Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Оның ішінде орта санатты ойыншыларды «өз-өзін толық асырай алатын, сыртқы басқыншылыққа төтеп беретін, бірақ көршілеріне көз алартпайтын ең тұрақты мемлекеттер» деп сипаттаған. Бұл тақырыпты текке сөз етпедік, «Әділет» партиясының негізгі басымдықтарының қатарында «Жауапкершілігі мол орта держава» бөлімі бар. Осы орайда «орта держава?» деген не деген сұрақ туындауы мүмкін.
Бергі заманда орта державалардың беделі күрт төмендеп кетті. Наполеон соғыстарынан кейін Еуропаның саяси картасын қайта қараған 1815 жылғы Вена конгресінде Швеция, Дания, Нидерланд т.б. елдермен ешкім санаспай, әлем тағдырын ірі империялар жеке-дара шешті. Сөйтіп, орта деңгейлі мемлекеттердің халықаралық жүйедегі орны ойсырап қалды.
Екінші дүниежүзілік соғыстан соң орта держава түсінігі жаңадан жаңғырды. 1945 жылы БҰҰ Жарғысы жазылған Сан-Франциско конференциясында Канада премьер-министрі Маккензи Кинг «Функциялық принцип» деген ұғым ұсынып, алпауыттардың шексіз монополиясына қарсы шықты. Аустралия да Қауіпсіздік Кеңесіндегі бес ұлы державаның үстемдігіне наразылық білдіріп: «Мемлекеттің жаһандық шешім қабылдаудағы ықпалы оның әскери қуатына немесе жан санына ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігі, бейбітшілік, гуманитарлық көмек тәрізді нақты салаларда қосатын үлесіне қарай бағалануы керек!» – деген талап қойды. Осының арқасында орта державалар БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесінің құрамына кірді.
Қырғи-қабақ соғыс кезінде Канада, Аустралия, Норвегия, Швеция секілді елдер «жақсы халықаралық азамат» (Good International Citizen) ретінде танылып, АҚШ пен КСРО арасындағы шиеленісті жұмсартуға, БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына қатысуға, халықаралық құқықты нығайтуға тырысты. Сонымен қатар Үндістан, Мысыр, Югославия бастаған баяғы колониялар да бас көтеріп, 1961 жылы «Бейтараптар қозғалысын» құрды; екі дөкейдің ешқайсысына қосылмай, қосполярлы тәртіптен тыс өз жолдарын таңдауға талпынды.
КСРО ыдырап, бірполярлы АҚШ гегемониясы орныққан 1990-2010 жылдары орта державалардың тактикасы мүлде басқа арнаға бұрылды. Бүкіл салада бірдей мықты бола алмайтынын түсінген олар «нишалық дипломатия» тәсілін қолдануға көшті. Жалпақ тілмен айтқанда, ресурсты жан-жаққа шашпай, тек бір-екі саланы терең меңгеруге, мысалы, ядролық қарусыздану, климат, бітімгершілік сияқты белгілі бір бағытта көшбасшы рөлін иемденуге тырысты. Осы кезеңде орта державалардың бастамасымен жаяу әскерге қарсы миналарға тыйым салатын Оттава келісімі жасалды, Халықаралық қылмыстық сот құрылды, «Қорғау жауапкершілігі» тұжырымдамасы бекітілді.
Қазіргі таңда жағдай тағы да өзгерген. БҰҰ дағдарысқа ұшырап, алпауыттар алауыздығы өршіген тұста орта державалар қайтадан қақ жарылды. Біреуі либералды Батыс блогына жақын топ болса, екіншісі – егемендікті артық көретін, стратегиялық автономияға ұмтылатын Жаһандық Оңтүстік пен Еуразия кеңістігіндегі жаңа ойыншылар. Chatham House және SWP орталықтарының сараптамасына сенсек, бұл екінші топтағылар халықаралық ережелерді қорғаймыз деп ұрандатпай, көбінесе өз ұлттық мүддесіне сай саудаласу саясатын ұстанады. Мұндай елдерді «свинг-мемлекеттер» деп те атайды. Өйткені олар АҚШ, Қытай, Ресей арасындағы текетіресте қандай да бір тарапқа біржола таңылмай, барлығымен тиімді келіссөз жүргізіп, өз шарттарын ұсынуға қауқарлы. Бұрын орта державалар БҰҰ, НАТО сынды үлкен ұйымдарға арқа сүйесе, бүгін өздеріне ыңғайлы өңірлік форматтарға иек артады.
Әйтсе де, халықаралық саясат теориясында «кімді орта держава деп танимыз?» деген сыңайдағы дау-дамай әлі толастаған жоқ. Ғалымдар бұған үш түрлі пайыммен қарайды. «Материалдық әлеует маңызды» дейтін реалистердің пікірінше, ЖІӨ немесе әскери қуаты жағынан әлемде 10-нан 30-орынға дейінгі аралықта тұрған елдер орта державаға жатады. Өз кезегінде либералдар: «Ең бастысы – елдің іс-әрекеті, коалиция құру, бейбітшілікке дәнекер болу, БҰҰ-да бастама көтеру қабілеті», – дейді. Ал конструктивистер: «Орта держава атанудың бірден-бір шарты – ішкі саяси элитаның «біз орта державамыз» деген ортақ ұстанымы және оны ұлы державалардың мойындауы», – дейді. Ол үшін жұмсақ күш, халықаралық абырой, кәсіби дипломатиялық корпус қажет. Реалистер «әскери-экономикалық қуатың болмаса, дипломатияң бос әурешілік» десе, либералдар «шақтаулы ресурстың өзін шебер дипломатиямен салмақты қылуға болады» деп есептейді.
Жалпы, саясаттануда «шағын мемлекет жүйеге бағынады, орта держава жүйеге ықпал етеді, ұлы держава жүйені өзі айқындайды» деген анық формула бар. Яғни ұсақ ұлттар дайын ережелерді көзсіз қабылдауға мәжбүр, себебі аумалы-төкпелі дүниеде қалайда аман қалуды мақсат тұтады. Ал орта державалар әлемге бірнеше тетіктің көмегімен ықпал ете алады. Бiрiншiден, өңірлік ұйымдар құрып, соның басында тұрады. Мысалы, Индонезия АСЕАН-ға көлденең көк аттыларды араластырмай, ұйымды өз күшімен ұстап отыр. Польша Балтық теңізі, Қара теңіз һәм Адриат теңіздері арасындағы 13 елді біріктіріп, «Үш теңіз бастамасын» дамытуға кіріскен. Сондай-ақ орта державалар түрлі қақтығыстарда бітімгерлік миссиясын атқарады. Мәселен, кішкентай ғана Катар – Ливан, Судан, Йемен, Палестина дауларындағы маңызды медиатор. Түркия Кавказ бен Қара теңіздегі мәселелерді аймақ ішінде шешейік деп «3+3» форматын алға тартады. Үшiншiден, орта державалар геосаяси тепе-теңдікті сақтайды. Сауд Арабиясы мен БАӘ «Әл-Ула декларациясы» арқылы Парсы шығанағында жылдар бойы созылған араздықты тоқтатты. Бразилия Оңтүстік Американы әскери блоктардан таза, ядролық қарусыз аймақ ретінде көргісі келеді. Төртiншiден, орта державалар өңірлік күн тәртібін белгілейді. Нигерия Африкадағы төңкерістер мен терроризмге қарсы ECOWAS ұйымының бейбітшілік күштерін қаржыландырып, жауапкершілікті өз мойнына алған.
Ең қызығы, ұлы державалар бір-бірімен егескенде ресурсы шектеулі тараптар көпе-көрнеу «хеджирлеу» стратегиясын қолданады. Хеджирлеу дегеніміз – біреуіне басыбайлы бас ұрмай, екіншісімен де ашық жауласпау әдісі. Мысалы, Түркия НАТО мүшесі болса да, Ресейден С-400 әуе қорғаныс жүйесін сатып алды, Вашингтонның қысымына қарамастан, райынан қайтпады, Ресейге санкция салмады. Керісінше, Украина мен Ресейдің астық келісімін ұйымдастырып берді. Үндістан да солай: Қытайдан сақтанып АҚШ, Жапония, Аустралиямен бірге QUAD тобына кіргенімен, Ресейден арзан мұнай сатып алу көрсеткішін еселеп өсірді, БРИКС+ пен ШЫҰ жиындарына белсенді қатысып жүр. Вьетнам да Қытайдан қауіп төнгенде АҚШ-пен жақындасып, стратегиялық серіктес болды, бірақ Қытаймен де экономикалық байланысын үзбеді. Өздері оны «бабмук димпломатиясы» деп әспеттейді. Сауд Арабиясы мен БАӘ де АҚШ-қа жүгіне бермей, Қытайдың араласуымен Иранмен қарым-қатынасын реттеді, Мәскеумен ОПЕК+ келісімін сақтап, мұнай өндірісін азайтты.
Орта державалар халықаралық ұйымдарды өз үнін зорайтатын мінбер есебінде пайдаланады. Гарвард зерттеушілері мұны «көпжақтылықты күш тұтқасына айналдыру» дейді. Мәселен, 2013 жылы Мексика, Индонезия, Оңтүстік Корея, Түркия, Австралия құрған MIKTA форматы G7 мен БРИКС+ арасын жақсартуға біршама септігін тигізген. Климаттық саммиттерде Бразилия, БАӘ, Барбадос өнеркәсіптік державалардың қарсылығын еңсеріп, зардап шеккен елдерге арналған «Шығындар мен залалдар қорын» құрғызды. Канада мен Норвегия Оттава келісімін өткізді. Шап-шағын Сингапур БҰҰ-ның Теңіз құқығы конвенциясын әзірлеуде басты модератор болды. ДСҰ жүйесінде АҚШ Апелляциялық органға судья тағайындауды бұғаттағанда Канада, Швейцария, Сингапур, Чили, Еуропалық Одақ тағы басқалары келісім жасап, қалыптасқан жүйені күйреуден сақтап калды.
Бұл тұрғыда Қазақстанның да орны жиі талқыланады. Германияның Халықаралық саясат және қауіпсіздік институты 2023 жылғы есебінде Қазақстанды Түркия, Индонезия, Бразилия, Үндістан, Сауд Арабиясымен қатар «қалыптасып келе жатқан орта державалар» қатарына қосты. Себебі де Қазақстан – жер көлемі бойынша 9-орында, мұхитқа шыға алмайтын ең үлкен ел, Еуразияның қақ ортасында тұр. Жаһандық уран өндірісінің 40 пайызға жуығын біз бақылаймыз, көл-көсір мұнай-газымыз өз алдына. Қазақстан экономикасы Орталық Азиядағы төрт елді қосқандағыдан да үлкен. Еуропа мен Қытайды төте жалғайтын «Орта дәліз» де геосаяси салмағымызды арттырады. Сыртқы саясатта Семей полигонын жабу, төмен байытылған уран банкін ашу, «Астана процесі» т.б. бейбіт бастамалармен танылдық. Орталық Азияда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болған жалғыз мемлекетпіз. АӨСШК-ні құрдық, ЕАЭО, ШЫҰ, ҰҚШҰ, Түркі мемлекеттері ұйымында белсендіміз. Қысқасы, Қазақстан өз салмағын әскермен емес, сындарлы дипломатиямен, диалог алаңдарын ұсынумен дәлелдеп келеді.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ