Ормуз бұғазы үшін талас: АҚШ қысым жасап жатыр, Еуропа асығар емес

17.03.2026

Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Таяу Шығыстағы әскери шиеленіс әлемдік геосаясаттың тепе-теңдігін тағы да шайқалтты. Бұл жолы басты назар – әлемдік мұнай тасымалының күретамыры саналатын Ормуз бұғазында. АҚШ президенті Дональд Трамп Еуропа елдерін осы стратегиялық маңызды теңіз жолын қорғауға тартуға тырысуда. Алайда Еуроодақ бұл ұсынысқа сақтықпен қарап, нақты қадамға баруға асығар емес.

Брюссельде өткен Еуроодақ сыртқы істер министрлерінің кездесуінде дәл осы мәселе күн тәртібінің өзегіне айналды. АҚШ тарапы Иранның бұғазды жабуы салдарынан мұнай мен газ жеткізіліміне қауіп төнгенін алға тартып, одақтастарынан әскери қолдау сұрауда. Бірақ Еуропа елдері бұл бастамаға бірден қолдау білдірген жоқ.

Сарапшылардың пікірінше, Еуропаның мұндай сақ позиция ұстануы кездейсоқ емес. Корольдік қорғаныс зерттеулері институтының сарапшысы Чарльз Хеккердің айтуынша, еуропалық мемлекеттер Ормуз бұғазын қорғауға әскер жіберсе, өздері де Иран үшін нысанаға айналуы мүмкін. Сондықтан олар әскери араласудың салдарын жақсы түсініп отыр.

Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас бұғаздың ашық болғаны Еуропа үшін маңызды екенін атап өтті. Дегенмен, ол қазіргі таңда одақ елдері бұл бағыттағы миссияны кеңейтуге дайын емес екенін ашық айтты. Оның сөзіне қарағанда, Еуропада бұл мәселеге қатысты «саяси ерік жоқ».

АҚШ президенті Дональд Трамп болса, қысымды күшейте түсті. Ол Ормуз бұғазы арқылы энергия ресурстарын алатын елдер қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де жауапты болуы тиіс екенін мәлімдеді. Тіпті, егер одақтастар тарапынан қолдау болмаса, бұл НАТО-ның болашағына кері әсер етуі мүмкін екенін ескертті.

Бұл мәлімдеме сарапшылар тарапынан Вашингтонның Еуропаны соғысқа жанама түрде тарту әрекеті ретінде бағаланып отыр. Трамп әсіресе Франция мен Ұлыбританияға үміт артқанымен, бұл елдер әзірге әскери операцияға қосылуға дайын емес. Себебі олар АҚШ пен Израильдің нақты стратегиясы мен мақсатына толық сенімді емес.

Германия сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль да НАТО-ның бұл миссияға қатысуына қарсы екенін білдірді. Оның айтуынша, альянс мұндай жауапкершілікті өз мойнына алатын жағдайда емес. Ал Франция президенті Эммануэль Макрон белгілі бір шартпен ғана қатысуы мүмкін екенін айтты: яғни, қақтығыстың ең қызған кезеңі аяқталған соң.

Бұл арада Иранның бұғазды жабуы әлемдік энергетикалық нарыққа бірден әсер етті. Ормуз арқылы әлемдік мұнайдың шамамен 20 пайызы өтеді. Сондықтан бұл бағыттағы кез келген шектеу жаһандық экономика үшін ауыр соққы.

Еуропа қазірдің өзінде бұл дағдарыстың салдарын сезіне бастады. Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйеннің мәліметінше, соғыс басталғалы бері газ бағасы 50 пайызға, ал мұнай бағасы 27 пайызға өскен. Бар болғаны 10 күн ішінде Еуропа елдері энергия импортына қосымша 3 миллиард еуро жұмсаған.

Бұл жағдай Еуропаның энергетикалық тәуелділігінің қаншалықты қауіпті екенін тағы бір мәрте көрсетті. Одақ елдері мұнай мен газды сырттан алуға толық тәуелді, ал ол дегеніміз тұрақсыз әрі қымбат нарыққа байланған деген сөз.

Бағаның өсуін тежеу үшін Франция, Германия, Италия және Ұлыбритания секілді елдер G7 аясында стратегиялық мұнай қорларын пайдалануға келісім берді. Халықаралық энергетикалық агенттік те төтенше қорлардан 400 миллион баррель мұнай шығару қажет екенін мәлімдеді.

Алайда бұл дағдарыстың ең үлкен «жеңімпазы» ретінде Ресей аталып отыр. Мұнай бағасының өсуі Мәскеуге қосымша табыс әкеліп, Украинадағы соғысты жалғастыруға мүмкіндік беруде. Ресей билігі өзін сенімді энергия жеткізуші ретінде ұсынып, жаңа нарықтарды игеруге тырысуда.

Сонымен қатар, Украинаға қажетті әскери ресурстардың бір бөлігі Таяу Шығысқа бағытталуы мүмкін деген қауіп бар. Украина президенті Владимир Зеленскийдің айтуынша, Парсы шығанағында қолданылған Patriot зымырандары саны Украинада төрт жылда қолданылған көлемнен асып кеткен.

Осыған байланысты Киев өз дрондарға қарсы технологияларын Таяу Шығыс елдеріне ұсынып отыр. Мақсат – зымырандарға сұранысты азайтып, Украинаға қажетті қорларды сақтап қалу.

Қазіргі жағдай бір нәрсені анық көрсетіп отыр, Ормуз бұғазы тек географиялық нүкте емес, ол – әлемдік экономиканың жүйке жүйесі. Ал оны бақылау үшін жүріп жатқан геосаяси тартыс әлі де ұзаққа созылуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью