Отан алдындағы борышын абыроймен өтеген жастарға ҰБТ сыз оқуға түсу қарастырылған

25.01.2026

24.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырмай мемлекеттік грант ұтып, университетке оқуға түсу.

Әскерге барып, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келген жастарға осындай жеңілдік қарастырылған. Кейінгі 3 жылда мұндай мүмкіндікті 9 мыңға жуық сарбаз сәтті пайдаланған. Ал былтыр мерзімді борышын өтеп келген 3 мыңнан астам жауынгер өздері қалаған университеттерде білім алуда.

Әділ Қайыржан ел тыныштығын кірпік қақпай күзеткендердің бірі. Ол 2023 жылы ҰБТ-ны сәтті тапсырып, грантқа оқуға түсе тұра Отан алдындағы борышын өтеуге бел буады. Осылайша университеттен 1 жылдық демалыс алып, әскерге аттанған екен.

Әділ Қайыржан, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті:

- 18-ге толамын, келесі күні военкоматқа барып сөйлесемін. Қазір оқуда едім, сол оқудан шығып әскерге барып келуге бола ма деп. Иә, болады деді. Егер мүмкіндік болса сол жақтан тағы бір грант ұтып алуға болады деді. Щучинск гарнизонында служить еттім. Әуе шабуылына қарсы күштер. 2023 жылдың күзінде.

Әскерде жүріп Әділ өзге жоғары оқу орнына грант ұтып алған екен. Қазір сол мүмкіндігін қалт жібермей Еуразия ұлттық университетінде IT мамандығын меңгеріп жатыр. Оқытушылардың сөзінше, мектептен кейін университетке түскен жастар мен әскерден келгендердің арасындағы айырмашылық бірден байқалады.

Розамгүл Ниязова, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ЖИ технологиялары кафедрасының қауымдастырылған профессоры:

- Әскерден келген студенттердің мектеп бітіріп келген студенттерден айырмашылықтары болады. Айтатын болсақ, топпен жұмыс жасай білу және қызығушылқтары жоғары болады. Жауапкершілігі, тәртібі жағынан өте жақсы болып келеді осы әскерден келген студенттер.

Негізі жастардың Отан алдындағы борышын өтеп келіп, қалаған оқу орнына түсуге «Sarbaz 2.0» бағдарламасы сеп болып отыр. Бұл цифрлық платформа қызмет кезінде автоматты түрде әскерилердің рейтингін қалыптастырып, университет таңдау мүмкіндігін ұсынады.

Асқар Мұстабеков, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

-  ҰБТ бекітуінсіз мемлекеттік грантқа, ЖОО-на түсуге мүмкіндіктері бар. Қазіргі таңда 9 мыңнан астам қызметін атқарып өткен әскери мерзімді қызметкерлер ЖОО-на өздерінің оқуларын жалғастырып жатыр.

Әскерде қызмет атқару мерзімді қызметкерлердің тек қана өзінің Конституциялық міндетін ғана атқармай, өзіне бір бағытта мамандық алып шығу мүмкіндігі туып отыр. 1 жылдың ішінде бұлар жүргізуші куәлігін алады.

Атап айтқанда, жастар арнайы техникаларды жүргізіп үйренеді. Ұшқышсыз басқарылатын аппараттардың қыр-сырын меңгереді. Бұл білімдерін кейін азаматтық өмірде де пайдалана алады. Жалпы айта кету керек, былтыр мерзімді борышын өтеп келген 3 мыңнан астам сарбаз ҰБТ тапсырмай университетке грантқа түсіп, білім алып жатыр. 

Риат Шони, Досбол Байдильдин

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
Читать полностью