Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
АСТАНА, 26 мамыр – Sputnik. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев оқушылардың каникул кезіндегі негізгі табыс көздері жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазақстан заңнамасы бойынша 14 пен 18 жас аралығындағы балаларға еңбек етуге рұқсат бар. Бүгінде осы санаттағы балалардың жалпы саны 1 млн 700 мың адамды құрайды. Ал министрліктің ақпараттық жүйелеріне түскен деректер бойынша бүгінгі күні ресми түрде 5 мың 300 оқушы жұмыспен қамтылған.
"Жасөспірімдердің басым бөлігі сауда, ойын-сауық және демалыс қызметтері, сондай-ақ қоғамдық тамақтану салаларында жұмыс істейді. Бұл – олардың алғашқы еңбек тәжірибесін меңгеретін бағыттар. Ал мамандықтар бойынша көгалдандыру жұмысшылары, курьерлер, даяшылар, сатушы-консультанттар, аспаз көмекшілері, аниматорлар болып еңбек етеді", - деді Ертаев үкіметтің бүгінгі отырысында
Қазіргі еңбек жасындағы балалардың басым бөлігі оңтүстік аймақтарда – Түркістан (236,6 мың), Алматы (143,5 мың), Жамбыл (120 мың) облыстарында тұрады. Сондай-ақ, Алматы (161,8 мың), Астана (107 мың) мен Шымкент (112 мың) қалаларында көп тіркелген.
"Оқушылар арасындағы ең жоғары жұмыспен қамтылу мегаполистерде байқалады. Ол республика бойынша жұмыс жасайтын балалардың 59%-ды құрайды. Себебі ірі сауда, ойын-сауық орталықтарының дені мегополистерде орналасқан", - деді министр.