Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
АСТАНА, 9 қыркүйек – Sputnik. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқушылардың мектепке орамал тағып баруына қатысты өз ұстанымын жариялады.
"Ислам шариғаты бойынша балиғат жасына жеткен мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Бұл мәселедегі діни үкім өзгермейді. ҚМДБ бұған дейін де осы ұстанымды ашық білдіріп, мектеп жасындағы қыздардың білім алуына кедергі клетірмей, діни міндетін орындауына мүмкіндік беретін оңтайлы шешім қабылдау жөнінде тиісті органдарға ұсыныстарын жеткізген", - деп хабарлады мүфтият.
Атап айтқанда, мектеп формасының жалпы үлгісі мен түсіне үйлесетін орамалға рұқсат беру ұсынылған.
"Біздің пайымымызша, оқушының орамал тағуы оның білім алуына кедергі болмауы тиіс. Сол секілді білім беру ұйымдарының мұсылман қыздардың діни ұстанымына түсіністік танытуы мектепті лицензиядан айыруға негіз болатын мәселеге айналмағаны жөн. Осы себепті ҚМДБ орамал тағуға мүмкіндік берген жекеменшік мектептерді лицензиядан айыру секілді қатаң шараларды қолдануды құптамайды", - дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында.
Басқармада зайырлылық - дінді жоққа шығару немесе азаматтың діни сенімін шектеу деген сөз емес екенін еске салып, орамалға тыйым салу және оны әкімшілік шаралар арқылы шешу қоғамдағы түсініспеушілікті ушықтыруы мүмкін екенін ескертті.
"Сондықтан ҚМДБ Оқу-ағарту министрлігіне және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдарға мектеп формасының талаптарын сақтай отырып, балиғат жасына жеткен мұсылман қыздардың орамал тағуына мүмкіндік беретін нақты құқықтық тетіктерді қарастыруды ұсынады", - деп жазылған мәлімдемеде.
Еске салсақ, жақында оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова биылғы оқу жылында хиджаб киіп келу жағдайлары тіркелсе, мектеп лицензиясын қайтарып алу сияқты шара қолданылатынын ескертті.