Өскеменде көлік ең көп жүретін қиылыста айналма жол іске қосылды

22.02.2026

Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..

Бұл жол айрығы құрылысының басталуына байланысты туындаған уақытша өзгеріс. Жобаға сәйкес, мұнда екінші деңгейлі жол болады. Ол Сәтбаев пен Есенберлин даңғылдарын байланыстырады.

Айналмалы қозғалыс енгізілгеннен кейін құрылысшылар болашақ жол айрығының екінші деңгейін ұстап тұратын тіректерді орната бастайды. Барлығы 15 тірек болмақ.

– Жүргізушілерден орнатылған жол белгілері талаптарын сақтауды сұраймыз. Соған сәйкес, айналма жол ішінде сағатына 30 шақырым жылдамдықпен жүру керек. Ертіс көпірімен Сәтбаев даңғылына қарай келе жатқанда Жібек жолы көшесіне қарай түсуге мүмкіндік беретін оң жақ қосымша бұрылыс ашылған. Дәл осындай бұрылыс жолдар Сәтбаев даңғылынан Базовая көшесіне, Жібек жолы көшесінен Сәтбаев даңғылына түсуге мүмкіндік береді, - дейді Өскемен қалалық ПБ патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Бейбіт Мусаканов. 

Таңертең және кешке көлік ағыны көп болған кезде Сәтбаев пен Есенберлин даңғылдарында бағдаршам қосылады. Полиция қызметкерлері сол жерде бақылау және халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қателік жіберген жүргізушілерге бірден айыппұл салынбай, әзірге ескерту жасалады.

Еске салсақ, бұған дейін Шымкентте транзиттік бағыттағы сапасыз жол мен кептеліс тұрғындардың ашуын туғызғаны хабарланған. 

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
Читать полностью