Өңір брендіне жол ашты

08.08.2026

Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Тарбағатай тауының баурайы ежелден табиғи өсімдіктерге бай, экологиялық таза аймақ ретінде белгілі. Әсіресе сан алуан бал­ды өсімдіктердің мол қоры ара шаруашылы­ғын дамытуға ерекше мүмкіндік жасап келеді. Соның нәтижесінде Үржар балы жоғары сапасы, қайталанбас дәмі мен табиғи тазалы­ғының арқасында еліміздің әр өңірінде сұра­нысқа ие өнімдердің біріне айналды. Осы әлеуетті одан әрі дамыту, омарта шаруашы­лы­ғын ғылыми негізде жетілдіру және өңір­лік брендті қалыптастыру мақсатында Үржар ау­да­нында алғаш рет Bal Fest Urjar – 2026 фес­тивалі ұйымдастырылды. Ауқымды шара омар­ташылардың тәжірибе алмасуына, ғы­лым мен өндірісті ұштастыруға және табиғи бал өнімдерін кеңінен насихаттауға бағытталды.

Фестивальдың маңызды бөлігінің бірі – омарта шаруашылығын дамытуға арналған ғылыми-практикалық конференция болды. Жиынға Алматы қаласындағы «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылы­ми-зерттеу институты» ЖШС-ның ғылыми қызметкерлері қатысып, аудан омарташыла­рымен өзара пікір алмасып, саланың өзекті мәселелерін талқылады. Конференция бары­сында ара ауруларының алдын алу, оларды диагностикалау мен бақылау, ветеринариялық қауіпсіздікті күшейту, омарта шаруашылығын ғылыми негізде дамыту және заманауи технологияларды өндіріске енгізу мәселелері жан-жақты сөз болды. Мамандар омарта­шы­ларға тәжірибелік ұсыныстар беріп, өнді­рістегі тиімді тәсілдермен бөлісті.

Мұндай кездесулер жергілікті омарташы­лардың кәсіби біліктілігін арттырумен қатар, ғылым жетістіктерін өндіріске енгізуге жол ашады. Бұл өз кезегінде Үржар ауданындағы ара шаруашылығының өнімділігін арттырып, бал өндірісінің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Фестиваль аясында аудан және өңір омарташылары өздерінің табиғи өнімдерін көпшілік назарына ұсынып, арнайы ұйым­дастырылған көрмеде балдың түрлі сұрыпта­рын таныстырды. Қазылар алқасы өнімнің сапасы, табиғилығы, дәмдік ерекшелігі мен омарташының кәсіби тәжірибесін бағалай отырып, үздік қатысушыларды бірнеше аталым бойынша анықтады.

«Жас омарташы» аталымы Көлденең ауылының тұрғыны Валентина Божкоға та­бысталды. «Ардагер омарташы» аталымының жеңімпазы көп жылдан бері осы кәсіппен айналысып келе жатқан Көлденең ауылының тұрғыны Шәкіржан Баиянов болды. «Үздік бал өнімі» аталымында Барқытбел ауылының омарташысы Гүлайым Оспанова үздік деп танылса, «Үздік бал» аталымын Көкөзек ауылының омарташысы Пётр Хрулёв иеленді. Ал фестивальдың ең жоғары марапаты – «2026 жылдың үздік омарташысы» атағы Мақаншы ауданының тәжірибелі омарташы­сы Виталий Тырышкинге берілді. Bal Fest Urjar – 2026 фестивалі өңірдегі омарта ша­руашылығының әлеуетін кеңінен танытып қана қойған жоқ. Ол ғылым, өндіріс және кәсіпкерліктің өзара байланысын нығайтып, табиғи бал өндірісін дамытуға, омарташы­лардың еңбегін дәріптеуге және Үржар балын ұлттық бренд ретінде қалыптастыруға бағыт­талған маңызды алаңға айналды.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру, өңірлік брендтерді дамыту және экологиялық таза өнім өндірісін қолдау мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Үржарда бастау алған Bal Fest Urjar фестивалі тек мерекелік шара емес, ауыл экономикасын әртараптандыруға, кәсіпкерлерді қолдауға және отандық балдың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды бастама ретінде бағаланады.

Табиғаттың мол сыйын тиімді пайдала­нып, ғылыми жаңашылдықпен ұштастыра білген Үржар омарташылары алдағы уақытта да өңірдің ғана емес, Қазақстанның бал өн­дірісіндегі жетекші күштердің біріне айналуға толық мүмкіндікке ие.                                                                                                          

Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,

Абай облысы

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью