Оралда көпқабатты үйлердің кәріз жүйесі неліктен бітеліп қалды әкімдік жауап берді

27.03.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

Қоғам белсендісі Мұхтар Өтесовтің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім еткеніндей, тұрғындар бір аптадан бері кәріз мәселесінен көз ашпай отыр. 

— Бұл үйлерде ерекше балалар тәрбиелеп отырған әлеуметтік жағынан осал топтағы жандар тұрады. Салынғанына екі-үш жыл болған көпқабатты үйлердің кәріз жүйесі бітеліп, жағдай күннен-күнге ушығып барады. Тұрғындар пәтер иелері кооперативіне айтса, олар «Батыс су арнасы» ЖШС «теңгерімде жоқ» деп өтінішті қабылдамайды дейді. Тұрғындар «Батыс су арнасы» мекемесіне де қайта-қайта өтініш жасаған. Бірақ жауап біреу — бұл үйлер теңгерімде жоқ, — дейді М.Өтесов.

Осы мәселеге орай Kazinform тілшісі Орал қаласы әкімдігіне арнайы сауал жолдаған еді.

Әкімдіктен түскен мәліметке қарағанда, Зачаган кенті, Ақан сері көшесі, 49/1, 47/1, 45/1 мекенжайларындағы тұрғын үйлердің құрылысына, сондай-ақ олардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымына тапсырыс беруші — Орал қаласының құрылыс бөлімі.

Аталған желілерді тиісті қызмет көрсетуші мекеме теңгеріміне беру мәселесі құрылыс саласына жауапты орган тарапынан заңнамаға сәйкес реттелетін болады.

— Тұрғындардың жағдайын ескере отырып, 2026 жылғы 26 наурызда Орал қаласының құрылыс бөлімі тарапынан аталған мекенжайда жедел тазалау жұмыстары ұйымдастырылды. Арнайы ассенизатор техникасы мен «Крот» құрылғысының көмегімен кәріз жүйесі толық тексеріліп, тазартылды. Тексеру нәтижесінде тұрғындар тарапынан тұрмыстық қалдықтардың тасталуы кәріз жүйесінің бітелуіне негізгі себеп ретінде анықталды. Қазіргі таңда кәріз жүйесінің жұмысы толық қалпына келтірілді. Орал қаласының әкімдігі инженерлік инфрақұрылым нысандарының жағдайын тұрақты бақылауда ұстайды. Осы ретте тұрғындарды кәріз жүйесін пайдалану талаптарын сақтауға және тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға тастауға шақырамыз, — делінген ресми жауапта.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда кәріз суының Шаған өзеніне құйылып жатқаны рас па, соны жазған болатынбыз.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью