ОСК мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігін арттыру шараларын ұсынды

19.02.2026

Qazaq24.com, Arasha.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..

ҚР Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті. Жиында алдағы электоралдық науқандар кезінде ерекше қажеттілігі бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасау мәселесі талқыланды.

ОСК өкілдерінің айтуынша, сайлау учаскелерін бірінші қабатқа орналастыру, оларды пандустармен, көтергіш құрылғылармен, тактильді бағыттағыштармен, шақыру батырмаларымен және арнайы автотұрақ орындарымен жабдықтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

Аумақтық комиссиялардың мәліметінше, учаскелерде мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы бұрыштар жабдықталған. Онда үлкейткіш құралдар, құлаққаптар, ақпараттық материалдар, сондай-ақ тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға бейімделген дауыс беру кабиналары қарастырылған.

Ағымдағы науқан барысында көру қабілеті бұзылған азаматтарға арналған аудиоақпарат, есту қабілеті төмен адамдар үшін сурдоаудармасы бар бейнематериалдар, сондай-ақ кресло-арбамен жүретін азаматтарға ыңғайлы форматтағы ақпараттық материалдар ұсынылуда.

Референдум комиссиялары QR-коды бар шақыру қағаздарын әзірлеп жатыр. Бұл код арқылы азаматтар референдум туралы толық ақпарат ала алады. Сонымен қатар үйлерді аралау барысында арнайы қызметке мұқтаж азаматтардың қажеттіліктері нақтыланады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай inva.gov.kz порталындағы Қолжетімділік картасының өзекті деректерімен бөлісті.

Бюллетеньдерге арналған Брайль қарпімен трафареттер елдегі барлық сайлау учаскелерінде ұсынылады. Сонымен қатар әр учаскеде аудиобюллетень қолжетімді болады. Бұл шаралар толықтай көрмейтін және нашар көретін азаматтардың дауыс беру құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл, Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан Конституция жобасының аудионұсқасын барлық референдум учаскелерінде орналастыру бастамасын қолдады.

Барлық деңгейдегі референдум комиссиялары мүшелері үшін мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету тақырыбында арнайы бейнекурс ұйымдастырылған.

Отырыста Ақтөбе және Павлодар облыстарының тәжірибесі де таныстырылды. Бұл өңірлерде учаскелер электрондық үлкейткіштермен, есту қабілеті төмен азаматтарға арналған индукциялық ілмектермен, жарықтық және дыбыстық ақпараттандырғыштармен, сондай-ақ Брайль қарпімен көрсетілген учаске сызбаларымен жабдықталған.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью