Оқуға түсе алмаған талапкерлерге тағы бір мүмкіндік: 3 мыңға жуық білім гранты қайта бөлінеді

17.07.2026

Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру комитеті басқармасының басшысы Жандәулет Құдайбергенов мемлекеттік білім гранттарына арналған негізгі конкурс 20 шілдеге дейін жалғасатынын, ал оның қорытындысы 10 тамызға дейін жарияланатынын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның айтуынша, жыл сайын республикалық бюджет есебінен бөлінетін шамамен 3 мың мемлекеттік білім гранты бос қалады.

«Тәжірибе көрсеткендей, грант иегерлерінің бір бөлігі шетелдік жоғары оқу орындарына түседі, енді бірі мерзімді әскери қызметке шақырылады немесе түрлі жеке жағдайларға байланысты оқуын жалғастырмайды. Соның салдарынан шамамен 3 мың грант қайта босайды», – деді Жандәулет Құдайбергенов.

Ол негізгі конкурс аяқталғаннан кейін бос қалған гранттар қайта үлестірілетінін айтты.

«10 тамыздан кейін бас тартылған гранттардың тізімі жасақталып, тамыз айының ортасынан қыркүйектің басына дейін қайта конкурс өткізіледі. Бұл үшін талапкерлерден қосымша құжат талап етілмейді. Себебі барлық қажетті құжат негізгі конкурс кезінде тапсырылған», – деді комитет басқармасының басшысы.

Оның сөзінше, босаған гранттар негізгі конкурсқа қатысқан талапкерлер арасында ҰБТ нәтижесі мен конкурстық іріктеу қорытындысына сәйкес қайта бөлінеді.

Осылайша, алғашқы кезеңде мемлекеттік грантқа іліге алмаған талапкерлерге тағы бір мүмкіндік беріледі.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью