Опералия мәреге жетті

09.07.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

21 мамырда басталған және алғаш рет «Астана Опера» аумағынан тыс шыққан «Опералия-2026» халықаралық музыкалық фестивалі аяқталуға жақын. Әлемнің 16 елінің әртісін жинаған екі айлық марафонның соңғы аккорды Джузеппе Вердидің «Дон Карлос» операсы болмақ. 11 және 12 шілде «Астана Опера» XIII театр маусымының салтанатты жабылуын айғақтайтын осы монументалды туындының көрсетілімі өтеді. Негізгі партияларды әр күндері танымал шеберлер орындайды. Король Филипп II рөлінде 11 шілдеде шақырылған солист Джакомо Престия (Италия) – миландық Ла Скала, Вена мемлекеттік операсы, Париж ұлттық операсы, Неапольдегі Сан-Карло және басқа да көптеген театрда дауысы естілген вердилік репертуардың жетекші орындаушыларының бірі. Бір күннен кейін бұл бейнені Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Евгений Чайников сомдайды.

– Филипп II рөлі менің сүйікті рөлім, мен оны бүкіл әлемде ондаған рет орындадым. Бұл бас үшін ең мықты партия, себебі ол вокалды да, актерлік те сан түрлі интерпретацияға мүмкіндік береді. Филипп тарихи тұлға болғандықтан, оны терең зерттедім: әртүрлі өмірбаяндық материалдар мен тарихи мәліметтерге жүгіндім, бұл мені XVI ғасырдағы Испания тарихымен танысуыма жол ашты. Астана жұртшылығына өзімді көрсетіп, сахнаны қазақ әншілерімен бөлісуді асыға күтіп жүрмін, – деп атап өтті әнші. 

Ұлы инквизитор партиясында 11 және 12 шілдеде Михаил Гужов сахнаға шығады. Ол – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, Мәскеудің «Геликон-опера» музыкалық театрының солисі. Ал басты кейіпкер Дон Карлостың ең күрделі партиясын «Астана Операның» жетекші солистері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Медет Чотабаев пен Саян Исин орындайды. Елизавета Валуаны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бибігүл Жанұзақ пен Жұпар Ғабдуллина, Родригоны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев пен Расул Жармағамбетов, Эболи ханшайымын Салтанат Мұратбекова және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Вицинская сомдайды.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью