Ораза ұстаған жан нені білу керек

18.02.2026

Sputnik.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

АЛМАТЫ, 18 ақпан – Sputnik. Қасиетті Рамазан айында Ораза ұстаған жан нені білу керек, неден бойды аулақ ұстаған жөн? Халық арасында ең көп туындайтын сұраққа Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы Sputnik Қазақстанға берген сұхбатында жауап берді.

Сәресі мен ауыз ашар уақыты

Ертең ниет қылған мұсылман Ораза ұстап, ауыз бекітеді.

"Ниет қылып, сәресін таң атуға 10 минут қалғанға дейін ішіп алған жөн. Негізі таң атқанша тамақтанып үлгеру керек. Кешке дұға тілеп, аузын ашады. Кейбір адамдар жолда, көлік кептелісінде тұрып қалуы мүмкін. Ақшам уақыты кіріп, кеш батқанда ораза ұстау уақыты бітеді. Сол сәтте аузын ашпаса да ұстаған оразасы өтелді деп есептеледі", - дейді Елбек Тасболатұлы.

Сәресіге ұйықтап қалса не болады

Кейбір кісілер сәресіге тұра алмай қалады. Ұйқыдан оянса, күн шығып кеткен болады. Мұндай жағдайда тамақтану керек пе, жоқ па?

"Сәресі ішуім керек деп асығып ас ішіп, болмаса су ішіп жіберетіндер болады. Ол дұрыс емес. Сәресін ішу міндет емес. Бастысы оянып кеткенде немесе түнде болсын ниет қылса болды. Таң атып кетті ме, сол күні еш нәрсе ішіп-жемей, кешке дейін ораза ұстай беруге болады", - дейді Шариғат және пәтуа бөлімі маманы.

Ораза кезінде сілекейді жұтуға бола ма?

"Сілекейді жұту Оразаға қайшы емес. Дәретті болу Ораза үшін тікелей талап етілмейді. Дәретсіз де ауыз бекітіп, ауыз аша алады. Адамдар дәретті намаз үшін алады. Ине салдыру, тіс жасату туралы сұрап жатады. Егер Ораза кезінде тіс жасатуға мәжбүр болса, жасата беруге болады. Алайда ауыз қуысындағы сұйықтық тамақтан өтіп кетсе, Ораза қаза болады", - дейді Елбек Тасболатұлы.

Кәффарат деген не?

Денсаулықта шыдайтындай ауыртпалық болып тұрып, ауызды ашып жіберсе Ораза қаза болады.

"Ораза кезінде себепсіз ауызды ашып жіберсе, Рамазаннан кейін 60 күн қатарынан кәффарат оразасын ұстауға тура келеді. Жаңа бастағандар осыған сақ болу керек. Ораза ұстауды бастады ма, денсаулығына қауіп төнбейінше ауызды ашып жіберуге болмайды", - дейді мүфтият маманы.

Оның айтуынша кәффаратты түсінбей жататындар да бар.

"Оразаны әу бастан ұстамағандар кәффарат ораза ұстамайды. Бұл ауыз бекітіп, оны әдейі ашып жібергендер ұстайтын Ораза. Жалпы Ораза мұсылманға балиғат жасына толғаннан бастап міндет", - дейді Елбек Тасболатұлы.

Оқушыны қадағалау керек

Мүфтиятқа жиі қойылатын сұрақтардың бірі – оқушылардың ораза ұстауына қатысты мәселе. Бұл орайда ата-ана жауапкершілік танытып, баланы қадағалау керек. Ерте ұйықтап, дұрыс тамақтанса, басында 1-2 күн қиналғанмен кейіннен үйреніп кетеді, дейді маман. Алайда Ораза ұстадым деп басқаға міндетсінуге болмайды.

Оразаны бұзатын не?

"Оразаны бұзатын нәрселер – су, тамақ. Мысалы дәрет алғанда суды жұтып қоймау керек. Тамақтың дәмін көргенде де сақ болу керек", - дейді Елбек Тасболатұлы.

"Ғайбат, өтірік, өсек айтса, ораза бұзылады деген де ақпарат тарап жатады. Оның бәрі шындыққа жанаспайды. Олай істесе, сауап аз болады. Бірақ шын ниет етіп, жақсы айда жақсы жаққа өзгерем деген адам бұндай әрекеттерді істемесі анық. Ал хиджамаға келсек, адам Ораза ұстай алмай қалатындай әлсіреп кетпеу керек. Жалпы Ораза ұстап жүріп хиджама жасатуға болады", - дейді маман.

Ұмытып кетіп тамақ ішіп жібергенде ораза бұзылмайды.

"Егер есіңізге түскен кезде аузыңызда тамақ болса жұтпағаныңыз абзал. Өйткені есінде бола тұра тамақты жұту Оразаны бұзады", - деп түйіндеді Елбек Тасболатұлы.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью