Өнердің жаңа өрісі

05.11.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Кешегі көз үйренген өнердің бүгінгі бейнесі бөлек, оны көпшілікке ұсынудың мүмкіндігі де әлдеқайда кең. Бұрын қылқалам мен домбыраның үні арқылы ғана көңілге жол тапқан шығармашылық бүгінде цифрлық технологияның көмегімен жаңа сипатқа ие болуда. Жасанды интеллект пен заманауи техниканың өнер әлеміне дендеп енуі де осы өзгерістің айқын көрінісі.

Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында цифрлық экономиканы да­мытуға креативті индустрияның да бел­сен­ді атсалысуы қажеттігін атап өтті. «Үкімет, ұлт­тық компаниялар, креативті индустрия сек­торы осы үдеріске белсенді атсалысуға тиіс», – деді Президент. Расында, техно­ло­гия­ның мүмкіндігін тиімді пайдалану мәде­ниет саласына да тың серпін беріп, ұлттық өнер­ді жаңа қырынан танытуға жол ашып отыр. Соңғы күндері еліміздің әр өңірінде өтіп жатқан мәдени шараларға көз жүгіртсек, дәстүр мен жаңашылдықтың өзара са­бақ­та­сып, өнердің жаңа тынысы ашылып келе жат­қанын аңғарамыз.

Сахна төріндегі робот-қуыршақ

Қуыршақ театры десе, көбіміздің көз ал­ды­мызға жіпке байланған немесе қолмен бас­­­­қары­латын кейіпкерлер елестейтіні рас. Алай­да бүгінгі технология өнердің бұл түріне де тың өзгеріс әкеліп отыр. Алматыда өткен IV ха­лықаралық «Almaty Puppet Festival – 2026» фестивалінде көрермен назарына ұсы­ныл­ған робот-қуыршақ осының айқын дә­ле­лі болды.

Бұл халықаралық басқосуға 11 елден 14 театр ұжымы қатысып, 150-ден астам қуыр­шақ өнерінің шебері бас қосты. Фестиваль ая­сында театр мамандары тәжірибе алмасып қа­на қоймай, қуыршақ өнерінің бүгінгі мүм­кіндіктерін де ортаға салды. Соның ішінде ро­бот-қуыршақтың сахнаға шығуы дәстүрлі өнер мен заманауи технологияның тоғысуына жол ашты.

Бұл жаңалық қуыршақ театрының бұрын­ғы болмысынан бас тарту емес, керісінше, оның көркемдік мүмкіндігін кеңейтуге жа­сал­ған қадам. Өйткені өнердің ғұмыры заман өз­герісіне ілесіп, жаңа көрерменге жаңа тіл та­ба білгенде ұзара түседі. Робот-қуыршақ та сахнадағы сол ізденістің бір көрінісі.

Заманымның үнісің сен – домбыра

Ал ұлттық музыка әлемінде жаңашыл­дық­тың өзіндік өрнегі байқалды. Құрманғазы атын­дағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі 93-концерт маусымы аясында Qurmangazy: Next Cover Concert жобасын ұсынды. Көпшілікке таныс заманауи әуендер бұл жолы домбыра мен өзге де халық аспап­тары­ның сүйемелдеуімен орындалды. Қазақ­стан­дық әншілер де қатысқан концертте дәс­түрлі музыка мен бүгінгі музыкалық ба­ғыт­тар бір сахнада тоғысты.

Мұндай бастаманың мәні – жас буынға ұлт­тық аспаптардың үнін өзгеше қырынан та­нытып, төл өнердің тынысын кеңейту. Өйт­кені домбыраның үні – тек өткен күннің ес­те­лігі емес, бүгінгі ұрпақтың да жүрегіне жол таба алатын рухани қазына.

Француз өнеріне виртуалды саяхат

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері му­зейінде ашылған «Цифрлық күз – 2026» фес­тивалі дәстүрлі көрме түсінігін жаңаша қа­лыптастырып отыр. Францияның жетекші цифр­лық студиялары әзірлеген 13 иммерсивті туын­ды VR және AR технологиялары арқылы ұсы­нылған. Көрермен енді картинаны сырт­тай тамашалап қана қоймай, виртуалды кеңіс­тікке еніп, өнер туындысының орта­сын­да жүргендей әсер алады.

Фестиваль аясында Нотр-Дам соборының кө­рінісін тамашалап, Клод Моненің «Су ла­лагүлдері» әлеміне енуге, әйгілі «Мона Лиза» туын­дысын өзгеше қырынан сезінуге мүм­кін­дік бар. Жобаны Франция елшілігі мен Француз институты Француз альянсының қол­дауымен ұйымдастырған. Бұл бастама 2022 жылдан бері өткізіліп келеді. Қара­ған­ды­дағы көрме 10 қарашаға дейін жалғасады. 

Мұндай тәжірибе өнерді қабылдаудың жаңа жолын ашып отыр. Бұрын көрермен туын­дыға сырттай баға берсе, енді оның кеңіс­тігіне еніп, өзін сол шығарманың бір бөл­шегіндей сезіне алады. Технология мұнда өнер­дің орнын баспайды, керісінше, оның әсе­рін күшейтетін құралға айналады.

Өнерге шектеу жоқ

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері му­зейін­де «Өмір шуағы» атты көрме ашылады. Экспозицияға көзі көрмейтін және көру қа­бі­леті төмен суретшілер мен ақындардың шы­ғармалары қойылып, олардың өнер туын­дылары көпшілік назарына ұсынылмақ.

Көрменің ерекшелігі – сурет пен өлеңнің өза­ра үндесуінде. Авторлар қоршаған орта­ның сұлулығын, туған жердің көрінісін, көңіл күй мен ішкі сезімді өз шығармалары ар­қылы жет­кізеді. Кейбір картиналар өлең жол­да­ры­мен толықтырылып, көрерменге туын­дыны бір­неше қырынан тануға мүмкін­дік береді.

Көзбен көре алмау өнерді сезінуге кедергі емес екенін осындай шығармалар дәлелдейді. Кейде адам айналасындағы дүниені жанары­мен емес, жүрегімен танып жатады. Ал өнер сол сезімді өзгеге жеткізудің бір жолы. «Өмір шуа­ғы» көрмесі де шығармашылыққа қабілет пен шабыттың қажет екенін, ал оған жол ашу үшін адамға мүмкіндік беру керектігін еске салады.

Музыка мен сурет бір арнада

Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлт­тық өнер музейі 11 қарашада «Дыбыстар – суретшілер көзімен» атты көрмені көпшілікке ұсын­бақ. Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жыл­дығына арналған жоба музыка мен бей­нелеу өнерінің байланысын танытуға ба­ғыт­талған.

Экспозицияға композиторлар мен ақын­дарға арналған, музыкалық шығар­ма­лардан шабыт алған кескіндеме, графи­ка, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер туын­дылары қойылады. Көрменің басты ерек­шелігі – интерактивті форматында. Әр туын­дының жанына орналастырылған QR-код­ты смартфонмен сканерлеу арқылы кө­рермен суретшіні шабыттандырған музыканы тың­дай алады. Сонымен қатар шығармада бей­неленген тұлғалар туралы мәліметпен та­нысуға мүмкіндік бар. 

Сөйтіп, көрермен суретті көріп қана қой­май, оның әуенін де тыңдайды. Бір қарағанда бө­лек-бөлек өнер түрлері секілді көрінген му­зыка мен бейнелеу өнері осылайша ортақ се­зімге ұласады.

Шекарасыз өнер

Өнердің тілі ортақ деген сөздің жаны бар. Қай елде дүниеге келсе де, шынайы туынды кө­рерменнің жүрегіне жол таба алады. Алма­тыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық өнер музейінде ашыл­ған «Жібек жолының шексіз бұлттары. «Бір белдеу, бір жол»: Алматы бекеті» көрмесі де осы ойды аңғартады.

Көрмеге Қазақстан мен Қытай сурет­ші­лерінің туындылары қойылған. Жібек жо­лы­ның тарихи мұрасын, Шығыс пен Батыс мә­дениетінің байланысын арқау еткен шы­ғармалар екі елдің өнер иелеріне ортақ та­қырыптарды әр қырынан танытады. Бірі та­рих пен дәстүрге үңілсе, енді бірі бүгінгі қо­ғам­ның тынысын, заманауи адамның ой-толғанысын бейнелейді.

Бір қызығы, бұл көрме Алматыға дейін Тегеран мен Ташкент қалаларында да көп­ші­лік назарына ұсынылған. Демек, туындының жолы суретшінің шеберханасымен шектел­мей­ді. Ол елден елге өтіп, жаңа көрерменмен қауы­шып, әр ортада өзінше сөйлейді.

Мұндай мәдени байланыстардың маңызы да осында. Өнер арқылы халықтар бір-бірінің та­рихын танып, дүниетанымына жақындай тү­седі. Ал ортақ көрмелер шығармашылық тә­жірибе алмасуға, жаңа идеялардың тууына мүм­кіндік береді. Жібек жолы кезінде сауда мен өркениетті жалғаса, бүгін өнер мен мә­дениеттің алтын көпіріне айналып отыр.

Бұдан біз өнердің өзгермейтін өзегі сақ­талғанымен, оны жеткізудің жолы жаңарып келе жатқанын аңғарамыз. Дегенмен тех­но­логия қанша жерден дамыса да, өнердің бас­ты өлшемі – адамға әсер ету, жүрекке жету. Ен­деше жаңашылдықтың жөні өткеннің өне­гесін өшірмей, келешектің көкжиегін кеңей­ту болса керек.

Әмина МҰХАНБЕТ

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью