Онлайн марафон: Жаңа жобаның жай жапсары түсіндірілді

17.02.2026

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Сенбі күні елордамызда жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған «Референдум-2026» онлайн марафоны өтті. Алты сағат бойы 100-ге жуық сарапшы, заңгер, қоғам белсендісі мен мемлекет қайраткері ашық диалог алаңында талқылаулар өткізіп, Негізгі заңның мазмұны мен маңызын, қоғам өміріне ықпалын жан-жақты талдады.

Суретті түсірген – Игорь БУРГАНДИНОВ

Жаңа дәуірге аяқ бастық

Ел көлемінде тікелей эфирде трансляцияланған іс-шара басында сарапшылар қоғам талқысындағы Ата заң жобасының артықшылықтарын атап айтып, жаңа­шылдықтарының жай-жапсарын тәптіштеп түсіндірді. Мәжіліс депутаты, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Айдос Сарым бұл реформалар еліміздің бір дәуірден екінші дәуірге қадам басқанын айқын аңғартатынын тілге тиек етті. Оның айтуынша, біз мұнайға ғана тәуелді болып келген заманды артқа тастадық.

«Мұнай өндіру қала беретіні түсінікті. Дегенмен бұдан кейін мұнайдың күш-қуатына емес, адамның күш-қуатына негізделген экономиканы жасауымыз керек. Қазір елімізде шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті. Бұл – үлкен жетістік. Бірақ бұдан да артуы керек. Сонда ғана шын мәніндегі тәуелсіз, халық игілігіне жұмыс істейтін экономикаға қол жеткіземіз. Біз бұған дейін «Биліктің қайнар көзі – халық» деп келсек, енді «Егемендіктің қайнар көзі мен қорғаны – халық» дейміз. Бұл ұстаным аталған ел өміріне деген жауапкершілікті бәріне ортақ қылады», деді депутат.

Сонымен қатар А.Сарым цифр­ландыру саласындағы жетістік­терімізді атап өтті.

«Еліміз ЖИ туралы заң мен Цифрлық кодексті қабылдап, маңыз­ды қадам жасады. Бұл салада қол жеткен жетістіктеріміз аз емес. Енді осы бастамаларды Конституция арқылы нығайту қажет. Бұл – шын мәнінде революциялық жаңалық», деді ол.

Мəжіліс депутаты, Конс­­титу­циялық комис­сия мүшесі Айдарбек Қо­жа­назаров көпшіліктен ке­ліп түскен цифрлық дербес деректерді қорғау, жеке­меншік мүлікті қор­ғау, сон­дай-ақ ашықтыққа қатыс­ты пікірлер мен ұсыныстар жайын­да айтты.

«Ұсыныстар қатарында көп қозғалған әрі бұған дейін де бірне­ше рет көтерілген мәселе – цифр­лық деректерді қорғау мәселесі. Азаматтың құқығы офлайн ғана емес, онлайн да қорғалуы керек екенін айтып келе жатырмыз. Мәжі­лісте Цифрлық кодексті де қабылда­дық. Оны Ата заңымызда белгілеу маңызды шешім болды. Екінші мәселе – азаматтардың жекеменшік үйін қорғау, ол соттың шеші­мінсіз жүзеге асырылмайтынын бекіту. Желілерде түрлі оқиғаны көр­дік, соған жол бермес үшін осындай шешім қабылданды», деді А.Қожа­назаров.

Егемендік пен тәуелсіздіктің ара-жігі

Мемлекеттік басқару акаде­миясы Басқару инсти­ту­тының директоры Құра­лай Садықова сөзінде жаңа Конституция жобасын нор­ма­тивтік құндылықтарды айқындайтын Ата заң ретін­де қабылдау қажеттігін жет­кізді. Оның айтуынша, құжатта еліміздің өзіндік ұлттық мәдениеті мен терең тарихы бар екені нақты көрсетілген. Сондай-ақ преамбулада егемендік пен тәуелсіздік ұғымда­рының айырмашылығы да айқын ажыра­тылған.

«Ең алдымен Конс­титуцияны заңдық қағи­да­лары бекітілген ресми құжаттан бұрын, нор­ма­тив­тік-құндылықтық қатар анық­талатын негіз, Ата заң ретін­де қабылдауы­мыз қажет. «Байырғы қазақ жерін­дегі мемлекеттіліктің сабақтасты­ғы» дегеніміз – он немесе жүз жыл емес, мыңжыл­дық тарихы бар, өзіне ғана тән ұлттық өркениеті мен мәдениеті болған тарихи сабақ­тастықты білдіреді. Бұл – жаһандық деңгейде қазақ халқының ұлы тарихы болғанын мәлімдейтін норма. Сондай-ақ көп адам егемендік пен тәуелсіздік ұғымдарын ажырата алмай жатады. Тәуелсіздік сыртқы күштерге бағынбау, дербестік дегенді білдірсе, егемен­дік – мемлекеттік биліктің басымдығын айқындайтын ұғым. Ал биліктің қайнар көзі халық екенін көрсетілген. Сондықтан тарихи дискурс тұрғысынан ата-бабамыз­дан жалғасқан мәдени, өрке­ниеттік жетістіктерімізді кейін­гі ұрпаққа жеткізу үшін біз­ге беріліп отырған ұлы ама­нат», деп атап өтті сарапшы.

Осы орайда Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров жа­һандану үрдісімен бірге елімізге шеттен келіп жат­қан жағымсыз тенденциялар жайында пікір білдірді. Оның айтуынша, қазір Батыстан да, Шығыстан да шекара асып жатқан теріс құбылыс көп.

«Қазақ халқы – ынты­мақшыл, ұйымшыл, кішісін құрметтеп, үлкенін сыйлай білетін. Ал шекара асып келіп жатқан үрдістер біз­дің ұлттық ерекшеліктеріміз­ге сәйкес келмей жатады. Біз ондайлар­дың жолына тосқауыл қойып отыруымыз керек. Оның ішінде фундаментализм, терроризм, сондай-ақ басқа да теріс тәрбие беретін жайттар бар. Осындайда қазақ халқы бас болып, еліміздегі өзге ұлт өкілдеріне бағыт-бағдар беріп, елдің теңдігі мен тұрақтылығын сақ­тап отыруымыз қажет. Бұл тұрғы­да конфессияаралық және этнос­аралық қатынастардың маңызы зор. Еліміздің тәуел­сіздігіне, ең біріншіден, қазақ халқы жауапты. Сондықтан  салиқалы саясат жүргізіп, азаттығымызды қызғыштай қорғап, өзге ұлт өкілдерін сыйлайтын әрі үлгі көрсететін халық болуымыз керек», деді депутат.

Адам игілігіне бет бұрған жоба

Онлайн-марафон барысында Мәжіліс депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі Үнзила Шапақ Ата заң преамбуласының ерекшелігі жайында пікір білдірді. Оның айтуынша, жаңа Конституцияның кіріспесі – өткен тарихымызды дәріптей отырып, болашаққа бағдарымызды анықтайтын іргетас.

«Қолданыстағы Конс­титу­ция­ның преамбуласы мен жаңа преам­бу­лада үлкен айырмашылық бар. Біріншіден, қолданыстағы Ата заңды қабылдаған кезде оның кі­ріс­­песі азаматтардың ұстанатын құндылықта­ры, саналық деңгейіне бай­ланысты жазылды. Уақыт өте өзіміздің өткенімізді зерделеп, байырғы қазақ жерінде болған мемлекет­тердің мұрагері екеніміз­ді заңды түрде бекіту үшін құ­жат халықтың мүдде­сіне ба­ғытталып, жаңа көзқараспен жазылды», деді депутат.

Сонымен қатар Ү.Ша­пақ жаңа Конституция жоба­сындағы басты құнды­лық адам капиталы екенін тілге тиек етті.

«Кейінгі кездегі ғылыми жетіс­тіктерді сараласақ, ғы­лыми жаңа­лықтардың 27,4 пайызы ком­мер­цияланған. Соның нәтижесінде 118 млрд-тан аса қаржы түс­кен. Мұ­ның өзі ғылым, білім­ге капитал салсақ, мем­лекетіміздің байлы­ғы адам капиталы арқылы ғана өлшенетіні­не дәлел болады. Бұл Конституция жобасы – адам игі­лігіне бет бұрған жоба. Адам құқықтары мен бостандықтары­ның мүлтіксіз сақталуын нақты бекіт­тік. Басты құндылық – адам капи­талы, білім, ғылым, иннова­циялық жетістіктер», деді ол.

Іс-шара барысында «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, Конституциялық комиссия мүшесі Дихан Қамзабекұлы «Қоғам­дық диалогтің маңызы қандай?» деген сұраққа жауап берді.

«Жаңа Ата заң жобасында қоғам­мен диалог мем­лекеттің негізгі құн­дылық­тары қатарында көрсетіліп отыр. Оның басты бағдары – қоғам мен билік арасын­да алтын көпір болу. Мұның түрлі сатысы бар. Қоғам –  белгілі деңгейде атқарушы билік пен заң шығарушы биліктің, сот жүйесінің әрі сыншысы, әрі сұхбаттастыққа дәнекері», деді ол.

Сонымен қатар Д.Қамза­бекұлы азаматтық қоғам мәселесіне де тоқ­талды. Оның айтуынша, бұл да – қоғамның әлеуметтік-экономикалық да­муы­ның құрамдас бөлігі.

«Тұтастай алғанда, хал­қы­­мызда «Келісіп піш­кен тон келте болмас» деген сөз бар. «Төртеу түгел болса, тө­бедегі келеді. Ал­тау ала болса, ауыздағы кетеді» деген мың­жылдық нақылымыз да бар. Біздің төрт тара­пымыздың, төрт құбыламыздың тү­ген­делуіне қоғамдық диалог бірден-бір себепші болады», деді комиссия мүшесі.

Жиын барысында саясаттанушылар Индира Рыстина мен Әйгерім Серікжанова, Қазақстан заң­герлер одағының төрағасы Серік Ақылбай, Сенат депутаттары Нұрлан Бекназаров, Руслан Рүстемов, Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева, Мәжіліс депутаттары Азат Перуашев, Жанарбек Әшімжан, Асхат Рақымжанов, Магеррам Ма­гер­рамов, т.б. сарапшылар ортаға шығып, пікірлерімен бөлісті.

Айта кетейік, 15 наурызда елі­мізде республикалық референдум өтеді. Сол күні ел халқы жаңа Конс­титуция жобасына қатысты өз таң­дауын жасайды. 

Соңғы жаңалықтар

Асыл мұрамызды әлемге қалай танытамыз?

Руханият • Бүгін, 08:15

Михаил Шайдоров – Олимпиада чемпионы!

Олимпиада • Бүгін, 08:10

Өрнекпен өрілген өнер

Өнер • Бүгін, 08:05

«Ажалын жоғалтқан адамның» тұсауы кесілді

Басылым • Бүгін, 08:00

Іле Алатауы саябағында жабайы аң фототұзаққа түсіп қалды

Жануарлар • Кеше

Ұлытау облысында инвестициялық жобалар талқыланды

Инвестиция • Кеше

Жаңа Конституция – әр азаматтың құқығын мемлекеттің басты міндеті ретінде бекітетін құжат

Ата заң • Кеше

Риза Сүйіндік: Конституция – билік үшін емес, халық үшін жазылған негізгі заң

Ата заң • Кеше

Ұлытауда «Сағаттар сыры» көрмесі ашылды

Аймақтар • Кеше

Қазақстан құрамасы әртістік жүзуден Әлем кубогы кезеңін алты медальмен аяқтады

Спорт • Кеше

Қызылордада Қорқыт ата университетінің ректоры таныстырылды

Аймақтар • Кеше

Абай ауданында дін мен дәстүрді сабақтастырған орталық ашылды

Дін • Кеше

Ибраһим келісімі Қазақстанға қандай пайда береді?

Саясат • Кеше

Еліміздің өнеркәсіптік кәсіпорындары жаңа Конституция жобасын қолдады

Ата заң • Кеше

Нұрлан Имам конституциялық реформа кезеңінде қазақстандықтарды бірлік пен жауапкершілікке шақырды

Ата заң • Кеше

Барлық жаңалықтар

Маңызды жаңалықтар мен жаңартуларды өткізіп алмау үшін Qazaq24.com сайтын қадағалаңыз.
Читать полностью