24.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Елде алдағы бес жылда реабилитологтардың тапшылығы қысқарады.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің сарапшылары мәлімдеді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында жыл сайын 11 мыңнан аса адам оңалту көмегіне мұқтаж.
Емдеудің жаңа әдістерін енгізу үшін өңірге білікті мамандар мен заманауи медициналық жабдықтар қажет. Осыған байланысты медициналық университеттерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша білім гранттары үш есе артады.
Өскемендегі реабилитологтар жаңа медициналық жабдықтарды сынақтан өткізіп жатыр. Бұл – нүктелі әсер ететін физиотерапиялық аппараттар. Олар жараға тікелей ықпал етіп, жазылу мерзімін 15 есеге дейін қысқартады. Мамандардың біліктілігін арттыру аса маңызды. Себебі реабилитациялық орталықтардағы жұмыс жүктемесі жоғары. Егер 2018 жылы мұнда 3 мыңға жуық науқас ем қабылдаса, қазір бұл көрсеткіш екі есе артқан.
Тимур Тортаев, Оңалту орталығының бас дәрігері:
- Жоғары технологиялық операцияларды қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. Ал оңалту көмегіне сұраныс бірнеше есе жоғары. Сондықтан мұндай орталықтар барлық өңірде қажет деп санаймын.
Ел бойынша 570 мыңнан аса адам күрделі неврологиялық аурулардан кейін оңалту шараларынан өтіп жатыр. Өңірлердегі реабилитациялық орталықтар шамадан тыс жүктелген. Былтыр Шығыс Қазақстан облысының реабилитациялық орталығында 5 мыңнан астам науқас ем қабылдады. Қазір оңалтуға мұқтаж адамдар саны 12 мыңнан асады.
Айжан Майданова, қала тұрғыны:
- Қолым істемей қалды. Міне, төрт күн болды, дәрігер өте жақсы, мед қызметкерлер өте жақсы қарады. Көбірек болуы керек. Бәріміз адамбыз, ауырамыз, бізге көмектесетін осындай орталықтар болсын.
Мұнда әр науқаспен жеке жұмыс жүргізіледі. Сол себепті реабилитолог-дәрігерлерге сұраныс жоғары. Кадр тапшылығын азайту үшін Денсаулық сақтау министрлігі ең қажет мамандықтар бойынша білім гранттарының санын үш есе арттыруды жоспарлап отыр.
Әмина Сейданова, Астана қаласының Бас штаттан тыс реабилитологы:
- Қазір оңалту саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Оны халықаралық стандарттарға сәйкес жоғары деңгейге жеткізу үшін шамамен 5-10 жыл қажет.
Реабилитациялық медицина – күрделі сала. Бұл бағытта дәл диагноз қою, жүйелі ем жүргізу және науқасқа психологиялық қолдау көрсету маңызды. Сондықтан реабилитолог-дәрігерлер халықаралық тәжірибеге сай білімін үнемі жетілдіріп отыруы қажет.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин, Жігер Бабақанов