Qazaq24.com, 24.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Орал қаласында Заң мен тәртіп қағидатын іске асыруда сандық технологиялар көмекке келді. Шаһарда жасанды интеллект жүйесімен байланысқан 300 бейнебақылау камерасы іске қосылды.
Желтоқсанның 20-нан бері осы қондырғылардың көмегімен 8 қылмыс, жол ережесі бұзылған 692 факт автоматты түрде анықталған.
Полиция департаментіндегі жедел басқару орталығында қаланың барлық ауданы алақанға салғандай айқын көрініп тұр. Әрбір құқықбұзушылық, соның ішінде бағдаршамның қызыл түсіне өткен көлік, жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өткен жүргінші, тазалық талаптарын бұзып қоқыс тастаған тұрғындар жайлы автоматты түрде белгі беріледі. Ол аздай жасанды интеллект арқылы айыпты азаматтың аты-жөні де санаулы сәтте анықталады. Іздеуде жүрген күдіктілерге, бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылса да рөлден айырылмаған жүргізушілерге енді бұлтаруға мүмкіндік жоқ.
Ернар Сұлтанғалиев, БҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары:
- 300 жаңа аналитикасы бар камера орнатылды. Олар дер кезде құқықбұзушылықтарды және топпен жасалып жатқан қылмыстар мен адамдар жиналған жер мен іздестіруде жүрген азаматтар, автокөліктерді дер кезінде анықтап, мында ақпарат беріп шара қолдануға ықпал көрсетіп жатыр. Жаңа құрылғы автоматты түрде анықтайды.
«Қауіпсіз өңір» бағдарламасы бойынша болашақта сандық технологиялардың қолданылу аясын кеңейту көзделген. Былтыр Бөрлі, Бәйтерек, Сырым аудандарында 246 бейнебақылау камералары орнатылып, жедел басқару орталығы құрылса, биыл тағы төрт ауданда осындай жұмыстар қолға алынбақ. Бүгін өткен «Қауіпсіз өңір – сенімді болашақ» форумында айтылғандай, мектеп, балабақша, аурухана секілді әлеуметтік нысандар да онлайн бақылауда болады.
Азамат Кустанов, БҚО Прокурорының орынбасары:
- «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету мақсатында Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасының бастамасымен «Қауіпсіз өңір» жобасы іске асырылуда. Ол жоба 2025 жылдан бастап жүзеге асып жатыр. Бүгінгі іс-шара ол жобаның жоспарын жаңартып, жаңа жұмыстар қосу.
Президент Жарлығымен 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланғаны мәлім. Бұл бастама мемлекеттік басқару жүйесін, оның ішінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетіктерін жаңа сапалы деңгейге көтеруге бағытталған. Осы орайда «Қауіпсіз өңір» жобасы аясында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану құқық қорғау жұмыстарының тиімділігін арттыра түспек.
Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Басты ерекшелігі неде? Бір-екі мысал келтіре кетейін. Мектеп жасындағы балалардан бастап, үлкен азаматтар арасындағы қылмыс мәселесі, шағын құқық бұзушылықтан бастап үлкен қылмыстардың алдын-алуға көмектесетін, болдырмауға жағдай жасайтын, профилактика жағынан күшті жоба. Сонымен қатар айта кету керек, жергілікті атқарушы орган тарапынан жасалған материалдық қолдау өте маңызды рөл атқарып отыр. Сондықтан да бұл форумдағы мәселе Мемлекет басшысының «Заң мен тәртіп» қағидатына толық сәйкес келеді.
«Қауіпсіз өңір» жобасы іске қосылған қысқа мерзімде облыс орталығында жалпы қылмыс деңгейі 7,9 пайызға төмендеген.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов