Өңір медицинасындағы өзгеріс

28.01.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Кейінгі жылдары мұнайлы өңірдің медицинасында оң өзгеріс байқалып отыр. Атырау қаласында екі емхана мен екі дәрігерлік амбулатория, жедел жәрдем стансасы мен радиологиялық корпус салынып жатыр.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бас­қар­масының басшысы Нұрберген Құсайыновтың дерегіне қара­­­ғанда, «Ауылдық денсаулық сақ­тау­ды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 15 нысанның құрылысы басталыпты. Былтыр 13 нысан пайдалануға берілген. Денсаулық сақтау нысандарын салудағы басты мақсат – ауыл тұр­ғындарына медициналық көмектің қол­жетімділігін арттыру. Сол себептен қазір бірнеше аурухана, емхана мен дәрі­герлік амбулаторияның жобалық-сме­та­лық құжаттамасын әзірлеу қолға алы­нып жатыр.

Жақында Атырау қаласының әкім­шілік бөлінісіндегі Алмалы, Береке ауыл­дарында әрқайсысы 25 орындық жаңа дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Ауыл тұрғындарына алғашқы меди­ци­на­лық-санитарлық көмек көрсетуге арналған амбулаторияға стандартқа сай 170 адамға бір учаскелік дәрігер бекітілді. Мұнда терапиялық қабылдау, жалпы практика дәрігерінің қызметі, профилактикалық тексерулер, жүкті әйелдер мен балаларды бақы­лау, вакцинация, жедел жағ­дай­ларда алғашқы көмек көрсету ісі ұйым­дастырылады.

Сондай-ақ Құрманғазы ауданын­дағы Афанасьев теміржол бекетінде жаңа фельд­шерлік-акушерлік пункт жұ­мысын бастады. Аудан орталы­ғы­нан 25 шақырым қашықтықта орна­лас­қан бекетте 208 тұрғын бар. Жаңа ме­ди­циналық нысанда елді мекен тұр­­ғын­дары дәрігерге дейінгі ал­ғаш­қы медициналық көмекпен толық қамтылады.

Бұған қоса Атырау облыстық жедел меди­ци­­налық жәрдем стансасының сани­тарлық көлік паркі жаңа техникамен толықты. Жаңа көліктер «Теңіз­шев­ройл» ком­па­ния­сының әлеуметтік жауап­кершілігі аясында сатып алын­ған.

«Ұжымдық әлеуметтік жауапкер­ші­лік шеңберінде өңірдегі ірі кен орнын игеріп жатқан компания жедел жәрдем қызметіне автокөліктер алып берді. Бұл өңір тұрғындарына көр­сетілетін шұғыл медициналық көмек­тің тиімділігі мен сапасын арт­тыруға мүмкіндік тудырады. Биыл үш қосалқы бекеті бар заманауи жедел медициналық жәрдем стансасының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл да медициналық қызмет сапасын жетілдіру жолындағы кезекті қадам болмақшы», деді облыс әкімі Серік Шапкенов.

Жедел жәрдем қызметінің авто­пар­­кі­не берілген техниканың арасында JAC маркалы 10, GAZelle Next базасындағы 15 автокөлік санитарлық көлік бар. Бәрі алғашқы медициналық көмек көрсетуге қа­жетті заманауи жабдықтармен то­лық жарақталған.

Қазір облыста 48 жедел жәрдем бригадасы тәулік бойы жұмыс істейді. Оның ішінде бір реанимациялық-интенсивті, бір педиатриялық, 46 фельдшерлік бригада бар. Былтыр атыраулықтардан 103 қызметіне 329 мың 610 шақырту түскен. Жедел жәрдем қызметкерлері 17 мың­­нан астам тұрғынға телефон арқылы кеңес берген. 299 мың 906 науқасқа жедел медициналық көмек көрсеткен.

Атырау облысы 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью