Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
БҚО бойынша экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде мәлім еткеніндей, облыс әкімі мен Экология министрі 2020 жылы қазан айында бекіткен өңірдің экологиялық мәселелерін кешенді шешу бойынша 2021-2025 жылдарға арналған жол картасының мерзімі аяқталды.
Мұрат Шыманғалиұлының сөзіне қарағанда, жоспарланған 17 іс-шараның 13-і шешімін тапты. Соның ішінде 9-ы жүзеге асырылса, 4-еуі тұрақты бақылауға алынған. Айталық, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында БҚО-ның елді мекендерін көгалдандырудың және жасыл аймақ құрудың 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік жоспарына сәйкес 5 жылда Орал қаласы мен аудандарда 722,8 мың түп ағаш отырғызу жоспарланған еді. Күні бүгін бұл 100,5 пайызға (726,8 мың) орындалды.
– Үш іс-шара орындалмады. Атап айтқанда, Орал және Ақсай қалаларында жаңадан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу, ескілерін рекультивациялау қолға алынбады. Сондай-ақ Ақсайда кәріз-тазарту құрылыстарын толық реконструкциялау және Оралда «Батыс су арнасы» ЖШС-ның айналымды сумен жабдықтау желілері мен құрылыстарын салу кідіріп тұр. Мұның негізгі себебі – қаржының жетіспеуі. Мысалы, жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес тек Орал қаласында жаңа полигон салу үшін шамамен 20 млрд теңге керек. Мұндай көлемде жергілікті бюджетте жоқ. Сондықтан бұл мәселелерді шешу үшін инвесторлар іздестіріліп жатыр, - деді М.Ермекқалиев.
Оның айтуынша, тағы бір іс-шараның мерзімі 2028 жылға дейін ұзартылған. Президенттің Батыс Қазақстан облысының орман қорында 56,6 млн түп ағаш отырғызу тапсырмасына сәйкес күні бүгінге дейін 39 млн көшет (69 пайыз) егілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да кен орнында газ алауы жағылуына байланысты таяудағы ауылға келер қауіп қандай екенін жазған едік.