Өскеменді қалың қар басты

06.01.2026

24.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..

Қаланың коммуналдық қызметтері қарды шығарып үлгере алмай жатыр. 

Себебі техника жеткіліксіз. Қазір қаланың орталық бөлігі күреліп жатыр. Ал шеткі аудандарды қалың қар басты. Сондықтан жергілікті атқарушы билік қосымша техника жалдауға мәжбүр. Арнайы техникасы бар кәсіпкерлермен келісім шарт жасалып, олар қар қалың түсетін аймақтарға жіберілді.

Өскеменде сегіз жүз шақырым автокөлік жолын қардан тазарту қажет. Алайда қаланың коммуналдық қызметтері мұндай ауқымға толық дайын емес. Қар қалың жауған кезде бірнеше ауысымда жұмыс істеуге тура келеді. Қазіргі таңда 500 шаршы метрден астам аумаққа 75 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Жұмысты сапалы әрі уақтылы атқаруға бұл жеткіліксіз. Сондықтан жеке кәсіпкерлер көмекке тартылды. Олар күрделі аймақтарды қардан тазалайды, қазіргі таңда 20 бірлік техника жұмысқа қосылған.

Владимир Грицай, облыстық Қоғамдық кеңесі жанындағы ТҮКШ мәселелері жөніндегі комитет төрағасы:

- «Бүгін мүмкіндік жоқ, ертеңге дейін күте тұрыңдар» деген құр уәдемен мәселе шешілмейді. Нақты іске кірісу қажет. Қаланы қар басып қалды. Бұл шешімді қолдаймын. Қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану керек.

Қазір қар тазалау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қаланың ең алыс аудандарына 17 жүк тиегіш бекітілді. Жұмыстың ауқымы да нақты айқындалды.

Ержан Ибраев, қалалық ТҮКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

- Жеке келісімшарт негізінде 20-дан астам арнайы техника бірлігі тартылды. Қар үйінділері жиі жиналатын Шмелёв Лог аумағында, 19, 20, 21, 25-шағын аудандарда, сондай-ақ Самсоновка шағын ауданында қар тазалау жұмыстары күн сайын жүргізілуі тиіс. Бұған дейін мұндай жұмыстарды күнделікті атқаруға мүмкіндік болмаған. Ал жасалған келісімшарт арқылы бұл мәселе толық шешімін тапты.

Өскемен қаласының коммуналдық қызметі алдағы уақытта кемінде 60 арнайы техникамен толығады. Бұл көліктер Мемлекеттік мүлік комитетінде банктік кепілде тұрған және тәркіленген активтер санатына жатады. Дегенмен арнайы техниканың тапшылығы толық шешілмейді. Қаңтар айында бюджет қаражаты есебінен 29 қар тазалайтын машина сатып алу жоспарланған. Қарлы өңірде арнайы техникаға сұраныс жоғары.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
Читать полностью