Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Мұндай кезек 13 сәуірден бастап байқалған. Өйткені, сол күннен бастап Қазақстанда еңбек иммигранттарына жұмысқа рұқсат беру және оны ұзарту бойынша мемлекеттік қызмет ХҚО-ларда қолжетімсіз болып, өтінімді қабылдау форматы онлайнға көшті.
Фото: Нұрбибі ТеміртасоваШетел азаматтарына migration.enbek.kz платформасы арқылы қызметке қол жеткізу үшін ЭЦҚ қажет. Ал қолтаңбаны халыққа қызмет көрсету орталығына келіп алуы керек.
Фото: Нұрбибі Теміртасова— Мен кеше кезекке тұрып, кіре алмай кеттім. Бүгін 1 сағаттай уақыт сыртта тұрып, кезек бойынша ішке кірдім. Өңірге жұмыс істеуге келдім. Жұмысқа кіру үшін қызметімді заңдастыруым керек, — деп пікір білдірді Өзбекстан азаматы Сабыржан Ибадлаев.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Атырау облысы бойынша филиалының көші-қон халыққа қызмет көрсету бөлімінің өкілдерінің айтуынша, қаладағы үш халыққа қызмет көрсету орталығында да осындай қызмет көрсетіліп жатыр.
Фото: Нұрбибі Теміртасова— Шетел азаматтары ЭЦҚ ашу үшін паспортының аудармасын нотариалды бекіту қажет. Кейін қолтаңба алу үшін растаудан өтеді. Қолтаңбаны алғаннан кейін жұмыс берушілерімен бірге онлайн, яғни арнайы сайт арқылы тапсырады, — деді бөлімнің бас маманы Нұрлан Көпбаев.
Мемлекеттік корпорациясының Атырау облысы бойынша филиалының берген ақпаратына сүйенсек, сәуір айының 1–10-ы аралығында Атырау облысы бойынша көші-қон ХҚО бөлімдері арқылы еңбекші иммигранттарға рұқсат беру қызметі бойынша 1466 өтініш қабылданды.
Сонымен қатар, иммигранттарға ЖСН беру қызметі бойынша 191 өтініш тіркелген.
Ал қызмет толық цифрлық форматқа көшкеннен кейін, яғни 13–21 сәуір аралығында өтініштер саны айтарлықтай артқан. Мәселен, электрондық цифрлық қолтаңба алу үшін 650 иммигрант жүгінсе, уақытша тіркеуге тұру бойынша 703 өтініш қабылданды. Ал ЖСН алу бойынша 211 өтініш тіркелді.
Фото: Нұрбибі Теміртасова— Қазіргі уақытта көші-қон қызметтері орталығында шетел азаматтарының, оның ішінде көршілес мемлекеттерден уақытша және маусымдық жұмыстарға келетін еңбекші иммигранттардың ағымының маусымдық артуы байқалады. Бұл үрдіс жыл сайын қайталанып, осы кезеңде еңбек көші-қонының жандануымен байланысты. Бұл орталықта бір мезетте болатын келушілер санының артуына әсер етеді, — деп мәлімдеді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ АОБФ.
Бұған дейін Алматы қаласындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында жеке менеджер қызметін қолданатындар көбейгенін жазған едік.