Qazaq24.com, Sputnik.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
АСТАНА, 18 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы "Орталық Азия – Қытай" форматындағы елдердің ішкі істер және қоғамдық қауіпсіздік министрлерін қабылдады, деп хабарлады Ақорда.
Кездесу барысында өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, трансұлттық қылмыс пен есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл, киберқауіпсіздік, экстремизммен және басқа да қазіргі сын-қатерлермен күрес мәселелері талқыланды.
Мемлекет басшысы Орталық Азия елдері мен Қытайдың құқық қорғау органдары арасындағы ықпалдастықты арттыру өңірде тұрақтылықты және қауіпсіздікті сақтауда маңызды екенін айтты.
"Ұйымдасқан трансұлттық қылмыс тамыр жайып, аясын кеңейте түсті. Киберқылмыс табысы жоғары жаһандық индустрияға айналды. Бұл адамдарды миллиардтаған доллар шығынға ұшыратады. Цифрлық жүйені қылмыстық топтар өз қызметтерін үйлестіруге, табыстарын жылыстатуға, ешбір мемлекеттің шекарасына қарамайтын шабуыл жасауға жиі қолданады", - деді президент.
Ол маңызды көлік және сауда бағыттары түйісетін Орталық Азия аймағына трансұлттық қылмыстық желінің қызығушылығы жоғары екенін айтты.
"Осы орайда, ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына және адам саудасына қарсы тұру мәселесі өзекті болып отыр. Күш-жігер біріктіру, ақпарат алмасу, институционалдық ықпалдастықты нығайту және заманауи технологияларды енгізу арқылы ғана бұл сын-қатерлерге қарсы тұра алатынымызға сенімдімін. Қазақстан қауіпсіздік саласындағы өңірлік және халықаралық ынтымақтастықты тереңдетуді дәйекті түрде қолдайды", - деді мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан азаматтарды қорғау мен аймақ елдерін орнықты дамыту бағытындағы ашық диалогқа, үздік тәжірибелерді алмасуға және бірлесіп шешім қабылдауға дайын екенін жеткізді.