оның ұйымдастыру­шылық қабілетін шың­дап, адамдармен жұмыс істеудің алғашқы мектебіне айналды.

Еңбек жолын қарапайым қызметтен бастауы да оның өміріндегі маңызды тә­жі­рибе болды. Өмірдің шынайы мектебі адамды тек кәсіби тұрғыдан ғана емес, адамдық тұрғыдан да қалыптастырады. Ол әр кезеңде өзіне жүктелген міндетке адал қарап, істі соңына дейін жеткізуге дағдыланды. Осы табандылық пен жауапкершілік оны біртіндеп үлкен міндеттерге алып келді.

Қоғамдық-саяси салада ұзақ жыл ең­бек еткен Мария Мұхтарқызы әрдайым адам­дармен тікелей жұмыс істеуді басты орынға қойды. Оның қызметіндегі ерек­шелік – тек тапсырманы орындау емес, әр мәселенің түпкі мәніне үңіліп, нақты шешім табуға ұмтылу. Әсіресе, азаматтар­дың өті­ніштері мен мәселелеріне бейжай қара­май, жедел әрекет етуі оны көпшілікке жақын етті.

Онымен қызметтес болған әріптестері оның ұйымдастырушылық қабілетін ер­ек­ше атап өтеді. Кез келген жұмысты жүйе­­лі жоспарлап, нақты нәтижеге ба­ғыт­тай білу – оның басты артықшылығы. Бұл қасиет, әсіресе, жауапты кезеңдерде айқын көрінді. Референдум науқаны кез­інде бірге жұмыс істегендер оның әрбір детальға мән беріп, жұмысты мінсіз ұйымдастыруға тырысатынын жиі айтады. Кездесулердің нақты кестесін құрып, әр құрылыммен үйлесімді байланыс орната білуі – кәсіби шеберлігінің дәлелі.

Мария Мұхтарқызы үшін қызмет – жай ғана жұмыс емес. Ол оны жауапкер­шілік деп қабылдайды. Сондықтан да оның әр қадамы, әр шешімі адамдардың сенімін ақтауға бағытталған. Бұл – бүгінгі қоғам үшін аса маңызды қасиет. Себебі сенім – кез келген қызметтің ең басты өлшемі.

Оның еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағасын алды. «Ерен еңбегі үшін» медалі, түрлі мерейтойлық мара­паттар мен халықаралық ордендер – ұзақ жылдық адал еңбектің нәтижесі. Ал 2025 жылы берілген «Құрмет» ордені – оның кәсіби жолының маңызды белестерінің бірі.

Мария Мұхтарқызының өмірлік ұста­нымын бір ауыз сөзбен сипаттау керек болса, ол – адалдық. Ол үшін лауазым – атақ емес, міндет. Қызмет – жеке пайда табудың жолы емес, қоғамға қызмет етудің мүмкіндігі. Осындай көзқарас оны әрдайым биік ұстап келеді.

Бүгінде ол «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалы атқарушы хат­шысының орынбасары ретінде жұмыс істеп, қоғамдық-саяси процестерге белсене араласып келеді. Сонымен қатар жас буынға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісуі – оның өмірлік жолының заңды жалғасы. Өйткені шынайы тәжірибе тек жинақталмай, келесі буынға берілуі керек.

60 жас – бір белес. Бұл – өткен жолға көз жүгіртіп, атқарылған істі саралайтын, ал­дағы күнге жаңа мақсат қоятын кезең. Осын­дай айтулы сәтте мерейтой иесіне зор денсаулық, отбасы амандығы, сарқыл­мас күш-қуат тілейміз. Ең бастысы – ел игі­лігі жолындағы еңбегі жалғасын тауып, тә­жірибесі мен білімі әлі талай игі іске қызмет етсін.

Гүлбазар МЕДИЕВА, 

Ұлттық инженерлік академияның 

вице-президенті

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью