Орта державалар жаһандық тұрақтылықтың тірегіне айналады ADF 2026 аясындағы сарапшылар пікірі

19.04.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..

Халықаралық қатынастардың жаңа логикасы

Мемлекет басшысы өз сөзінде әлем алдында тұрған негізгі сын-қатерлерге тоқталып, халықаралық институттарды, соның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау қажеттігін айтты. Сонымен қатар Президент Қазақстан, Түркия сынды «орта державалардың» жаһандық үдерістердегі жауапкершілігі артып келе жатқанын ерекше атап өтті.

– Бүгінде мемлекеттердің ықпалы тек армиясы мен одақтастарына қарай емес, транзиттік бағыттар, капитал мен технологияларды бақылауына қарай айқындалады. Қазақстан жаңа түркі экономикалық жүйесінің сәулетшісі ретінде өзін барған сайын белсенді танытып келеді. 2025 жылғы батыс сарапшыларының бағалауынша, түркі мемлекеттері көлік-логистика, кедендік үйлестіру, ортақ инвестициялық қор және келісілген реттеу тетіктері арқылы жаңа геоэкономикалық архитектура қалыптастырып жатыр. Бұл жүйеде Қазақстан негізгі инфрақұрылымдық және қаржылық тораптардың бірі ретінде қарастырылады. Яғни Анталия форумына қатысу Астанаға өзін шеткері ойыншы емес, Еуразиядағы орталық қатысушы ретінде көрсетуге мүмкіндік береді, - деді Эрзинджан Бинали Йылдырым университетінің профессоры, «Йени Шафак» шолушысы Айнұр Ногаева.

Спикердің айтуынша, Анталия форумы дипломатия өңірлік инфрақұрылыммен тікелей байланысатын алаңға айналды. Осы тұрғыда Президенттің превентивті дипломатия туралы пікірі ерекше маңызға ие. Яғни дағдарыстарды алдын ала болжау және оларды болдырмау үшін күш біріктіру қажет.

– Қазақстанның дипломатиялық тәжірибесі мен нақты нәтижелері бар. Ел ядролық қарудан бас тарту, конфессияаралық келісім және халықаралық дауларды реттеу бағыттарындағы бастамаларымен танымал. Алайда бүгінде делдалдық ұғымы кеңейді. Бұл тек келіссөздерге қатысу емес, нарықтарды, аймақтарды және мемлекеттердің мүдделерін тоғыстыра білу. Қазіргі форумның күн тәртібі де осыған байланысты күрделі: жаһандық бәсеке институционалдық дағдарыс, энергетикалық қауіпсіздік, бағыттар мен ресурстар үшін жүріп жатыр. Қазақстан үшін негізгі бағыттар – Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, Еуропа мен Азия нарықтарына шығу, мұнай, газ, уран және электр энергиясын экспорттау, өнеркәсіпке инвестиция тарту, Орталық Азиядағы су қауіпсіздігі, цифрлық транзит жүйелері және өңірлік логистиканың тұрақтылығы, - деп атап өтті саясаттанушы.

Дипломатиялық капиталға инвестиция

Осылайша, Президенттің сөзі Қазақстанның тек Орталық Азияда ғана емес, кең ауқымды Еуразия кеңістігінде де өз рөлін күшейтуге ниетті екенін көрсетті.

Сарапшылар Қазақстанның сыртқы саясаттағы жүйелі тәжірибесі – ядролық қарудан бас тарту бастамаларынан бастап келіссөз алаңдарын ұсынуға және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті дамытуға дейін елдің бейбітшілік орнатушы ретіндегі беделін қалыптастырып отырғанын айтады.

– Қазақстанның бұл форумға қатысуы оның делдал әрі бітімгер ретіндегі мәртебесін күшейте түседі деп айтуға толық негіз бар. Бұл мәртебе бір сәтте қалыптасқан жоқ, ол жүйелі сыртқы саяси тәжірибенің нәтижесі. Ел халықаралық келіссөздерге қатысып, сенім шараларын дамытуға бағытталған бастамаларды ілгерілетіп келеді. Сонымен қатар Қазақстан келіссөз алаңдарын ұсынып, ядролық қарудан бас тарту мен таратпау идеяларын жүзеге асыру арқылы жауапты халықаралық ойыншы ретінде танылды, - деді академик Е.А. Бөкетов атындағы ҚарИУ-дың аға оқытушысы Олжас Темірқұлов.

Оның пікірінше, Анталия форумы дипломатиялық байланыстарды кеңейтуге және Қазақстанның теңгерімді ұстанымын көрсетуге мүмкіндік береді.

– Осындай бейресми алаңдарда болашақ делдалдық миссияларға негіз қаланады, өйткені дәл осы жерде тараптар өз ұстанымдарын салыстырып, сенімді байланыс орнатады, - деді ол.

Сарапшы Қазақстанның форумға қатысуы ең алдымен саяси және дипломатиялық капиталды арттыру ретінде бағалануы керек деген пікірде. Бұл – жаңа байланыстар орнату, инвестиция тарту, инфрақұрылымдық және энергетикалық жобаларды ілгерілету және елдің халықаралық беделін нығайту.

– Сонымен қатар «желілік әсер» де маңызды. Әртүрлі халықаралық ойыншылармен тұрақты байланыс орнату Қазақстанның ұзақ мерзімде өңірлік және жаһандық үдерістерге ықпал ету мүмкіндігін арттырады, - деп түйіндеді сарапшы.

Түркі факторы

Қазақстан Президенті Түркияның өңірдегі рөліне жоғары баға беріп, Реджеп Тайып Ердоған басшылығындағы елдің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Астана мен Анкараның өзара іс-қимылы өңірлік мәселелерді шешуде айрықша рөл атқара алады.

Жалпы алғанда, Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Бұл енді тек тарихи жақындыққа негізделген байланыс емес, саяси тұрғыдан берік және экономикалық мазмұны терең стратегиялық серіктестікке айналды.

– Экономикалық көрсеткіштер бұл үрдісті растайды. Сауда көлемі өсіп, инвестициялар артып келеді, бірлескен жобалар әртараптандырылып жатыр. Бұрын негізгі назар сауда мен гуманитарлық байланыстарға аударылса, қазір логистика, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы, цифрландыру және жоғары технологиялар алдыңғы қатарға шықты. Бұл қатынастардың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Екі ел символикалық бауырластықтан прагматикалық әрі ұзақмерзімді серіктестікке өтті, - деді ҚСЗИ-дің жетекші сарапшысы Бауыржан Аукен.

Сарапшылардың пікірінше, түркі факторының күшеюі мен Еуразиядағы транзиттік бағыттардың маңызы артуы аясында Қазақстан мен Түркия бір-бірі үшін стратегиялық тұрғыдан бұрынғыдан да маңызды серіктеске айналып отыр. Қазақстан – Орталық Азиядағы негізгі транзиттік буын болса, Түркия – Еуропа мен Жерорта теңізі нарықтарына шығатын қақпа.

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью