Оралда терезеден құлаған екі баланың біреуі ауыр жағдайда жатыр

14.04.2026

Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

БҚО ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Нұралы Мүсиевтің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, екінші қабаттан құлап кеткен бала дәрігерлер қарағаннан кейін үйіне жіберілген.

Оның сөзіне қарағанда, үшінші қабаттан құлаған баланың жағдайы ауыр. Есін жиған ол қазіргі кезде ауруханада ем алып жатыр. 

- Бұл деректер аталған мәселенің өзекті екендігін және алдын алу шараларын күшейту қажеттігін көрсетеді. Әсіресе, көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлау жағдайлары ерекше алаңдаушылық туғызуда. Осыған байланысты облыс көлемінде профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінгі таңда «Қауіпсіз терезе» акциясы аясында кең ауқымды түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда. Халық арасында қауіпсіздік шараларын насихаттау мақсатында рейдтік іс-шаралар өткізілуде, - деді Н.Мүсиев. 

Басқарма бастығының айтуынша, қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес терезе блоктары арнайы қауіпсіздік құлыптарымен немесе олардың еркін ашылуын шектейтін құрылғылармен жабдықталуы тиіс. Бұл талаптар балалардың терезеден құлауына жол бермеу және жарақаттануының алдын алу мақсатында енгізілген.

БҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Саягүл Ғалиева соңғы жылдары мұндай жазатайым оқиғалардың азаймай отырғанын жеткізді. Әсіресе, 2 мен 5 жас аралығындағы балалар қауіп тобына жатады. Бұл – балдырғандардың қызығушылығы жоғары, бірақ қауіп-қатерді толық бағалай алмайтын кезең.

- Негізгі себептерге тоқталсақ, ең алдымен, бұл – ересектер тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі. Сонымен қатар терезелерде қорғаныс құралдарының болмауы, жиһаздың терезе маңына дұрыс орналастырылмауы және москит торларына сену үлкен қауіп тудырады. Осыған байланысты білім басқармасы тарапынан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жүйелі шаралар жүзеге асырылуда, - деді С.Ғалиева. 

Оның мәлімдеуінше, біріншіден, барлық білім беру ұйымдарында балаларға қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мектептерде «Қауіпсіз үй» тақырыбында сынып сағаттары өткізілсе, балабақшаларда ойын арқылы қауіпсіздік дағдылары үйретіледі.

Екіншіден, ата-аналармен жұмыс күшейтілуде. Ата-аналар жиналыстарында, чаттарда және әлеуметтік желілерде терезе қауіпсіздігі туралы жадынамалар мен кеңестер тұрақты түрде таратылуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда бір күнде екі баланың көпқабатты үйдің терезесінен құлап кеткенін жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью