Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Бейнежазбада ер адам Шаған өзенінен өтетін көпір маңында кәріз суының тұрба арқылы өзенге ағып жатқанын айтады.
- Кәріз суының өзенге ағуы үшін тұрбаны әдейі істеген бе? Лас су Шағанға, одан Жайыққа құйылады. Бүгін 7 наурыз, кешкі сағат 18.00, - дейді тұрғын.
«Батыс су арнасы» ЖШС-ның баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 7 наурыз күні сағат 20.30-да 18А кәріздік сорғы стансасына бағытталған диаметрі 600 мм қысымды кәріз құбырының техникалық шұңқырында апатты жағдай орын алды.
- Апаттың әрі қарай өршуіне жол бермеу үшін шұғыл түрде кәріз құбырларын пайдалану учаскесі жұмыс тобының күшімен қосымша кәріз құбырына қайта қосу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта кәріз құдығы аймағына шыққан ағынды суларды тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған қоса апатты жою жұмыстарына керекті жабдықтар дайындалу үстінде, - делінген ресми мәліметте.
БҚО бойынша экология департаментінің басшысы Мұрат Ермекқалиевтің Kazinform тілшісінің сауалына орай мәлім еткеніндей, оқиға орнынан сынама алынып, соның қорытындысына сәйкес тиісті шешім қабылданады.
Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының Батыс Қазақстан облысы бойынша бөлім басшысы Қанат Өтеғалиев табиғат қорғау полициясы материал толтырып жіберсе, құзырет шегінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 358-бабына сәйкес әкімшілік шара қолданылатынын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда тұрғындар қардың су қорғау аймағына төгіліп жатқаны туралы дабыл қаққанын жазған едік.
Оралда қардың су қорғау аймағына шығарылуына байланысты әкімдікке айыппұл салынды.