Өнер жолындағы жарасым

25.04.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Гала-концерт бағдарламасында бүкілресейлік және халықаралық бай­қаулардың лауреаты Софья Оноп­ченконың, башқұрттың Ay Yola фолк-тобының, «Саха (Якутия) Рес­­пуб­­ликасының мәдениет саласы­ның үздігі» құрметті атағының иегері Олена Уутайдың концерттік нөмір­лері болды, сонымен қатар өзге де әлемдік деңгейдегі өнерпаздардың хореографиялық, аспаптық және вокалдық-аспаптық нөмірі көрермен назаарына ұсынылды. Қалмақтың халық музыкасы мен буряттың халық әндері де осы кеште шырқалды. Іс-шарада Мәскеу мемлекеттік ака­демиялық «Гжель» би театры, Дағыс­танның еңбек сіңірген академиялық «Лезгинка» би ансамблі және Қал­мақия мемлекеттік «Ойраты» би театры өнер көрсетті.

Қазақстандағы Ресей Федерация­сының мәдениет күндерінің бағдар­ламасы – көршілес екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған маз­мұнды да маңызды іс-шараның бірі.

– Бұл мәдениет күндері – екі ел арасындағы рухани байланысты одан әрі нығайтатын маңызды алаң. Бүгінгі концерт – мәдени достық пен жылдар бойы сақталған дәстүрдің әдемі көрінісі десек болады. Ресейлік әріп­тестерімізге алғысымыз зор, – дейді «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының директоры Александр Совостьянов.

Бағдарлама аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Мәдени дәстүрлерді біріктіру және заманауи шығармашылық тәжірибе­лер: Қазақстан мен Ресейдің мәдени ын­тымақтастығы» атты дөңгелек үс­тел өтіп, жиында жаңа бірлескен жо­балар да талқыланды. 

Бұл орайда Мәдениет және ақ­парат министрі Аида Балаева Қазақ­стан мен Ресей арасындағы қарым-қатынаста мәдени ынтымақтастықтың айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, тараптар бірлескен көрмелер ұйымдастырып, кино­фести­вальдер өткізіп, өнер ұжым­дары­ның гастрольдерін жолға қойып келеді, сонымен қатар мәдени-гу­мани­тарлық саладағы өзара іс-қи­мылдың жаңа тетіктерін бірлесе іздес­тіріп отыр.

– Кездесулеріміздің дәстүрлі си­пат алып келе жатқаны өте маңызды. Осыдан бір жыл бұрын да осындай дөңгелек үстелде бас қосып, ынтымақ­тастықтың келешегін талқылаған едік. Бүгінде мәдениет саласының іс жүзін­дегі барлық бағыты бойынша нақты нәтижелер туралы нық сеніммен айтуға толық негіз бар. Бұл музей және архив ісінен бастап, театрлар мен кон­церттік ұйымдар арасындағы байла­ныстарға дейінгі кең ауқымды қам­тиды. Мұның бәрі осындай диалогтың нақты нәтиже беретінін әрі мәдени-гуманитарлық байланыстарымызды мазмұндық тұрғыдан байытып, кеңей­туге жол ашатынын көрсетеді. Бүгінгі кездесу де өзара ұстанымдарды тағы бір пысықтап, жаңа бастамалар ұсы­нуға және бірлескен іс-шаралар аясын кеңейтуге мүмкіндік береді, – деді Аида Балаева.

Бұдан бөлек, елордада Қазақстан­дағы Ресей киносының фестивалі басталды. Фестиваль көрсетілімдері 26 сәуірге дейін жалғаспақ. Бағдар­ламаның ең басты оқиғасы Ресей өнер­паздарының гала-концерті бол­ғаны анық.

–  Бүгінгі концерттік бағдарлама арқылы адамзаттың достыққа деген шынайы көзқарасын жеткізгіміз кел­ді. Ұлттық бағыттағы өнер ұжымдары бар өнерін көрсетіп, көрерменге ерек­ше ықылас сыйлады. Ежелден көрші қос елдің достығын әуезді ән, мың бұ­ралған би арқылы жеткізуге тырыс­ты, – деді  Мәскеу Мемле­кет­тік ака­демиялық «Гжель» би театрының ди­ректоры Марина Куклина.

Осыдан алты ай бұрын Ресейде Қазақ­станның мәдениет күндері жоғары деңгейде өткен. Бағдарлама ая­сында көрермендер Ә.Қастеев атын­дағы Ұлттық өнер музейінің қоры­нан жасақталған «Қазақстан өне­рі­нің жауһарлары» көрмесімен та­нысып, Қазақстан киносы күндеріне қатысып, сонымен қатар «Парасат май­даны» спектаклін тамашалап үл­герді. Мемлекет басшыларының қа­тысуымен өткен айтулы іс-шара айрықша әсер қалдырған еді. Бұл екі ел арасындағы мәдени әріптестіктің нақты көрінісі бола білді. Ал Астанада басталған мәдени күндер – сол дос­тықтың жаңа белесі іспетті.

Айсұлу СЪЕЗХАН

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью