Орталық Азия депутаттары экономикалық интеграция мәселелерін талқылады

29.10.2026

Tengrinews.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..

Құрылтай Спикері Айбек Дәдебай бастаған Құрылтай делегациясы Душанбеде өткен Орталық Азия мемлекеттерінің IV парламентаралық форумы жұмысына қатысты.

Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік және өркендеу жолындағы бірлікке арналған биылғы форумда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан парламентарийлері бас қосты.

Қазақстандық делегация өкілдері әріптестерін Қазақстандағы саяси реформалардың жүзеге асырылуымен таныстырды. Күні кеше жарияланған, көптеген салаларда ауқымды құрылыс жұмыстары көзделген Президенттің Жолдауына да ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысының бастамалары Қазақстан үшін ғана емес, түгел Орталық Азия үшін де жаңа даму көкжиектерін ашып, синергетикалық әсер беретіні атап өтілді.

Құрылтай депутаттары сондай-ақ қажетті заңдарды дер кезінде қабылдау арқылы өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудағы парламентарийлердің маңызды рөліне тоқталды. Қазіргі жаһандық жағдайда Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймақ ретінде сақтау туралы уағдаластықтар мен Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру идеясының өзектілігі сақталып отырғаны ерекше айтылды.

Сонымен қатар экономикалық және цифрлық интеграцияға қатысты маңызды мәселелер де қозғалды. Құрылтай тарапынан электрондық сауда, цифрлық кедендік әкімшілендіру, инвестициялар, көлік және өнеркәсіптік кооперация салаларындағы құқықтық кедергілерді жою мақсатында заң шығару тәжірибелерін алмасу туралы ұсыныс айтылды.

Депутаттардың пікірінше, бұл Қазақстан Президентінің өңіраралық сауда-саттықты 20 миллиард долларға жеткізу туралы ұсынысын жүзеге асыру үшін өңірде қажетті бірыңғай іскерлік ортаны дамытуда іс жүзінде нәтиже береді.

Су және климаттық қауіпсіздік мәселелерінде Құрылтай депутаттары әріптестерінің назарын Суды пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенцияны шұғыл қабылдаудың аса маңызды екеніне аударды.

Волонтерлікті дамыту тақырыбы да қозғалды. Қазақстандық делегация басшысы парламенттік деңгейде волонтерлік қозғалысты қолдауды және жыл сайын Орталық Азия экологиялық жауапкершілік апталығын өткізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Сондай-ақ өңірдегі білім беру байланыстарын нығайту және Қазақстанның Жасандыинтеллект саласындағы ортаазиялық әріптестік бағдарламасын әзірлеу бастамасына құқықтық қолдау көрсету мәселелері талқыланды.

Сурет: Құрылтайдың Баспасөз қызметі/Нұрсұлтан Байбулин

Пленарлық отырыстың соңында қатысушылар Душанбе декларациясын қабылдады.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз

Қосу

Қосымша ақпарат пен соңғы жаңалықтар үшін Qazaq24.com сайтын бақылаңыз.
Читать полностью