Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Британдық Henley & Partners консалтингтік компаниясы сейсенбі күні жариялаған соңғы талдау өткен жылы Оңтүстік Кореядан 2400 миллионердің кеткенін көрсетті. Бұл көрсеткіш 2024 жылы тіркелген 1200 адаммен салыстырғанда екі есе көп. Осылайша, Оңтүстік Корея миллионерлердің кетуі бойынша Ұлыбритания, Қытай және Үндістаннан кейін әлемде төртінші орынға шықты, деп жазады South China Morning Post.
— Капитал көші-қонының жеделдеуінің негізгі себебі Кореядағы мұрагерлік салықтың жоғары мөлшерлемесі болуы мүмкін. Ол 60 пайызға дейін жетеді, — деді Кореяның Сауда-өнеркәсіп палатасының (KCCI) өкілі.
Ұлттық жиналыс әлемдегі ең жоғары мұрагерлік салық мөлшерлемесін төмендету туралы заң жобасын талқылауды уақытша тоқтатқандықтан, бизнес-қауымдастық 2072 жылға қарай Кореяның мұрагерлік салықтан түсетін кірісі 35,8 трлн вонға (шамамен 25 млрд АҚШ доллары) жетуі мүмкін деп болжайды. Ал 2024 жылы бұл көрсеткіш 9,6 трлн вонды құраған.
Бұл болжам салық салынатын тұлғалар санының тұрақты өсуімен байланысты. Оған заңнамаға өзгерістер енгізудің бірнеше рет кейінге қалдырылуы және адамдардың өмір сүру жасының ұзаруы әсер етіп отыр.
KCCI үкіметті ірі компанияларды мұраға алатын тұлғаларға мұрагерлік салықты 20 жылға бөліп төлеуге рұқсат беруге шақырды. Қазіргі таңда мұндай мүмкіндік тек шағын және орта бизнес мұрагерлеріне ғана қарастырылған. Ал жеке тұлғалардан немесе ірі конгломерат иелерінен актив мұраға алатындар салықты 10 жыл ішінде толық төлеуге міндетті.
Бұған дейін хабарланғандай, Оңтүстік Кореяның бұрынғы бірінші ханымы сыбайлас жемқорлыққа қатысты сот үкіміне шағымданды.