Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Іс-шара салқындату индустриясын, желдету жүйелерін дамыту және жылуфизика саласындағы заманауи технологиялар мәселелеріне арналды.
Ауқымды шараға әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев, Халықаралық Холод академиясының президенті Игорь Баранов, Омбы мемлекеттік техникалық университетінің проректоры Павел Ложников, жобаның халықаралық үйлестірушісі Артем Кушнерев, сондай-ақ Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және өзге де мемлекеттердің ЖОО өкілдері қатысты.
Жиын барысында қатысушылар ғылыми идеялар, академиялық әлеует және бизнесті өзара біріктіру мәселесін көтерді. Бұған қоса, жылуфизика саласын дамыту, энергияны үнемдеу, тамақ өнеркәсібіне арналған заманауи технологиялар мен жабдықтарды әзірлеу бойынша ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Конференцияны ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, ғылым мен инновацияның ел дамуы үшін маңыздылығына тоқталды.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Ғылым мен инновация – еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыратын басты күш», – деп атап өткен болатын. ҚазҰУ – тек білім ордасы ғана емес, ол еліміздің технологиялық дербестігін қалыптастыратын ірі зерттеу хабы. Университет ғылыми ізденістерді өндіріспен тікелей байланыстыруға басымдық береді. Бүгінгі конференция сол стратегиялық бағыттың нақты көрінісі. Салқындату индустриясы мен жылуфизикасы саласындағы жаңалықтар – елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен энергия тиімділігіне қосылатын үлкен үлес», – деді ректор.
Өз кезегінде Халықаралық Холод академиясының президенті Игорь Баранов конференцияның халықаралық ынтымақтастықты нығайтудағы рөліне назар аударды. Өз сөзінде салқындату және криогендік технологиялар саласындағы ғылыми-зерттеулердің қазіргі заман үшін стратегиялық маңызға ие екенін айтты. Академия басшысының айтуынша, мұндай алаңдар ғалымдар арасындағы тәжірибе алмасуды күшейтіп, жаңа ғылыми жобалардың пайда болуына жол ашады. «Бүгінгі ғылым – шекара танымайтын ортақ кеңістік. Халықаралық әріптестік арқылы ғана біз технологиялық прогресті жеделдете аламыз», – деді Игорь Баранов.
Конференция қорытындысы бойынша, ғылыми-техникалық әріптестікті нығайту, бірлескен зерттеу жобаларын жүзеге асыру және тәжірибе алмасу жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру туралы келісімдер жасалды.