Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Іс материалдарына сәйкес, қала тұрғыны 80 миллион теңгеден астам материалдық шығынды өтеуден жалтару үшін өз мүлкін басқа адамның атына аударған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының №2 сотында қаралған іс бойынша, ЖШС сотқа жүгініп, 44 шаршы метрлік пәтерді сыйға тарту шартын жарамсыз деп тануды сұраған.
Сот анықтағандай, бұған дейін заңды күшіне енген үкіммен жауапкерден компания пайдасына 80 миллион теңгеден астам қаражат өндірілген. Атқарушылық іс қозғалғаннан кейін ол бірнеше жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару мәмілелерін жасаған. Соның ішінде даулы пәтер де үшінші тұлғаға «сыйға тартылған».
Алайда сот барысында үшінші тұлғаның бұл пәтерде тұрмайтыны, тіркелмегені және іс жүзінде мүлікті пайдаланбағаны белгілі болды.
Сот мәміле шын мәнінде мүлікті жасырып, кредитор алдындағы міндеттемеден жалтару мақсатында жасалған деген қорытындыға келді. Нәтижесінде, сыйға тарту шарты жарамсыз деп танылып, пәтер бұрынғы иесіне қайтарылды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.