Inform.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, ауа сапасына жүргізілген мониторинг барысында күкірт диоксиді мен күкіртсутек бойынша рұқсат етілген шектен асу фактісі тіркелді.
Күкірт диоксиді нормадан 2,078 есе, күкіртсутек 1,5 есе артқан. Сондай-ақ көміртегі тотығының концентрациясы 1,025 есе асып кеткен.
– 27 ақпанда да қалада қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптаспақ. Соған байланысты ауаның ластану деңгейі жоғары болады деп күтіледі, – делінген хабарламада.
Бұл жолы ҚМЖ-ның бірінші дәрежесі жарияланып отыр. Яғни толық тынық болмай, аздаған жел соғады.
Ауаға тарайтын күкірт диоксиді мен күкіртсутек көрсеткіштерінің жоғарылауы тұрғындарды алаңдатып отыр. Олар Өскеменнің атмосфералық ауасын ластайтын негізгі компоненттердің қатарына жатады.
– Ауада газдың иісі анық сезіліп, ауызға темірдің дәмі келеді. Балалар үшін алаңдаймыз. Бүгін оқушылардың аязға байланысты үйде отырғандары жақсы болды, – дейді қала тұрғыны Марина Балкина.
Экологтар ҚМЖ кезінде кәсіпорындарға бақылау күшейтіліп, ондағы өндіріс қуатын азайту жөнінде ұсынымдар берілетінін жеткізді. Алайда жел мен жауын-шашын болмаған жағдайда тіпті қысқа мерзімді шығарындылардың өзі ауа сапасына елеулі әсер етуі мүмкін.
Еске салсақ, осыған дейін Риддердегі кәсіпорында экологиялық талаптарды бұзудың 5 фактісі анықталғаны хабарланған.