Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Конституциялық реформа төңірегіндегі қоғамдық талқылау күшейіп келеді. Комиссия жұмысын бастағалы бері әлеуметтік желілерде де осы талапты қолдаған белсенділердің үндеуі жиілеп, аталған норманы Ата заңнан алып тастауды талап етуде. Осы үдеріс аясында заңгер Мейірман Шекеев бастаған бір топ азаматтық қоғам өкілдері Ата заңға өзгерістер енгізуге қатысты өз ұсыныстарын әзірлеуде. Азаматтардың да басты талабы – жаңа Конституция жобасындағы 9-баптың 2-тармағын алып тастау.
– Конституциялық жобаға қатысты ұсыныс әзірлеп жатыр екенсіздер. Соның ішінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған нақты қандай бастамалар бар?
– Біз дайындап жатқан ұсыныстарды билік ескеруі керек деп есептеймін. Өйткені қолданыстағы Конституцияның өзі де бір кезде жоба ретінде ұсынылған. Қазір де әртүрлі ұсыныстар қабылданып жатыр. Бірақ бізде тіл мәселесі заңнан гөрі саясаттың деңгейінде қалып қойды. Көршілерден үрей, қорқыныш бар, сол себепті тілге тиіспей отыр. Ал шын мәнінде оны өзгертуге ешқандай тыйым жоқ.
Қазіргі таңда ел халқының 75 пайызы – қазақтар. Конституцияда қазақ халқы мемлекет құраушы ұлт екені жазылған, түрлі доктриналар да бар. Біз қазір осының бәрін ескере отырып, ұсыныстарымызды жинақтап жатырмыз. Басты мақсат – Конституцияның 9-бабының екінші тармағын алып тастау.
Себебі ондағы «ресми түрде тең қолданылады» деген тұжырым көп жағдайда қате түсіндіріліп жүр. Бұл туралы Ресей Президенті Владимир Путин де «орыс тілі ресми мәртебеге ие» деп айтқан. Алайда Конституцияның ешбір жерінде «орыс тілінің ресми мәртебесі бар» деп жазылмаған. «Ресми түрде қолданылады» деген сөз «ресми тіл» дегенді білдірмейді.
Мен бұл мәселе бойынша 2007 жылы Конституциялық кеңестің №3 қаулысын да көрсеттім. Ол кезде бұл сұрақ М.Шаханов бастаған бір топ азаматты мазалаған. Олар: «7-баптың бірінші тармағында қазақ тілі – мемлекеттік тіл деп көрсетіледі, ал екінші тармақта орыс тілі тең қолданылады делінген. Сонда орыс тілі де мемлекеттік тіл ме?» деп сұрақ қойған. Конституциялық кеңес арнайы қаулы шығарып, орыс тілінің екінші тармақта көрсетілуі оған мемлекеттік тіл мәртебесін бермейтінін нақтылап берген.
Алайда қазір бұл қаулыны білетіндер аз. Тіпті ондай құжаттың бар екенін көпшілік мүлде естімеген. Сондықтан Конституциялық заңда бұл мәселе нақты әрі анық жазылуы керек. Ашық айтсақ, орыс тілі Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі емес және мемлекеттің 75 пайызын қазақтар құрайтын кезде мемлекеттік тілмен тең дәрежеде бола алмайды.
1995 жылғы Конституция қабылданған кезде қазақтардың үлесі шамамен 40 пайыздың төңірегінде еді. Қазір жағдай түбегейлі өзгерді. Егер орыс тілін немесе басқа тілдерді қолдану мәселесін енгізу қажет болса, «әр ұлт өз тілінде сөйлеуге құқылы» деген жалпы норма жеткілікті.
– Сөз бостандығына қатысты даулы пікірлер бар. Бұл бағыттағы баптарды әлі де нақтылау қажет деп ойлайсыз ба?
– Кеше арнайы отырыс өтті. Көпшіліктің басты талабы – сол 9-баптың екінші тармағын алып тастау. Қазір қарапайым халықты басқа мәселе онша алаңдатып отырған жоқ. Ал сөз бостандығы мәселесін көбіне журналистер көтеріп жүр.
Біз «ұлттық мүддеге қайшы келді» деген желеумен кез келген адамды жауапқа тартуға болатын тұстар бар екенін көріп отырмыз. Ертең бұл нормаларды бұрмалап қолдануға әбден болады. Сондықтан бұл мәселеге де терең заңгерлік талдау қажет.
Ең бастысы – Конституциялық реформа жобасы ең алдымен сараптамадан өтуі тиіс еді. Қазір жоба халыққа ұсынылып отыр, бірақ ол әлі толыққанды экспертизадан өткен жоқ. Соған қарамастан, құжатты өте қысқа мерзімде – бір аптаның ішінде қабылдап жіберді.
Ал шет мемлекеттерде Конституция сияқты негізгі заңдарға өзгеріс енгізу үшін кемінде алты ай уақыт беріледі. Қазір бізде қоғамда талқылау жүріп жатыр, пікірлер әлі бір арнаға түскен жоқ. Сондықтан сөз бостандығына қатысты 86-бап болсын, 40-бап болсын – Президентке берілген кең өкілеттіктердің бәрі әлі де талқылануы керек.
Дегенмен халықтың нақты наразылығы бір-ақ жерде – 9-баптың екінші тармағында. Себебі 35 жылдық тәжірибе бұл норманың мемлекеттік тілдің дамуын тежеп отырғанын анық көрсетті.
– Мемлекеттік тілге қолдау көрсету мәселесі Ата заңда нақты жазылуы тиіс деп санайсыз ба?
– Әрине. Мемлекеттік қолдау тек мемлекеттік тілге көрсетілуі керек. Әлемдегі барлық елде заң осылай жұмыс істейді.
– Сұқбатыңызға рақмет!