Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Ақмола облысында өрт қаупі жоғары кезеңде отшашу ұйымдастырғандар жазаланды. Сөз әлеуметтік желілерде тараған "Бурабай" ұлттық паркі маңындағы отшашу туралы болып отыр, - деп хабарлайды Tengri Travel.
Елорда тұрғыны түсірген видеодан отшашудың ағаштарға өте жақын жерде атылғаны көрінеді. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл әрекеттің соңы ірі өртке ұласуы мүмкін екеніне назар аударған.
Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мәліметінше, пиротехника "Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне іргелес жатқан Rixos Lake Borovoe қонақүйі аумағында атылған.
Департамент мамандары отшашу өрт қаупі жоғары кезеңде, желді ауа райында атылғанын анықтады.
"Өрт қаупі жоғары кезеңде желді ауа райында пиротехникалық бұйымдарды (отшашу) қолдануға рұқсат беру арқылы өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін Rixos Lake Borovoe қонақүйінің иесі, сондай-ақ пиротехниканы іске қосқан ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - деп хабарлады ТЖД.
Олар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (ӘҚБтК) 410-бабы 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылған. Бап санкциясы жеке тұлға немесе кәсіпкер екеніне байланысты ескерту жасауды немесе 5-тен 150 АЕК-ке дейін (21 625 - 648 750 теңге) айыппұл салуды қарастырады.
ТЖД өрт қаупі жоғары кезеңде тұтану қаупі бар жерлерде ашық от пен пиротехниканы қолдануға болмайтынын еске салды.
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу