Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Оңтүстік Кореяда Ичхон қаласындағы шабуылға қатысты іс бойынша 21 жастағы қазақстандық ұсталды. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі ұсталған азаматқа консулдық-құқықтық қолдау көрсетіліп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оқиға туралы не белгілі?
Оңтүстік Кореяның KBS News басылымының мәліметінше, оқиға 29 шілдеде сағат 23:40 шамасында Кёнгидо провинциясындағы Ичхон қаласында болған. Тергеу нұсқасы бойынша, 21 жастағы қазақстандық 25 жастағы танысымен (ол да Қазақстан азаматы) бірге 30 жас шамасындағы ер адам басқарған көліктің соңына түскен. Олар көліктің жолын бөгеп, жүргізушіге сес көрсеткен, сондай-ақ көліктің алдыңғы бөлігін тепкілеген.
Оқиға бейнетіркегішке түсіп қалған. Жазбада күдіктілердің көлігі зардап шегушінің соңынан қуып жетіп, жолын жауып тастағаны көрінеді. Содан кейін екі ер адам көліктен түсіп, жәбірленушінің көлігіне қарай беттейді.
Басылым 16 қазанда полиция 21 жастағы қазақстандықты сол Кёнгидо провинциясындағы Ансон қаласындағы көппәтерлі үйлердің бірінде ұстағанын хабарлады. Сот оны "қашып кетуі мүмкін" деген негізбен қамауға алуға ордер берді. Күдікті оқиғадан 79 күн өткен соң қолға түсті.
Күдікті не деді?Жауап алу кезінде қазақстандық сол күні көлік сатып алу туралы мәмілесі іске аспай қалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, кері қайтып келе жатып, жәбірленушінің көлігін мәміле жасамақ болған адамның көлігі екен деп қалып, соңына түскен.
Бастапқыда полиция күдіктілерді анықтай алмай, қыркүйектің ортасында іс ашылмаған қылмыстар санатына ауыстырылған. Алайда бейнежазба интернетте тарап, бастапқы тергеу жұмыстары сынға ұшырағаннан кейін құқық қорғау органдары істі қайта жандандырды.
Тергеушілер бейнетіркегішке түскен көлік нөмірінің бір бөлігін қалпына келтіріп, оны көлік моделі туралы мәліметтермен салыстырды. Содан кейін олар әлеуметтік желілерде жарияланған көлік сату туралы хабарландырулар мен байланыс деректерін зерттеп, нәтижесінде күдіктінің жеке басын анықтады.
Оқиғаның екінші қатысушысы, 25 жастағы Қазақстан азаматы басқа іс аясында - Оңтүстік Кореяда заңсыз жүргені үшін анықталды. Оңтүстік Корея БАҚ-тарының мәліметінше, қазанның басында ол елден мәжбүрлі түрде шығарылған.
Қазақстан СІМ не дейді?Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Ичхон қаласының полициясы Қазақстан азаматын ұстағаны туралы ақпаратты растады.
"Оған өзге мүлікті зақымдау, миграциялық режимді сақтамау және көлік пайдалану ережелерін бұзу сияқты бірқатар құқықбұзушылық бойынша айып тағылып отыр", - деп хабарлады ведомство.
СІМ қазақстандық дипломаттар ұсталған азаматқа консулдық-құқықтық қолдау көрсетіп, мәселені бақылауда ұстап отырғанын атап өтті.
Бұған дейін АҚШ-тың иммиграция және кеден полициясы ведомство "Қазақстаннан шыққан және терроризм бойынша күдікті немесе солай деп болжанған адам" деп сипаттаған ер адам ұсталғанын хабарлаған болатын. Алайда америкалық тарап егжей-тегжейлі мәлімет бермеді, ал Қазақстан СІМ бұл ақпаратты тексеріп жатқанын хабарлады.
Тағы оқыңыз:Корея визасы үшін 12 миллион ба? Шымкенттегі іс күтпеген бағытқа бұрылды
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу