Өрт ауылдарға жақындады: Қостанай облысын ірі өрттер шарпыды

09.09.2026

Tengrinews.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Қостанай облысын өрт шарпыды. Өңірдегі Жітіқара қаласында саяжай қоғамы өртеніп, Ресеймен шекарадағы егістік алқаптары жалынға оранды, кейін от Денисов ауданындағы елді мекендерге жетті, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Облыста күрделі өрт қаупі сақталып отыр. Жітіқарадағы саяжай үйлерін жойып жіберген ірі өрттен кейін, күн сайын әртүрлі аудандарда жаңа өрт ошақтары тіркеліп жатыр. Атап айтқанда, Денисов ауданында өртке байланысты 11 шақырту тіркелді. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, ауа температурасының жоғары болуы, екпінді жел мен жауын-шашынның ұзақ уақыт болмауы жалынның таралуына себеп болып отыр.

Қуаңшылық салдарынан құрғақ шөп тез тұтанып, қатты жел оттың жедел жайылуына ықпал еткен.

"Антоновка ауылында да жағдай күрделі болды, онда үш үй өртенді. Денисов және Жітіқара аудандарының өрт сөндіру есептерінің, орман шаруашылығының, "Олимп" ЖШС-нің, АЭЖ қызметкерлері мен ауылдың белсенді тұрғындарының жедел жұмысының арқасында оттың тұрғын үйлерге таралуына жол берілмей, көшені аман алып қалу мүмкін болды. Өкінішке қарай, от аула құрылыстарын жойып жіберді. Қосымша қауіп-қатердің алдын алу үшін АЭЖ қызметкерлері жекелеген учаскелерде электр энергиясын уақтылы өшірді", - деп хабарлады Денисов ауданының әкімдігі.

Ресми мәліметтерге сәйкес, өрт Перелески, Аят, Аршалы, Денисов және Алчановка елді мекендерінде де тіркелген. Өртті сөндіруге Қостанай, Рудный, Лисаковск, Жітіқара қалалары мен Тобыл станциясының бөлімшелері, №8 өрт сөндіру бөлімі, орман шаруашылығы мен шекара қызметінің қызметкерлері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты.

Қазіргі уақытта Георгиевка ауылындағы өрт сөндірілді. Тілсіз жаудың салдарынан онда бір тұрғын үй, екі қора және автокөлік жанып кетті, сондай-ақ үй жануарлары қырылған.

"Гришенка ауылындағы өрт ең қиын учаскелердің біріне айналды. Өртсөндірушілер мен жергілікті тұрғындардың үйлесімді іс-қимылының арқасында жалын тоқтатылып, оның аудан орталығына қарай таралуына жол берілмеді. Өртті сөндіруге 10-нан астам техника жұмылдырылды", - деп мәлімдеді жергілікті әкімдік.

Қарабалық ауданында да мамандар өртпен алысып жатыр, мұнда табиғи өрт Ресей аумағынан өткен. Жалын дала өсімдіктерін шарпып, Қарадым орман шаруашылығының аумағына ішінара кірген. Өрт шарпыған аумақ шамамен 150 гектарды құрады.

Instagram-дағы бұл жарияланымды көру

kst_pulse_media (@kst_pulse_media) жарияланымы

"Өртті сөндіруге 100-ден астам адам және 25-тен астам арнайы техника жұмылдырылды. Фёдоров ауданынан, Қашар кентінен және Қостанай қаласынан қосымша күштер мен құралдар жіберілді. Әуеден барлау жүргізу және өртті сөндіруге көмек көрсету үшін тікұшақ тартылды. Күштер мен құралдар оқиға орнында жұмысын жалғастырып жатыр. Жағдай Қостанай облысы ТЖД бақылауында", - деп хабарлайды Қостанай облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Өңірді шарпыған өрттің салдарынан бүгін Рудный мен Қостанайда қолқаны қабатын түтін иісі сезіледі. Тұрғындар тамақтарының жыбырлап, ауаның ауырлағанына шағымданды.

Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз

Жазылу

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью